Көктемнің шуақты мерекесі де өзінің сән-салтанатымен келіп қалды. Нәзікжандылардың бір мезгіл құшағы гүлге, жаны нұрға бөленеді. Күні кеше аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев сан салада еңбек етіп жүрген әйелдер қауымымен кездесіп, ашық әңгіме өрбітті. Халықаралық Әйелдер күніне орай өткен мерекелік жиында облыс әкімі көпбалалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» тақты.
Шуақты мерекенің құрметіне орай Президент Жарлығымен аймағымыздағы 8 көпбалалы ана «Алтын алқа», 39 ана «Күміс алқа» иегері атанып отыр. Бұл басқосуда аймақ басшысының қолынан «Алтын алқаны» алу бақыты Закира Мұқымбекқызы мен Ғалия Қашаубаеваға бұйырды. Ал «Күміс алқамен» Светлана Жұмаділова мен Венера Кентаева марапатталды.
Аймақ басшысы Президент жолдаған құттықтаухатты филология ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері Нұрсұлу Букетоваға табыстады. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының аға оқытушысы, әлеуметтану магистрі, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі Татьяна Резвушкинаны Ұлттық комиссияның Алғысхатымен марапаттады.
– Аналардың мерекесі – өмірдегі ең ізгі мерекенің бірі. Себебі ана – әрбір адам үшін ең аяулы, ең ардақты жан. Дүниеде анадан қымбат, анадан асыл жан жоқ. Бар жылуын бала тәрбиесіне арнайтын да, отбасылық дәстүрді сақтайтын да аяулы аналарымыз бен асыл әжелеріміз. Сондықтан аналар мерекесі – біздің барлығымыз үлкен қуанышпен қарсы алатын жақсы бір мерекеміз. Болашағын ойлаған ел, ең алдымен, әйелдерге құрмет көрсетеді. Бұл – өмірдің бұлжымас заңы, – деді өзінің құттықтау сөзінде Е.Қабдулаұлы.
Мемлекеттік марапаттарды табыстаған соң әкім жиынға қатысушы жандармен ашық әңгімелесті. Президенттің құттықтауын алған профессор Нұрсұлу Букетова алғыс білдіріп, әйелдердің қоғамдағы орны мен беделі жөнінде сөз қозғай өтті.
Балқаш қаласы Аналар кеңесінің төрағасы Альмира Мусина бала тәрбиесі туралы айтса, бес баланың анасы, оның ішінде үш қызы спорт шеберлігіне үміткер Мария Оспанова отбасы құндылығы жөнінде әңгімеледі.
«Batyl Jurek» қоғамдық қорының Саран қаласындағы филиалының басшысы Бибігүл Стецко қордың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
Қазақстанның жүзу спорты бойынша еңбек сіңірген жаттықтырушы Евгения Владимировна қазіргі уақытта параспортшыларды дайындап жатыр. Былтыр Азия ойынынан жүлделі орын алған Роман Потаповты жаттықтырған. Жүзу спортына көрсетіліп жүрген мемлекет қамқорлығына ризашылығын жеткізді.
Қарқаралыдағы «Арман» шаруа қожалығының басшысы, кәсіпкер Наталья Александровна да жиында сөз алды. Мемлекеттік тілде еркін көсілген бес баланың анасы ауыл тіршілігіндегі ананың атқарар рөлін сөз етті.
Елу жылға жуық Осакаров аудандық ауруханасында дермато-венерологиялық кабинетінің медбикесі болып қызмет еткен Раиса Ильваниди ауыл медицинасына айрықша назар аударылғанын айтып, алғысын білдірді. Қарағанды университеті морфология кафедрасының профессоры Майда Түсіпбекова да медицина төңірегінде сөз қозғады.
«Тазалық Эксперт» ЖШС қызметкері Дидар Әбдікәрімова да мерекелік кездесуге шақырту алғанына алғысын білдіріп, «көше тазалығымен қоғам болып күресуіміз қажет», деді.
Шет ауданы Жоғарғы Қайрақтыға қарасты Майбас қыстағында жолдасына қолғабыс етіп, трактор айдап, шөп шабатын Арайлым Байдашова шаруашылықтарының алдағы жоспарларын айтып берді.
Мерекелік кездесу соңында Осакаров аудандық мәдени-демалыс орталығының музыкалық жетекшісі Анаргүл Наурызхан «Абзал ана» әнін шырқады. Жаны жадыраған меймандар Кеншілер сарайында өтетін мерекелік концертке жол тартты.