• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ұстаз 14 Наурыз, 2024

Жаңашылдыққа жақын ұстаз

201 рет
көрсетілді

Әсем Берікқызы – Қарағандыдағы С.Саттаров атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. 26 жыл еңбек өтілі бар педагогтің жаңашылдыққа жаны үнемі жақын.

Е.Бөкетов атындағы Қара­ғанды университеті филология факультетінде білім алған маман жиырма алты жыл осы мектеп-лицейде сабақ беріп келеді. Ізденімпаз педагог әр сабағына жоба қорғап шығатындай дайындалады.

– Ал­дым­да білім алып отырған әр оқушы – бір-бір жобам, – дейді. – Біздің пәнде ең алдымен баланың тілге, әдебиетке қызығушылығы болу керек. Шыны керек, гаджетке байланған жастардың назарын аудару оңай емес, әрине. Гаджетті жоққа шығармай, сол арқылы да балаларды кітап оқуға баулимыз. Рухани іс-шаралар да оқу­шы­лар­дың ынтасын арттыруға ықпал етеді, – дейді педагог.

Әсем әде­биетті ғылымиландыру бағы­тында үз­дік­сіз жұмыс істеп жүр. Неге десеңіз, тілдің, әдебиет­тің теориясын білмеген оқушы жа­уабын жөнді бере алмайды деген ұста­нымда. Сол себепті де әр ізденістен ғылыми негіз көреді.

– Көпшілік мұғалім оқушының жауабын өзі айтып қойып жатады. Бала сұрағыңызға дұрыс жауап берсін, қате жауап берсін, өзі жеткізуі керек. Баланың ойын мұқият тыңдау керек  және өзіңізбен бір деңгейде емін-еркін әңгімелесу керек. Сонда баланың айтары анық болып, сабағыңыз сәтті өтеді. Қазіргі балаларға құр сөз емес, креатив керек. Жан-жақты болу қажет. Өйткені балалардың ойы күрделеніп барады, – дейді мұғалім.

Иә, ұжымдағы ғана емес, аймақтағы әріптестері оны шынымен де жаңашыл деп таниды. Былтырғы оқу жылында аттестациядан сәтті өтіп, педагог-зерттеуші мәртебесін растап алған. Мұғалімдерге қатысты өтетін ғылыми-әдістемелік кон­­ференция, түрлі тренингтен қалыс қал­май­ды.

Әрине, ұстаздың көрсеткіші шә­кірттерінің жетістігімен өлшенеді. Оның шәкірттері түрлі кон­курсқа, интеллектуалдық марафон­дар­ға, олим­пиадаларға, ғылыми-тәжірибелік кон­ференцияларға қатысып, мектеп­теріне олжа салып жүр.

Ә.Берікқызының біз біле бермейтін тағы бір қыры бар. Әртістік. Өзі мекте­бін­дегі «Сахна сыры» атты үйірмеге жетек­ші­л­ік етеді. Балалардың жан дүниесіне ене алатын екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиеті мен балдырғандарды кейіпкер әлеміне ендіре алатын әртістік қабілетіне әріп­тес­тері қайран қалып жатады.

– Бала болған соң олар көңіл күй мен сезімге жақын. Сахна деген кие. Сахна деген өмір. Сол арқылы оларға рухани тәрбие береміз. Түрлі қойылымдар қоямыз. Жалпы, мектептегі мәдени іс-шараларға оқушыларым қалыс қалмайды, құлшыныспен қатысады. Бұл да керек, – деген пікірімен бөлісті кейіпкеріміз.

Мұның бәрі бір ғана еңбек деген шеңбердің шекарасына топтасады. Сол маңдай тер еңбегінің ақталғаны – 2018 жылы Ыбырай Алтынсарин атын­да­ғы төсбелгіні тағынғаны. Жо-жоқ, қа­те­­лесеміз. Әсем ұстаз олай ойламайды. «Еңбегімнің жанғанын оқушыларымның жарқын жетістіктерімен өлшеймін»,  дейді. Расымен, үздік ұстаздың жүрек түк­пірінде «шәкірттерім өзімнен озса» деген ізгі тілегі жатады емес пе?..

Ұстаз – отбасында аяулы жар, қамқор ана. Жолдасы Манарбек Қызыров әскери қызметін абыроймен атқарып, сол саладан зейнетке шыққан. Қазір жеке кәсіппен айналысады. Ұлдары Бекежан Болашақ колледжінде үшінші курста оқып жүр. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болмақ ниеті бар. Ал ерке қыздары Інжу – анасы еңбек ететін мектептің 7-сынып оқушысы. Қыздары да анасының ізі­мен жүріп, мұғалім болғысы келеді. Бұл шаңырақ үшін ұстаздың қадірі тым биікте.

 

Қарағанды облысы