Наурыз – ата-бабадан мирас болып жеткен ұлық мерекенің бірегейі. Көне парсы тілінде «Жаңа күн» мағынасын беретін айтулы мейрам еліміздің ынтымағы мен бірлігінің айғағы іспетті. Ұлыстың ұлы күні биыл жаңаша сипат алып, көкжиегі кеңейіп отыр.
Осыған орай кеше Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде Наурыз мейрамын атап өтуге қатысты брифинг өтті. Іс-шарада сөз алған Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев ақжолтай хабарды жеткізді.
– Биылдан бастап Мемлекет басшысының ұсынысымен еліміздің барлық өңірінде Наурыз мерекесін жаңа форматта өткізу жоспарланып отыр. Мерекені 14-24 наурыз аралығында өткізу ұсынылды. Наурыздың бірегей логотипі бекітіліп, еліміздің барлық аймағына таралды. Тарихи тұрғыдан алғанда он күнге жалғасатын бұл іс-шара Наурызнама деп аталады. Әрине, ұлық мейрам туралы деректер біздің ұлы философтарымыз Махмұд Қашқари, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Мұхтар Әуезовтің еңбектерінде көрсетіліп жазылған. Ал енді Наурызнамаға келетін болсақ, 14 наурыз – Көрісу күні, амал мерекесі деп те аталады. Бұл еліміздің батыс өңірлерінде сақталған. Бүгінгі күні аталған мерекені барлық аймақтарда тойлау ұсынылды. 15 наурыз – Қайырымдылық күні деп белгіленді. Қоғамға қайырымдылық мәдениетін сіңіріп, жанашырлық пен өзара қолұшын беру құндылықтарын қалыптастыруымыз қажет. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аталып өтеді. Мәдениетіміз бен өнерімізді насихаттауға арналып, республика бойынша түрлі іс-шара ұйымдастырылады. 17 наурыз – Шаңырақ күні деп белгіленді. Отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, бұл кезде өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған іс-шаралар өтеді. Ақсақалдарымыз жас отбасыларға бата береді. 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Еліміздің барлық өңірінде ұлтық киімімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шара жоспарланған. 19 наурыз – Жаңару күні көктемгі ағаш егу дәстүрімен жалғасады. 20 наурыз – Ұлттық спорт күні еліміздің барлық аймақтарында түрлі жарыстар ұйымдастырылады. 21 наурыз – Ынтымақ күні жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттауға арналады. 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңке ұйымдастырылады, киіз үйлер тігіліп, түрлі жәрмеңке ұйымдастырылып, мәдени шаралар өткізіледі, – деді Сәбит Барлыбаев. Сонымен қатар ол 14-23 наурыз аралығында «Наурыз базарлық» маусымы жарияланатынын баян етті. Әртүрлі сауда орнында жаппай сатылымдар, жеңілдіктер қарастырылып, халыққа ыңғайлы сауда ісі ұсынылмақ. Ал Наурызнаманың қорытындысы – 24 наурыз күні Тазару күні деп жарияланып, еліміздің барлық аймағында жалпыұлттық экологиялық акция өткізілмек.
Сонымен қатар Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзин елордада өтетін іс-шаралар туралы айтып өтті.
– Қала әкімдігі елордада Наурыз мейрамының қарсаңында тұрғындар мен қонақтар үшін 200-ге жуық іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. EXPO халықаралық көрме орталығында көшпелі өнер фестивалі өтеді, қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізіліп отыр, 21-22 наурызда сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін Қаламгер монументі және басқа орындарда эстрада жұлдыздарының қатысуымен негізгі мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Сонымен қатар қаланың бес ауданында 30-дан астам мерекелік концерт өтеді, – деді ол.
Осылайша, еліміздің рухани қуатын, ұлттық танымын кеңейтетін бірегей мерекеміз жаңаша аталып өтпек. Бұл – халқымыздың рухани иммунитетіне, сан ғасырлық берік ұлттық кодына оң әсер етері сөзсіз.