• RUB:
    5.39
  • USD:
    479.83
  • EUR:
    528.82
Басты сайтқа өту
Өнер 06 Наурыз, 2024

Ұлытау театрының маңдайалды актері

168 рет
көрсетілді

Өнерге әркім әрқалай жол­­мен келеді. Біреу жас­­тайынан арман етеді, енді біріне туған-туыс, нағашы-жұ­ра­­ғаттың ық­палы тиіп жа­тады. Ал Қа­зақстанның ха­лық әртісі, белгілі театр және кино ак­тері Досжан Жан­­бо­таев­тың жөні бө­лек. Ол еш­қашан актер бо­­ламын деп ойлаған да емес.

Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық драма театрының актері Досжан Әбді­рәлімұлы Жанботаев 1949 жылы Алматы облысы Нарынқол (қа­зіргі Райымбек) ауданының Жа­лаулы аулында дүниеге келді. Жалаулы өркениеттен алыстау қалған қарапайым ғана қазақы ауыл болатын. Негізінен мал ша­руашылығымен айналысатын. Досжан да ауылдың көп қара­домалақтарының бірі болып өсіп жатты. Бірақ...

Ересектердің әңгімелерінен Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов тәрізді тарландар туралы ел арасына аңыздай тарап кеткен әңгімелерді құлағы шалып қалатын. «Олар ит болып үріп, қасқырша ұлығанда, қой болып маңырап, сиыр секілді мө­ңірегенде ешкім ажырата алмай қалады екен», «Бала кездерінде олай істепті, бұлай істепті» деген тәрізді сөздер санасына бір­тіндеп сіңіп жатты ма екен, бұл да кейде солай жасап көрмекке әрекеттенетін.

Анасы жарықтық сауыншы болды. Сол кездегі тәртіп бойын­ша әр сауыншыға ақ халат беріледі. Бірақ кім сиырды халат киіп сауушы еді? Комиссия келіп қалғанда керек болатындықтан, үйде ілулі тұратын.

Сауыншылар сауыннан қайт­қанда бір шелек, жарты шелек сүт ала қайтады. Мұны Досжан бала болса да жақсы біледі.

Сауын мен ауыл орталығының арасында ескілікті қорым бар еді. Үстіне ақ халатты киіп алды да, қо­рымның ішіне жасырынып жатты. Сауыншылар, ішінде өз шешесі де бар, қорымның тұ­сынан өте бергенде «Ей, ұят­сыз немелер! Күн сайын сүт ұр­лап неге күнәкар болып жүр­сіңдер?» деп шыға келгенде, бәрі тым-тырақай қаша жөнеледі. Шелектегі сүттері аймандай болып жерге ақтарылды. «Шайтан, шайтан» деп айқайлап алды-артына қарамай қашып бара жатқан әйел­дерді, әсіресе анасын аяп кетті. «Қорықпаңыздар, бұл мен – Дос­жан ғой» десе де ешқайсысы мойын бұрып қарағысы жоқ, одан сайын жанұшыра жүгіреді. Сол күнгі оқиға көпке дейін ауылды дүрліктірді. Анасы «ешқандай да шайтан емес, менің істеп жүр­генім ғой» дегеніне ешқашан сенбеді.

Бала кезіндегі мұндай «әртіс­тік» қылықтар толып жатыр. Бір­ақ мұны өнер деуге келе қой­майды. Дегенмен «тақыр жерге тал өспейді» демекші, бойында бірдеңенің ұшқыны болғаны ғой. Сол ұшқын жылдар өте келе жалынға ұласатынын бала Дос­жан, әрине, білген жоқ.

Мектеп бітірген соң, жоғары оқу орнына түсу, мамандық алу – әр баланың арманы. Досжан да Алматыға барған. Аялдамада тұрып әлдебір жарнамаға көзі түсіп кетті. Әртіс болуға оқы­та­тын жарнама екен. Барды, талаптарына сай келді, қабылданды. Сөйтіп, Мәскеудегі М.С.Щепкин атындағы Жоғары театр учили­щесінде оқитын болды. Өзі театр оқуына түскеніне емес, Мәскеуде оқитынына мәз болды. Ауылдағы «авторитеті» бір-ақ күнде аспандап шыға келді. Училище деген аты болмаса, ескіден келе жатқан өнер ордасы екен. Небір майталмандардан дәріс тыңдады, сабақ алды.

1972 жылы училищені бітірген 17 жас бірден Торғай облысына топ ете қалды. Өйткені облыстық пар­тия комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков училищеге барып, олардың аяқ алыстарын байқап көрді, көңілінен шықты. Сөйтті де, топтың жұбын жазбаған қалпы Арқалыққа алып барып, Торғай облыстық музыкалық драма театрын ашты. Сол 17-нің бәрі дерлік әлі күнге дейін театрда жүр. Олардың арасынан бір халық әртісі, 13 еңбек сіңірген әртіс атан­ғандар шықты. Танымал ре­жиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, марқұм Жанат Хаджиев те осы топтың арасынан шыққан еді.

Торғай театры өз шымыл­дығын «Айман – Шолпан» драма­лық комедиясымен ашты. Осы пьеса туралы Уикипедияны парақтап көрсеңіз, «Көп қойылымдарда кө­мескі болып жүрген Жарас бей­несі торғайлықтардың сахнасында шынайы түрде шықты» деп баға берілгенін байқар едіңіз. Ал Жарасты сомдаған Досжан Жанботаев болатын.

«Театрдың ашылу салтанатына өнердің ірі-ірі майталмандары келді. Серке Қожамқұлов әкеміз премьерадан соң сөйлеген сөзінде «Бұған дейін талайын көріп едім, бірақ нағыз Жарасты бүгін ғана көрдім» дегенде тө­бем көкке жетті. Қазақ театр өнері корифейінен мұндай мақ­тау сөз есту деген түсіме кіріп пе екен? Содан асқақтап, шал­қақ­тап кетсем керек. Қазіргі тіл­мен айтқанда, «жұлдыз ауруына» ұшырағанмын ғой. Менің мұнымды Өз-ағаң, Өзбекәлі Жә­нібеков ағамыз байқап қалса керек, бір күні кездесіп қалғанда: «Досжан, басың – алтын, басқа жеріңнің бәрі күміс болса да, көкте қалықтай бермей, жерге түс», деді. Осы сөз маған өмір­лік сабақ болды. Содан кейін қан­шама мақтау, мадақ есті­сем де, атақ иеленсем де қара­пайым қалпымды сақтап қалуға ұмтылатын болдым», деп еске алады Досекең ең алғашқы сом­даған кейіпкері хақында.

Сол Өз-ағаң кейін жылдар өте келе жазған кітабының бір тұ­сында: «Маған Жанботаевтың ойнындағы оның сахнада аяқ астынан шешім қабылдай қоя­тыны қатты ұнайтын», деп жазыпты. Керемет баға емес пе?

Доскең Өз-ағаң туралы таң­ды таңға ұрып әңгіме айтуға бар. Өйткені Обком хатшысы еке­­ніне қарамастан әрбір қойы­лым­ның репетициясына дейін келіп көріп, қадағалап жүре­тін Өзбекәлі Жәнібековтің ақыл-ке­ңес­тері керемет болатын. Аң­ға­рымпаздығын, байқампаздығын айтсаңызшы?

Бірде репетиция кезінде: «Досжан, бері келші, сенің ыш­қырбауың қалай байланған өзі?» деді. Қасына барғанында баудың бір ұшын тартып жібер­генде, түйінделді де қалды. Қайта шеше алсашы әлгі шіркінді.

«Көрдің бе? Сен дұрыс байла­ма­ғансың. Ал нағыз қазақ бау­ды күрмеп байлайды, – деген Өз-ағаңның, – сендерді ел көреді, біреу болмаса біреудің назары түссе, «ышқырбауларын дұ­рыстап байлай алмай жүріп актер болмақ түрлерін қара» деп күледі» деген ақылы әлі жадында. Немесе бір рөлді сомдағанда «Сен бүгін сахнаға шыққан соң, бес минуттай босқа жүріп алдың, содан соң ғана образға еніп кеттің», дегені ше. Ұстаздық деген осындай болмай ма?

Досжан Жанботаев – дарынды актер, сахнаның шынайы шебері. Ол тынымсыз ізденіс, кәсіби шеберлікті шыңдаудағы қажырлы еңбегі нәтижесінде 50-ден астам образды сомдап, қайталанбас бейнелердің галереясын жасады. Актер өзі сом­даған әрбір кейіпкердің ішкі жан дүниесін, сезім иірімдерін өзгешелікпен бейнелеуге үлкен мән береді және оны өзгеге ұқсамас өзіндік қолтаңбамен көрермен назарына ұсына біледі. Сондықтан да оның сомдаған классикалық және қазіргі заманғы драмалық туындылардағы образдары көрермендер мен театр сыншылары тарапынан жоғары бағасын алды. Әсіресе ол сомдаган А.Штейннің «Толасындағы» – Ленин, Ш.Мұртазаның «Ста­линге хатындағы» – Ста­лин, К.Әбдрахманның «Кетбұқа­сын­дағы» – Шыңғысхан, У.Шекс­пирдің «Гамлетіндегі» – Клав­дий, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көр­пеш – Баян сұлуындағы» – Қарабай, Қ.Ысқақовтың «Таңғы жаңғырығындағы» – Жарасбай, К.Ахметовтің «Ерте ояндым, ой­ландым...» және «Қанда бар ғой, қанда...» спектакльдеріндегі Жиренше мен Байсал қарт, басқа да кесек-кесек тұлғалар – актер талантының сан қырлылығын танытқан образдар. Ал «Айман – Шолпандағы» Жарас туралы Серке Қожамқұловтың берген бағасы белгілі.

