Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының ең маңызды он бағытының ішінде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі бар. Әсіресе онда жас мамандарды жан-жақты қолдауға қатысты да мәселе көтерілген. Күні кеше Ұлыс күніне орай жас медицина мамандарына Бұқар жырау ауданының Доскей аулынан 40 пәтердің кілті берілуі – сөзімізге дәлел.
Осы уақытқа дейін жас мамандарға арналған бағдарлама аясында аймағымызда 600-ден аса баспана берілген. Кейінгі бес жылдықтың көрсеткіші осылай дейді. Денсаулық сақтау басқармасы жыл соңына дейін тағы 100 медицина маманын үймен қамтимыз деп отыр. Баспанамен қамтуды жоспарлап отырғанын баса айтты. Бұл жолғы пәтер кілтін алған жас мамандардың басым бөлігі – №4 емхана, көпсалалы балалар ауруханасы мен көпсалалы №1 аурухана дәрігерлері.
– Мереке қарсаңында үлкен қуаныш болып жатыр. Кез келген отбасы, оның ішінде жастар үшін баспананың орны ерекше. «Ай-хай менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп өскен қазақтың баласымыз ғой. Қуаныш құтты болсын! Жалпы, мемлекет тарапынан медицина саласының дамуына үлкен басымдық беріліп жатыр. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса ең алдымен дәрігерге жүгінеміз. Ажалдан арашалап қалатын, үзілген үмітті қайта жалғайтын – дәрігерлер қауымы. Сіздерге деген құрметіміз шексіз, – деді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Бейсембайұлы.
Бейбітшілік көшесінің бойында бес қабатты екі үй қатар орналасқан. Оның біреуі – денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінікі, екіншісі білім саласының мамандарына берілген. Кезінде қараусыз қалған үй демесеңіз, іргетасы – берік, қабырғалар – түп-түзу. Арнайы комиссия құрамының тексерісінен соң «жарамды» деп танылған.
Содан соң күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге шешім шығып, тендер ойнатылып, «ГрадСтройСервис» ЖШС ұтып алады. Аталған мердігер қос үймен қоса, былтыр ауылдағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жасаған. Оқу жылына дейін ойдағыдай аяқтап, қолданысқа беріпті.
– Қараусыз қалған үйге толық күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, орталық жылу және электр желісін тарттық. Су құбырын жүргізіп, үй ішіне су кіргіздік. Үйдің сыртын қаптап, шатырын қайта жасадық. Жөндеу жұмыстары барысында ешқандай қиындыққа тап болмадық. Білім саласында қызмет істейтін мамандарға берілетін үйдің жөндеу жұмыстары да толық аяқталды. Енді сыртқы жұмыстары ғана қалып тұр. Алдағы 15 күнде аяқталады, – дейді «ГрадСтройСервис» ЖШС өкілі Берікжан Төлегенов.
Пәтер кілтін алған №4 емхананың жалпы практикалық дәрігері Жандос Кәріқұл – баспаналы болғандардың ішіндегі тәжірибесі жағынан ең жасы. Кезегін көп күтпеген. Оқуын тәмамдай салысымен осы емханаға жұмысқа қабылданған. Отбасымен екі жыл үй жалдап келген.
– Жастарды қолдау мақсатында құрылған бағдарламалар қатары арта берсін дегім келеді. Себебі қолына дипломын алып, жұмысқа енді кірген жас маман үшін қиындық көп. Әсіресе баспана – басты мәселе. Кейін жас дәрігерлерге арналған бағдарламаның барын естіп, кезекке тұрдым. Міне, кезегімді алты ай күтіп, бүгін үйлі болып жатырмыз. Жыл біздің отбасымызға осындай көл-көсір қуанышымен келіп жатыр, – деген риясыз пейілімен бөлісті Жандос Қуанышұлы.
Баспаналы болып, бақытқа кенеліп жатқандардың қатарында №4 емхананың ІІ санатты жалпы практикалық дәрігері Шахрух Туламетов та бар. Түркістан облысының тумасы Шахрух оқуын тәмамдаған соң, әрі қарайғы арманын Қарағандыда жалғастыруды ұйғарыпты. Міне, еңбек жолын бастағалы бері жеті жыл өтіпті.
– 2009 жылы Қарағанды Мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түсіп, оны ойымдағыдай тәмамдап, сосын осы жақта қалдым. Осыдан бес жыл бұрын шаңырақ көтердім. Екі баланың әкесімін. Бұған дейін үй жалдадық. Бүгін мереке қарсаңында үйлі болып, қуанышымыз еселеніп жатыр. Пәтерге толық жөндеу жұмыстары жасалыпты. Жап-жаңа жиһаздары да бар. Біз секілді жас мамандарға бұл да – бір үлкен көмек, – деп ризашылығын жеткізді Шахрух Туламетов.
Бұл – Доскей ауылында ақ түйенің қарны жарылған күн. Ауыл жұрты да құшақтарын айқара ашқан, ел қосылды деп. Енді жас мамандардың шағын ауданы бар. Бір-ақ күнде көрші болып шыға келген жас мамандар енді кезек-кезегімен қоныстойын дүбірлетеді. Осылайша, жаңа жыл жастарға айтарлықтай жақсылығымен келді.
Қарағанды облысы