• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәдениет 15 Наурыз, 2024

Миллениумдердің мұраты

159 рет
көрсетілді

Оңтүстікте қызғалдақ гүлдеп, ағаштар бүрлеп, жылы жақтан жеткен жыл құстарының құйқылжытқан әсем әуеніне шайырлар да үн қосып, көктемнің көрігін қыздыра түскендей әсер қалдырды.

Күні кеше Шымкент қаласында «Şam» əдеби шығармашылық ұжымының ұйымдастыруымен «Шам жарығындағы кездесу» атты өзгеше кейіпте өткен әдеби-сазды кештің куәсі болдық. Шығармашылық ұйым 8 жылдан бері еліміздің бірнеше қаласында поэзия кештерін өткізіп, жұртшылықты өлеңмен сусындатып жүргенін сырттай естіп, іштей сүйсініп жүретін едік. Өйткені нарық кіргелі қоғам өлең түгіл өзгесін де жүре тыңдайтындай талғамы төмендеп кеткені бар еді. Алайда «Şam» жарығына жиналған өнерлі жастар сол сірескен тоңды сетінетіп жүр. Өйткені ақшамның қараңғысы жерге түсе қала, жұртшылығы көптен өлеңге шөліркеп қалғандай, кең залды кемеріне толтырып отырды. Тіпті кештің өзі тегін емес, өнерсүйер қауым билетпен жайғасқан.

Кеш шымылдығын Түркістан қаласынан келген «Jana lep» деп аталатын музыкалық театрдың өнерпаздары ашты. Тыңдарман бір сәт күйбең тірлікті ұмытып, өнердің өзегіне ден қойған сәтте кеш авторлары Сүндет Сейітов, Ақбота Бейбітбек, Арайлым Мұратәлиева, Қуаныш Жазай қатарлы ақындар құдіретті поэзияға кезек берген.

«Мезгілдерді өткердік текке қалай,

Бізді ақтап алады қай түсінік?».

Ақын Ақбота Бейбітбек ішіңде жүрген сан түрлі сауалдың қоламтасын қоздатып қоятыны бар. Мұны әншейін махаббат лирикасы деп байқамай өтіп кетуіңіз де ғажап емес. Бірақ «өнер – ақыл айту емес, оқырманға (тыңдарманға) сауал қойсын» деген де сөз бар. Ақбота бұл тұрғыда оқырманын толғандырмай қоймайтын ақын екенін байқатты.

Ал Шыназдан шығып, Шым­кентте шың­далған шайыр Сүндет Сейітов «Вот где, Русь, твои добрые молодцы?» деген Есениннің сұрағына жауап беруге талпыныпты.

«Оянса да ақшаңқан бір кеш пейіл,

Менің тірі жүргеніме көш бейім.

Жүрегіммен жазып қойдым бір өлең,

Оқиын ба?

Жыртайын ба?

Не істейін?», дейді Сергейге қасарысқан Сүндет.

«Ойбай, көкем,оқыңыз, әрі қарай тағы нең бар?» дегізіп, «бәлсіне» қалғанын айтсаңызшы. Ақын ғой, бәрі құп жарасып тұр. Сәл паузадан кейін:

«Шыназ жақта арқан болса ілулі,

Асылуға ажалыммен дайынмын».

Бұл ақынның сартап сағынышы деп бол­жа­дық. Әрине, сағыныштан биік сезім жоқ. «Адам­ның­ заңғар ұлылығын, сен, сағынышымен есеп­те».

Алматылық Қуаныш Жазайдың жазғанынан өлең оқығаны бір бөлек, әсерлі шықты. Ал ақын Арайлым Мұратәлиеваның өлеңдерінің еріксіз есте қалып қоятын құдіреті бар.

«Жүрегімді тыңдасам – жұбанамын,

Ақылымды тыңдасам – дүбәрамын…

Ән тыңдасам жүресің ән ішінде,

Сен әлде дүниенің бәрісің бе?

Қалаға кеше жауған қар да сен бе?

Мазалайтын жүректі Ар да сен бе?

Жан дүниемді балқытқан шарап та сен,

Балқымасам бұл жырды жаратпас ем»!

Көне түрк сарынымен жазылған бұл егіз шумақтардың сұрақтары нәзік лиризм тәрізді көрінгенмен, философиясы да жоқ емес. Бір қарағанда, «Сен әлде дүниенің бәрісің бе?» деп кәдімгі тасаввуф ілімін еске түсіргендей...

Поэтикалық дуэль әсем әнмен жалғасты. Сахнаға қазіргі жас тыңдарманның жүрегінен орын алған Мархаба Сәби шығып, музыка мен поэзияны әсем ұштастырып жіберді. Бәлкім, философ Мартин Хайдеггердің «Сайып келгенде, өнер атаулының өзегінде поэзия жатыр» дегені бекер болмаса керек-ті.

«Ұйымның мақсаты – өлке таланттарының шығармашылығын дәріптеу, жас буын қалам­гер­лермен республикалық деңгейде әдеби бай­ланыс орнату. Ұжымның осы уақыт ішін­де жеткен жетістігі аз емес. Кітапхананың оқыр­ман залынан бастау алған кештер кофехана­лар­да кофе-лирикалық поэзия кештеріне, оқыр­ман­дар­мен жүздесулерге ұласты. Тіпті елор­да­мыз Аста­нада театр төрінде ақындардың өлең­дері­нен сахналандырылған қойылым өткіз­ген кез де болды. Қазіргі таңда ұйым құра­мында талантты жастар аз емес. Оның ішін­де бүгінгі кешке қатысқан ақындардан бөлек, жазушы Абылай Есімбай және Жәудір Нар­тай, ақын Сезім Мергенбай бар. Сонымен қатар алматылық ақын Қуаныш Жазай қата­ры­мызға қосылып отыр», деді ақын Арайлым Мұрат­әли­ева.

Поэзия кешін халықтың көзайымына айнал­ған «Əн мен əнші», «Сөз патшасы» сын­ды медиажобалардың авторы, танымал тележүргізуші, продюссер Сержан Молда­сан­ұлы жүргізді.

«Кешті ұйымдастыру, әрине, оңай болған жоқ. Біраз қажыр-қайрат кетті. Оның үстіне ұйым мүшелерінің ішінде әлі жұмыссыз жүрген жастар да бар. Сондықтан бізге қолдау көрсеткен әрбір азаматтың еңбегін айтпауға болмайды. Мәселен, кешімізге қолдау көрсеткен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлына және Түркістан облысы әкімдігіне алғыс айтамыз. Сонымен қатар Ерболат Темірболатұлы, «Bal Tekstil» кілем фабрикасының басшысы Талғат Исхахов, мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов, журналист Ғалымжан Елшібай, Шымкент қаласы Білім басқармасының ұжымы мен басқарма басшысы Нұргүл Шәмшиева қатарлы қолдау білдірген азаматтарға рахмет», дейді ұйым жетекшісі С.Сейітов.

Авторлардың айтуынша, кеш алдағы сәуір айында Ұлытау облысында жалғасады. Бұл миллениумдердің мұраты мұнымен бітпейді. Олар тіпті Еуропаға дейін барып, «Şam» жарығын алысқа түсіруді армандайды.

 

ШЫМКЕНТ