• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Наурыз, 2024

Балқаштың бағы жана ма?

256 рет
көрсетілді

«Туризм саласына тың серпін беру үшін алдымен инфра­құ­рылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапа­сын түбегейлі жақсарту қажет. Жалпы, туризмнің бола­ша­ғы зор екеніне кәсіпкерлердің көзі жетуге тиіс», деген еді Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы орайда биыл Балқашта жеті демалыс аймағы салынады. Бұған қарап біз туризмнің тамырына қан жүгірту үшін әлеуеттің де, әре­кет­тің де бар екеніне көз жеткізіп отырмыз.

Жаз шыға Алматы-Екате­рин­­бург тасжолында тыным жоқ. Бұл күре жолдан төбесіне қа­йық қаңтарып алған көлікті көп кез­дес­ті­ресіз. Бәрі Балқашты бет­ке алған. Ел­дің көбі табан күй­­ді­ре­тін құмы мен дертке дауа тұз­ды суын аңсап, ағылады жан-жақ­тан.

Туризмді жетілдіру үшін ин­фра­­­­­­­құрылымның, оның ішін­де жол­­дың сайрап жатқаны аса ма­ңыз­ды. Ұзаққа созылған Қара­­ған­ды – Балқаш тасжолының құры­­лысы да биыл қара күзге, қара­­шаға дейін аяқталады. «Деген­­­мен автобанның бір жақ жола­­ғы ашылып, Балқашқа апаратын жол жақсарды», дейді турис­тер­дің көбі.

Жоғарыда атап өткеніміздей, биыл көл жағасында жеті демалыс аймағы салынады. Мұндағы орын 219 туриске шақталмақ.

– Балқаш – туризмнің ошағы. Өңірі­мізге жан-жақтан, сырт елден туристер ағылады. Қаладағы көл жағажайын көркейту жұмыс­тары әлі де жалғасын тауып жатыр. Туристік мүмкіншілігі артып келеді. Қала экономикасына былтыр құйылган инвес­ти­цияны одан арғы жылмен салыс­тырсақ, 9,2 млрд теңгеге артып, 67,5 млрд теңгеге жеткен. Болжам бо­­йынша биылғы көрсет­кіш­ бұдан да жоғары болып, 69 млрд теңгеге дейін өседі деп жос­­­­парлаудамыз. Былтыр Ақто­ғай­ ауданы аумағының бір бөлігі Бал­қашқа қосылып, ту­ризмді дамытуға жаңа мүмкін­дік­ ашылды. Жаңадан салынатын жеті демалыс аймағының құны 1,450 млрд теңгені құрайды, – дейді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.

Иә, былтыр Ақтоғай ауданына қараған Шұбартүбек, Тораң­ғалық кенті Балқаш қала­сына әкімшілік-аумақтық түрде қосыл­ған еді. Аумағы – 8 744 га. Екеуі де – Балқаш көлінің жағалауында орна­лас­қан, тіршілігі қыз-қыз қай­на­ған туристік аймақ. Мұн­да 20 қо­нақ­үй мен 54 демалыс­ аймағы жұ­мыс істейді. Яғни Тораң­ға­лық­­та – 514 нөмір, Шұбар­тү­бекте 451 нөмір бар. Шаһар басшысы әлі де көл жағасында 120 га бос жер учаскесі бар екенін айтады. Биыл бұл учаскелер аукцион арқылы берілмек. Былтыр жаға­жайды жаңғырту бойынша жұ­мыстар қолға алынған еді. Қала­­дағы жағажайды абаттандыру жұмыстары биыл аяқталмақ. Бұған қоса Тораңғылық пен Шұбар­тү­бек­те су құбырларын салу бойынша жобаның жоба­лау­-сметалық қ­ұ­жат­тамасы әзір. Туристердің қа­уіп­сіздігін де назардан қалыс қал­ды­рып отырған жоқ. Осы мақсатта былтыр Шұбар­­түбек кентінде полиция және төтенше жағдайлар қыз­­­­мет­­кер­лерінің бекеттері қо­йыл­ды. Биыл дәл осындай ны­сан­дар­ды­­ Тораң­ғалық кенті мен «Бертіс» шы­ға­нағы ауданында орна­­туды жос­­парлап отыр. Және бей­не­­­­ба­қы­­лау жүйесін кү­шейтпек.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Балқаш өңірінің көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары басталды. 2022 жылы Балқаш қаласының әуе­жайы коммуналдық меншікке қа­был­данды. Енді оны үш жоба шең­берінде кешенді қайта құру жос­парланып отыр. «Ұшақ жо­ла­ғын (РД-2) және әуежай пер­ро­нын қайта жаңарту», «Әуе­жай ғимаратын қайта құру», «Ар­найы көлік қызметі ғима­ра­­ты­ның құрылысы» секілді жоба­лар­ бар. Өткен жылы Ақша­ғыл кентінде (Рембаза) Көкше теңіз­дің жағалауындағы «Бал­қаш Tourfest – 2023» фестивалі ұйым­дас­тырылды. Екі күнге жал­ғасқан жа­ға­жайдағы жайдар­лы сәттер ту­ризмнің тынысын аша түсуге ық­пал етеді. Мұн­дай фестивальдің ал­ғаш рет өткенін айта кеткеніміз жөн. Бұл – эпидахуалдық үзілістен кейін туристік маусым уақы­тын­да ұйымдастырылған тұң­ғыш ау­қым­­ды іс-шара. Мұны дәс­түрге ай­налдыру арқылы айма­ғы­мыз­да­ғы туризмді дамытамыз деген сенімдеміз, – дейді қала әкімі.

Өңірдегі туризм саласын осын­­дай қадамдар арқылы алға жете­­леп, келер жылға дейін турис­тер санын кемінде 4 есеге өсіру­ді ойластырып отыр.

 

Қарағанды облысы