• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Наурыз, 2024

Әділ бөлінген әлеуметтік көмек шын мұқтажды жарылқауға тиіс

148 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары әділдікке негізделген, адамға бағдарланып, атаулы сипатқа еніп келе жатқан әлеуметтік саясаттың терең де дәйекті өзгерістерін сезіндік. Ендігі жерде мемлекет алдында барлық азаматқа тең мүмкіндік туғызатын, көмекке мұқтаж жандардың мүддесін қорғайтын тиімді әлеуметтік қолдау жүйесін құру міндеті тұр.

Жетекші елдер адам әлеуетін дамыту, саяси тұрақтылық пен инклюзив­ті дамуды қолдау, осал жандарды күйзе­ліс­тер­ге жеткізбеу жөніндегі ұлт­тық страте­гияның негізгі элементі ретінде әлеу­меттік қорғауға айрықша маңыз бере­ді. Әсіресе халықтың кедей және осал топтарын қорғау – БҰҰ-ның бүкіл әлем, соның ішінде Қазақстан ұмтылатын орнықты даму мақсаттарының (ТДМ) салмақты бөлігі. Яғни өз қоғамын нығай­туға және әділдік орнатуға біртабан жақын тұратын елдердің артықшылығы әлеуметтік әлсіз топтарды желеп-жебеуі­нен көрінеді. Бүгінде еліміз Мемлекет басшысының жаңа бастамасымен әлеу­меттік қорғау жүйесі­нің тиімділігін арт­тыруға, қоғамымыз­ды үйлесімді әрі әділ етуге мүмкіндік беретін кешенді рефор­маларға бет түзеді. Әлеуметтік саясат­тың жаңа жүйесін әзірлеу мен іске асыруда, оның негіз­гі ұғымдарын анықтауда нақты қадам жасалды. ТМД кеңістігінде алғаш рет әлеуметтік қорғау жүйесін жетіл­діру­ге бағытталған Әлеуметтік кодекс қабыл­данды. Өткен жылдың басынан бері мем­лекеттік қызметтерді проак­тив­ті көрсетуге мүмкіндік беретін От­ба­сы­ның цифрлық картасы толық көлем­де жұмыс істеп тұр.

2030 жылға дейін 3,8 млн сапалы жұмыс орындарын құруды көз­дейтін Еңбек нарығын дамыту тұжы­рымдамасы әзірленіп, қабыл­данды. Азаматтарды жұмыспен қамту бо­йынша шаралар іске асырылып, өткен жылдың ішінде 964 мың адам еңбек көзін тапты. Жастарға арналған кәсіп­кер­лікті қолдау мақсатында 5 640 жо­ба мақұлданды. Әлеуметтік осал санат­тағы адамдарға 9 100-ден аса грант берілді. Жаңа Көші-қон саясаты тұ­жырымдамасының жеті бағыты бо­йынша кешенді шаралар іске асырылып жатыр. Биыл 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері қайта артып, оны анықтаудың әдістемесі әзірленді. 2023 жылғы желтоқсанда Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданып, іске асырыла бастады. Зиянды жағдай­ларда еңбек ететін тұлғаларды әлеумет­тік қорғауды күшейту үшін биылдан бас­тап арнаулы әлеуметтік төлем ен­гі­зіл­ді. Сонымен қатар мүгедектігі бар тұлғаларды әлеу­меттік қорғау мақсатында 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа шаралар қолға алынып, интернет-платформаларда жұмыс атқа­ратын азаматтардың қызметін заң­дас­тыру үшін Әлеуметтік, Салық кодекс­теріне түзетулер әзірленді.

Бүгінде еліміз қоғамның және осал топтардың мүдделері басымдыққа айналған басқарудың әлеуметтік түрін қабылдады. Бұл қадамның маңызды аспектілерінің бірі – қиын өмірлік жағдайдағы адамдар мен отбасыларды оңтайлы күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ету, соның ішінде тұрақты төлемдер мен бюджет арқылы қаржыны тең бөлу. Атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бел­сен­ді шараларына тарту арқылы от­басын қиын өмірлік жағдайдан шы­ғару. АӘК табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аспай­тын азамат­тарға тоқсан сайын әлеумет­тік көмек тағайындауды, табысы аз отба­сы­лар­да­ғы 1 жас пен 6 жас аралығын­дағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөл­шерін­де ай сайынғы қосымша төлем беруді, жұмысқа орналастыруды, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар бөлуді, білік­тілікті арттыру курстарына жіберуді (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қам­туға жәрдемдесуді қамтиды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің мәліметінше, 2019 жылы АӘК-ті 2,2 млн адам алса, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және жағдайы нашар отба­­сыларға қолұшын созу, мемлекет пен көмек алушылардың өзара міндеттемелерін қолдану жөніндегі белсенді шаралар арқылы 2023 жылы олардың саны шамамен 600 мың адам­ды құрады. Былтыр АӘК 114,1 мың отбасынан 598,4 мың адамға тағайын­далып, бұл мақсатқа бюджет­тен 57,4 млрд теңге жұмсалған. Ал осы жылдың ақпанында 49,7 мың отбасын­дағы 262,3 мың адамға атаулы әлеу­меттік көмек тағайындалды. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 75,9 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ биыл­ғы ақпанда АӘК алушылар қатарын­дағы мектеп жасына дейінгі 80,6 мың балаға 446,2 млн теңге сомасына қосымша төлем тағайындал­ды. Қазіргі уақытта азаматтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне, сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады. Қазірде әлеуметтік көмек проактивті түрде, яғни адамнан тікелей өтінімсіз тағайындалатын мемлекеттік қызметтердің біріне айналды.

