• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәселе 15 Наурыз, 2024

Мектеп күзетіне күмән бар

131 рет
көрсетілді

Осыдан бір ай бұрын әлеуметтік желіде «Қарағанды мектеп­теріндегі оқушыларды оққа байлаймын» деген суыт мәлімдеме тарап, елді әбден әбігерге салды. Ата-аналар тіпті баласын сабаққа жіберуге қорқып қалды. Қоқан-лоқыны жазып таратқан 13 жастағы тентек дереу ұсталды.

Бізге осы бір оқиға мына мән-жайды айқындап бергендей болды. Мектеп пен балабақшадағы күзет әлі де әлсіз. Құдай бетін ары қылсын, әлгіндегідей оқиға бола қалса, қамданысы жоқ мектеп қайтеді? Өкінішке қарай, мектепке бес қаруы сай мамандандырылған күзет әлі бұйырмай келеді.

Бұл тақырып бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көте­ріліп келеді. Мінберлерден де ашық айтылып жүр. Деген­мен билікті де әрекетсіз деуден аулақпыз. Мектеп, бала­бақ­шаларға бейнекамералар орнатты, турникеттер қойылды. Бөгде адам аттап баса алмайды қазір. Бірақ мектеп кіреберісінде отыратын күзетке пиғылы жаман біреу алда-жалда төне қалса, да­йын еместігі еңсемізді бір басса, қарсылық танытатын қауқары жоқтығы екі басады.

Әңгімемізді 13 ақпан күні Телеграмда тараған экстремистік сипаттағы ақпа­рат­пен жалға­лық. Белгісіз адам қару-жарақ­тың суретін салып тұрып, «Қара­ған­дының есінде қала­ды. Бұл суреттерді мен таң­ертең түсір­дім. Аздан соң мен бала­ларды өлтіруге барамын, бұл күн Қарағанды үшін «сұмдық» күн болады...» деген мәтін жария­лап жіберген.

Мұндай жазбадан соң мектепте баласы бар ата-ана ғана емес, жалпы жұрт жағасын ұстады. Поли­­ция департаменті жедел әрекет етіп, терроризм туралы хабар­лама таратқан адамды сол күні ұстады.

– Қарағанды облысының полицейлері терроризм туралы хабарлама таратқан адамды ұстады. Қарағанды облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен атқарылған кешенді іс-шаралардың нәти­же­сінде облыс мектептерінде оқушыларды атамын деп хабар­лама таратқан Телеграмның әкім­шісі әрі авторын ұстады. 13 жас­тағы Қара­ған­ды қаласының тұрғыны әле­у­меттік желіден терроризм тақы­ры­бындағы ақпаратты көріп, «Очищение Караганды» деген атаумен өзінің телеграм арнасын құрған. Осыдан соң ұсталған жеткіншек облыс төңірегіндегі мектептерде терроризм актісінің дайындалуы туралы ақпарат таратқан. Телеграм өшіріл­ді. Полиция қызметкерлері бұл қыл­мысқа шетелде жүрген адам­дардың қатысы бар-жоғын тек­серіп жатыр. Полиция органдары тара­пынан шұғыл қыз­мет­тердің шығыны үшін залалды өтеу бойын­ша сотқа талап-арыз бері­леді. Баланың ата-анасы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Қазіргі таңда тергеу әрекет­тері жүргізіліп жатыр, – деп мәлім­­­­деген еді облыстық полиция депар­­таменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Сырбаз Батыров.

Осы бір оқиға қамдануды қа­жет етеді. Мектептегі қа­уіп­сіздік мәселесін күн тәрті­бі­нен түсірмеуді де есімізге қай­та салғандай. Жоғарыдағы айт­қа­нымызды тағы бір қайталауға тура келіп тұр: мектептегі күзет әлсіз.

Ашық дереккөз білім беру­ ұйым­дарында 20 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орна­тыл­ғанын айтады. Ішкі камера – 12 мыңға жуық, сыртқы бақылау камералары 7 мыңға жетіп артылады. 312 нысанның бейнебақылау каме­ралары жедел басқару бас­қар­масына, поли­цияның кезекші бөлімдеріне тікелей тартылған көрінеді. Яғни ондағы бейнежазбалар бірден орталыққа түседі. Қала және аудандардағы білім ұйымдарының 222-сінде күзет фирмаларымен келісім жасалған.

Бұл күзеттің жағдайымен мек­тепке жиі барып жүрген ата-ана­лар жақсы таныс. Бүгінге дейін мұндай жұмыстағылар – зейнет жасындағы адамдар, күзе­тін қосалқы жұмыс деп таны­ған әйелдер қауымы. Әрине, қол­да­рына қару-жарақ ұстамаған олар қарсылық танытып, күш те көр­се­те алмайтыны белгілі.

Мұндай жекеменшік күзет компаниялары әуелі табыс­ты­ көздейді. Әлгіндегідей қыз­мет­кер­леріне тиын-тебен ғана төлейді. Осыдан келіп, мектеп күзетіне қалай күмәнданбайсыз?

Соңғы дерек бойынша, Қара­­ғанды облысында 220 күзет ком­па­ниясы тіркелген. Бірақ қан­шасы қаруланған, қаншасы жеке күзет екені туралы нақты ақ­па­рат жоқ. Былтыр Қоғаммен се­рік­­­тестікте қоғам­дық қауіп­сіз­­дікті қамтамасыз ету тұжы­рым­­­дамасы негізінде Қара­ған­ды облысының полиция депар­та­менті жекеменшік күзет кәсіп­орын­­­дарымен кездесу өткізген. Сон­­да аймақта 255 күзет фир­масы бары айтылған. Мұндағы бас­­­қосуда маңызды мәселелер қа­рал­­ған. Күзет ұйымдарына қару беру, оны сақтауда, кадр­ларды таң­дауда полициямен бірлескен алго­ритм дайындалуы қажет­тігі көте­­рілген. Күзетшілерді де поли­ция қызметкерлері секілді бейне­­жетонмен жабдықтау да айтыл­ған.

Қарап отырсаңыз, қазір күзет­сіз­ бірде-бір ұйым, болмаса мекеме жоқ. Өкінішке қарай, соның бәрінде есік күзеткен еңгезердей жігіт­тер жоқ. Зейнеттегі кемпір-шалдар. Болмаса, қыз-келіншек.

Яғни полиция департа­мен­ті­нің күзет компанияларына кадр таң­дауда бірлескен алгоритм қажет деуінің мәні де осында. Қо­ғамда кейінгі кезде болып жатқан оқи­­ғалар кеш қалмау керектігін қа­пе­рімізге қайта-қайта салып тұр­­ғандай. «Осы мәселемен нақты кү­ре­су үшін мектеп, балабақша жа­­­рылып, балалар қырылуы керек пе?» деген сұрықсыз ой ерік­сіз сумаң етеді. Бала күзетін ба­рын­ша­ қолға алатын кездің жет­ке­ніне көп болды. Бірақ біз әлі бей­қам­быз.

 

Қарағанды облысы