Торғай театрына кейін С.Қо­жамқұловтың есімі берілді. 1988 жылы Торғай облысы та­ратылғанда, театр тайлы-тұяғы қалмастан Жезқазған қаласына қоныс аударды.Театрдың халық­аралық, республикалық фестивальдарда алған жүлделерінде Досжан Жанботаевтың актер ретінде қосқан үлесі мол. Мәселен, ол 1986 жылы республикалық театр фестивалінде қойылған С.Балға­баевтың «Ең әдемі келін­шек», 1998 жылғы фестивальдағы М.Әуезовтің «Қаракөз» спек­такльдеріндегі сомдаған рөлдері үшін «Ең үздік эпизодтық ер адам бейнесі» аталымдарында топ жарды.

Театрдың өркендеуіне, ұлт­тық сахна өнерінің дамуына қосқан зор үлесі үшін ол 1977 жылы КСРО Мәдениет министрі, КСРО Жазушылар одағы және мәдениет қызметкерлері кәсіп­одағы орталық комитетінің дип­ломдарымен марапатталды. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Кеңес заманында өнер адамдарының кеудесіне орден тағылуы ілуде бір кездесетін еді. Досжан сондай құрметке ие болған санау­лы актердің бірі болды. 1982 жылы «Қазақ Республикасына еңбегі сіңген әртіс», 1992 жылы «Қазақстанның халық әртісі», 2008 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды. 2023 жылы Досжан Жанботаевқа Ұлытау облысының Құрметті азаматы атағы берілді.

«Актер боламын деп ойла­мағанымды айттым ғой. Тағдыр мені осы өнерге алып келді. Енді мына ғажапты қараңыз, кешегі күнге дейін Қарағанды облысындағы «Халық әртісі» атағы бар жалғыз актер мен болдым. 2022 жылы Ұлытау облысы құрылған соң Қарағандыда мұндай атағы бар ешкім қалмады. Ел Президенті «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайтадан орнына келтіріп дұрыс істеді, өнер өзінің лайықты бағасын алуға тиіс», дейді сахна саңлағы.

Ол театрда ғана емес, кино саласында да бірнеше бейнені кемеліне келтіріп, сәтті ойнап шықты. Олардың арасында «Абай» фильміндегі – Оразбай, «Жамбыл – жаңа дәуірдегі» – Жамбыл, «Әулеттегі» – Қаршыға және тағы да басқа бейнелер бар.

Актер боламын деп ойламаған әртіс кейін шаңырағының актерлер ордасына айналатынын да ешқашан білмегені рас. Зайыбы Райхан Ибраевамен М.С.Щепкин атындағы училищеде бірге оқы­ды, отау құрды. Райхан Жұма­байқызы да талантты актри­салардың бірі. Ол сомдаған «Қоб­ландыдағы» – Құртқа, «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» – Баян, «Ромео – Джульетадағы»  Джульета және басқа да образ­дар шынайылығымен кө­рер­мен көңілінің төрінде қалды. Р.Ибраева Қазақстан Респуб­ликасының Құрмет грамотасымен және Құрмет орденімен марапатталды. Бұл, әрине, оның театр саласындағы жемісті еңбегіне берілген лайықты баға екені сөзсіз.

Ал ұлы Теміржан Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітірді. Ол да театр фестивалінде екі мәрте жүлдегер атанды. Театр­да ғана емес, бірнеше фильм­де де бағын сынады. Қызы Ми­руана әу баста заңгер болуды қалаған. Бірақ бойындағы талант, өнерге деген құштарлық өз дегеніне бағындырмай қоймайды екен. Ол Қырғызстан Өнер ака­демиясының режиссерлік фа­культетін бітірді. Мируана сах­налаған «Шырақ», «Тәтелер», «Екі дүние ортасындағы мейман­хана» спектакльдері театр сала­сының олжалы дүниелерінің қатарынан орын алды.

Немересі Темірланның төр­тін­ші сыныпта оқып жүрген ке­зінде киноға түсіп, Ялтада өт­кен кинофестивальда «Періште» фильміндегі ол ойнаған рөл «Үз­дік ер адам рөлі» деп баға­ланды.Ол қазір де киноактер ре­тінде бірнеше фильмге түсіп үлгерді.

Алматының, Астананың театр­­лары бізге келіңіз деп қол­­қалаған. Бірақ ол актерлік жолын бастаған, жетпіс жыл ғұ­мы­­рының жарты ғасырдан астамы қазанында қайнап келе жат­қан өзіне тым ыстық көрінетін Серке театрын қиып кете алмады. С.Қожамқұлов атындағы Музыкалық драма театрын өнер­танушылар «Шалғайдағы емес, маңдайдағы театр» деп те атайды. Ал ешқашан актер боламын деп ойлап көрмеген Досжан Жанботаев – осы «маңдайдағы театрдың» маңдайалды актері, ел ағасы.