Нұра ауданында «nura agroforum-2024» атты ауылшаруашылық форумы ұйымдастырылды. Алқалы басқосуды алғаш Нұра ауданының өткізетін жөні де бар. Өйткені, ауылшаруашылық саласындағы көрсеткіштерінің көші ілгері. Сонымен бұл басқосуға облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов, аудан әкімі Бақытжан Мұқанов, «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Еркінбек Әбдіханов, бірқатар облыстағы басқарма өкілдері мен «Қазсушар» РМК, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК секілді іргелі ұйымдардың өңірдегі филиал басшылары, фермерлер қатысты.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин өзінің баяндамасын өткен жылы өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніне 26,2 млрд теңге инвестицияланғанынан бастады. Бұл қаржының бір парасы ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға бағытталып жатқанын атап өтті. 15,8 млрд қаржыға 931 түрлі техника сатып алынған. Қазіргі уақытта аймағымызда 12 мыңға жуық доңғалақты және шынжыр табанды трактор, мың жарымға жуық астық, картоп және жемшөп жинайтын комбайн бар.
Мұнымен қоса, өткен жылы 10 млрд теңгеге жоспарланған 28 жоба іске қосылып, 200-ге жуық жұмыс орны құрылды. Оның ішіндегі жеті жоба осы Нұра ауданында жүзеге асқанын атап өтуіміз керек. «Ақтайлақ», «Ғибрат», «Құлтума» шаруа қожалықтары тұқымды асылдандыруға 56 жылқы сатып алды.
«TASS 2004» ЖШС 312 гектар суармалы жер қалпына келтіруде. «Черниговский и К» ЖШС-да құны 75 млн теңге болатын астық тазалайтын машина сатып алынып, орнатылды. Дәл осындай астық құрылғысын «Құланөтпес» ЖШС-да орнатқан. Бұдан басқа, мұнда астық қоймаларын қайта жаңарту жүргізілуде. Сондай-ақ «Карин А» ЖШС ұн тарту кәсіпорнын ашты.
– Ауыл халқының табысын арттыру жобасы аясында былтыр 3,4 млрд теңгеге 456 шағын несие берілді. Мұндағы 62 несиені ауыл шаруашылығы кооперативтері мен 394 жеке шаруа қожалығы алды. Нәтижесінде, 580-ге жуық жұмыс орны ашылды. Нұра ауданы бойынша 375,9 млн теңгеге 35 шағын несие берілді, – деді Саят Мусин.
Басқарма басшысы ауыл шаруашылығы құрылымдарының алдында тұрған міндеттерді де атап өтті. Енді, осы саладағы өнім өндіру көлемін 563 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ірі қара мен жылқы, құсты көбейтуге ниетті шаруалар.
Атап айтқанда, ет өндірісі – 124,2 мың тоннаға дейін, сүт – 447,4 мың тоннаға дейін, жұмыртқа – 736,4 млн данаға дейін өсіруді міндеттеп отыр. Өсімдік шаруашылығы бойынша да өсім ұлғаяды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 600 мың гектарға 71,5 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізіледі. Яғни егіс алқабының жартысына жуығына. Бұл ретте көктемгі егіс жұмыстарына 17,4 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Биыл екі оператормен келісім жасалды. «Retail Trade Oil» ЖШС және «Мұнай-компания» ЖШС. Олар ақпан айынан бастап, Қарағанды мен Осакаровкадағы мұнай базаларынан дизель отыны литрін 245 теңгеге сатып жатыр.
Биыл 43,6 млрд теңгеге 27 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда бар.
– «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны іске асыру жалғасады. Бұған биыл 7 млрд теңге қаржы қарастырылған. 880 шағын несие беріледі. Бұл дегеніміз, ауылда 930-дан аса жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Осы міндеттердің барлығы Мемлекет басшысының 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау жөніндегі Жол картасына енгізілген. Қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін әлеует бар, оларды барынша пайдаланамыз деп отырмыз, – деп баяндамасын қорытындылады Саят Мусин.
Бұған қоса, алқалы басқосуда ауыл шаруашылығына қатысты маңызды мәселелер пысықталды. Көктемгі егіс науқанына дайындық, астық алқабын құнарландыру, жемшөп жинау жөнінде өрбіді. Ауыл шаруашылығы ұйымдарының басшылары фермерлердің мәселелерін тыңдап, ашық пікір алмасты. Бастысы, ауыл табысы артпақ. Ауыл байыса, ел экономикасы еңсе тіктейді.
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы