Өнер – шекара талғамайтын киелі ұғым. Нәркес жанымен, сексеуілдің бұтасындай берік рухымен қазақтың халық әндері шетел тыңдармандарының назарын аударып келеді.
АҚШ-тың Колумбия университетінде қазақ музыкасының кеші өтті. Іс-шараны ұйымдастыруға университеттің аға оқытушысы Кнар Абрахамян мұрындық болған. Қазақ халық әндерін бес жылдан бері зерттеп жүрген жас ғалымның айтуынша, халық әндері әлі күнге кеңестік нұсқада орындалып жүр. Кнар ханым Үкілі Ыбырайдың «Гәккуінің» бастапқы түпнұсқасын көрерменге таныстырып, ырғағы мен әуезінің өзгешелігін айтты.
– Халық кең танылған әндердің көбіне кеңестік опералық нұсқаларын біледі. Бірақ өкінішке қарай, әндердің бастапқы күйінен қалай өзгергенін білмейді. Әрине, этнографиялық кітаптар болғанымен, шын мәнінде, бұл тақырып игерілмей жатыр. Сондықтан көмескіленген толық нұсқасын жаңғыртып, таныстырса, мәдени жадқа жақсы болар еді. Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан музыкасын кеңестік идеология бұрмалағанын бұдан бұрын батыста мүлдем қарастырмаған, – дейді зерттеуші Кнар Абрахамян.
Мәдени кешке жиналған америкалықтардың көбі қазақ домбырасының күмбірлеген қоңыр үнін алғаш рет естіп, таңдай қағысқан. Харриман институтының директоры, Валентина Измирлиева өз сөзінде:
– Домбыра үнін бұған дейін ешқашан естіген емеспін. Бұл өте керемет екен. Мен музыкалық әралуандықты жақсы көремін. Кеңес одағының елдің ұлттық музыкасын бұрмалағанын, оны қазақ халқына қарсы қару ретінде қолданғанын естіп, көңіліміз түсті. Дегенмен қазір ғалымдардың осы үрдісті өзгертіп, музыканың шынайы мәнін қайтадан ашып жатқанына өте қуаныштымын, – деп ақжарма пікірін білдірді.
Айта кетейік, Колумбия университетінің посткеңестік кеңістікті зерттейтін Харриман институты қазақ мәдениетін тануға байланысты тек ғылыми еңбектермен ғана шектелмеген. Онда қазақ тарихы мен саясатынан дәрістер беріліп, қазақ тілін үйрететін курс ашу жоспарланып отыр.