Әділ мемлекет азаматтарға лайықты өмір сүру үшін қажет нәрсенің бәрін беру міндеттемесін қамтиды. Бірақ ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Үй-жайы, қымбат көлігі бола тұра жәрдемақы үшін кірістерін жасырған отбасылар да кездеседі. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Мемлекеттік әлеу­меттік қолдауды шамамен 4,5 млн адам немесе елдің әрбір бесінші тұр­ғыны алса, олардың көпшілігі жұ­мыс істеуге әбден қабілетті. Ақпанда өт­кен Үкіметтің кеңейтілген отырысын­да әлеуметтік сала мәселелеріне айрық­ша мән бере отырып, Президент аза­мат­тарға әлеуметтік көмек пен қол­дау құрылымдарын және тетіктерін толық қайта қарау қажеттігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударғандай, әлеуметтік көмектің тиім­ділігін арттырып, оның кімге және қа­лай берілетінін ойластыру ке­рек. Сон­да бөлінген қаржыны барын­ша тиім­ді жұмсап, оны шын мәнін­де көмек­ке мұқтаж адамға беруге мүмкін­дік туады. Сол секілді жұмыспен қам­ту орталық­тарының басталған трансфор­мациясын уақтылы аяқтау маңызды. Олардың қызметтеріне ақы төлеу нәти­жесі бойынша, яғни әрбір жұмысқа ор­на­ласқандар үшін жүзеге асырылуға тиіс.

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің алқа отырысында сала басшысы Светлана Жақыпо­ва отбасының цифрлық картасының мүм­кіндіктерін, мемлекеттік және мем­лекеттік емес ұйымдардың жүйе­лерімен жаңа интеграцияларды пай­далана отырып, әлеуметтік көмек­ті толық трансформациялау жұмыстары жүргізілетінін хабарлады. Бұл қаражаттың атаулы­лығы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында әлеуетті көмек алушыларды, бюджеттің шығыс бөлігін айқындауға мүмкіндік беріп, нәтижесінде, мұқтаж отбасыларға ке­шенді қолдау көрсетудің нақты регла­менті әзірленеді. Атаулы әлеумет­тік көмек көбінесе қасақана төменде­тілген кірістер емес, шығыстар көрсет­кіштеріне негізделуі үшін жүйе қай­та құрылады. Бұған дейін ақшалай көмек алған адамдардың арасында жеке кәсіпкерлер де болған. Сондық­тан азаматтардың негізгі шығыста­рын есепке алу және верификация тетігі пысықталып, АӘК-ті трансфор­мациялаудың жаңа тәсілдері бойынша тиісті ұсыныстар енгізіледі. Ал жергілікті атқарушы органдар халық арасында әлеуметтік тәуел­ділікке төзбеушілік, кедейлік жағдайынан шығуға ынталандыру туралы түсіндіру жұмыстарын жандандыруы керек.

Қазақстан қоғамдық даму институ­тының сарапшысы Темірлан Төлеу әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды шартты түрде үш санатқа бөледі. Біріншісі – тұрмысы төмен отбасылар, әсіресе өмірлік қажеттіліктерді қамтамасыз етуде қиындыққа тап болуы мүмкін балалары бар отбасылар. Бұл тұрғыда балалардың кедейлігіне назар аудару қажет, өйткені оның салдары болуы мүмкін. Екіншісі – табысы төмен адамдар, олар коммуналдық қызметтерді төлеуде, азық-түлік себетін сатып алуда қаржылық қиындыққа тап болуы ықтимал. Жастардың белгілі бір бөлігі де назар аударуды қажет етеді. Олардың арасында лудомания, көші-қонның теріс сальдосы, ажырасу санының көптігі жиі байқалады. Бұл құбылыс көбіне табыстың төмендігінен немесе олардың толық болмауынан туындайды. Үшінші топ – зейнеткерлер, әсіресе жалғызбасты, мүгедектігі бар қарт адамдар. Олар үнемі дәрі-дәрмек пен медициналық қызметке зәру.

«Елімізде жастарға арналған көпте­ген бағдарлама бар, бірақ көпшілігі бұл туралы біле бермейді. Бұл классика­лық түрдегі әлеуметтік көмек болмаға­нымен, мемлекеттің қолдауы. Осы бағ­дар­­ламаларды түсіндіру және оларға қа­тысуды жеңілдету шараларын қарас­тыру керек. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заңды мысалға алуға болады. Азаматтардың бәрі бір­дей бұл тәжірибенің мүмкін­дікте­рін білмейді. Сондықтан халықты ақпарат­тандыру аспектісі өте маңызды», дейді әлеумет­танушы Т.Төлеу.

Өмірлік тәжірибе көрсетіп отыр­ған­­дай, әлеуметтік теңсіздік, сон­дай-ақ мұқтаж адамдарға несібесі бұйыр­майтын, ал материалдық жағдайы бар адамдар одан бас тартпайтын жайттар да орын алады. Сондықтан ресурстарды әділ бөлу үшін ең алдымен әлеуметтік қолдауға шын мәнінде зәру топтарды мақсатты түрде анықтаған жөн.