Назарбаев университетінде абайтанушы Сұлтан Ыбырайдың қатысуымен «Жарым адамнан – Толық адамға» атты семинар-тренинг өтті. Тағылымды іс-шараның тізгінін осы оқу орнының ұлттық мәдени орталығы директоры, профессор Гүлтас Құрманбай ұстады.
Жиында Абайдың Отыз сегізінші қарасөзі талданып, хакімнің «Толық адам» тұжырымдамасы бойынша сұхбат өрбіді. Г.Құрманбай техникалық мамандық бойынша білім алып жатқан студенттердің ұлы ойшыл мұрасына жаңа көзқараспен қарау керектігін айтып, осы жолдағы С.Ыбырай еңбегіне үлкен баға берді.
– Отыз сегізінші қарасөз – Абай даналығының биік шыңы. Басқа ғылым саласында жүріп, Абай әлеміне келу, оның ең күрделі қарасөзін түсіну – үлкен жеңіс. Бұл кісілердің қабылдауы, көруі гуманитар ғалымдардан гөрі ерекше. Сондықтан Сұлтан Ыбырай ақынның әлеміне әрі қарай сүңгіп, техникалық ғылыммен және Құранмен байланысын тереңдетіп зерттеп жүр, – деді Г.Құрманбай.
Кеш қонағы әрбір қазаққа Абай болу парыз емес, бірақ данышпан сусындаған рухани бастаулар қазақтың ел болып қалыптасуының негізгі алғышарты екенін айтты.
– Бірінші – ұлттық бастау, екінші – ислам, үшінші – Батыстың ғылымы мен технологиясы. Бұл исламдағы дін мен ғылым егіз деген сөзбен және Құрандағы Алланың «...Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық», – (49:13) деген аятын қуаттайды. Бір қызығы, кез келген мемлекет немесе адам осы сөзде Абай келтірген үш сипат әділет, ғылым, мейірімді басшылыққа алса, орасан табысқа жетеді. Бұл үшеуі – жеке тұлғаның ғана ұстанымы емес, жалпы ұлттық идея негізі, мемлекетімізді ұшпаққа шығаратын, мұратқа жеткізетін қағида, – дейді Сұлтан Ыбырай
Назарбаев университетте білім алып жатқан болашақ инженерлер, электриктер, роботтехниктер, геологтердің «Толық адам» болып қалыптасуларына әдебиетші, философ әрі радиотехник ғалымның инновациялық көзқарасы мен ғылыми тұжырымдары ерекше әсер қалдырды.
Бекзат ҚҰЛШАР,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті