Керекуде ақын Иса Байзақов ұстаған домбыра табылды. Аспап ұзақ жылдар бойы тұлғаның туған жерінде сақталып келген. 1942 жылы өнер иесі Ертіс-Баян өңіріне келгенде бұл домбыраны досы Мүфтий Ахметовке сыйлапты.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ақын, әнші-композитор Иса Байзақов ұстаған домбыраны жәдігерлік ретінде таныстырды.
Тұтас ағаштан шабылып, мойны дөрекілеу әрі жуандау етіп жасалған аспаптың бет тақтайы кейінірек өңделгені байқалады. Бұл домбыраны Иса жерлесі, өнерлі досы Мүфтий Ахметовке сыйлап кеткен екен. Бұл жайында ақынның аталас туысы, ардагер ұстаз Күләш Әбиева кеңірек әңгімелеп берді.
«Иса Байзақов соңғы рет 1942 жылы тамызда Павлодарға келіп, Ертіс, Железин, Ақтоғай, Баянауыл өңірлерін аралайды. Біз Исамен бірнеше атадан қосыламыз. Арғы атамыз Меңдібай осы төңірекке белгілі би болған адам. Өкінішке қарай, ол кісі жайында ел аузында мәліметтер аз. Меңдібайдан Оразбай туады. Оразбайдың төрт ұлы болған екен. Сол төртеудің үлкені Еркебайдан менің атам Қуантай туса, тағы бір ұлы Өтегеннен Исаның әкесі Байзақ дүниеге келген. Әкем ұжымшар төрағасы болған кісі, Иса соңғы рет өңірге келгенде көлікпен қамтып, сапарының жағдайын ұйымдастырып береді. Ал домбыраны сыйға тартқан Мүфтий Ахметов заманында сауықшыл, әншілігі бар өнер иесі болған. Әкем айтып бергендей, сол жолы Иса Мүфтий және бірнеше өнерлі азаматты жанына алып, елді аралауға шығады. Сапар соңында ризашылығы ретінде досына тарту еткен. Негізі Мүфтий жас шамасы жағынан ақыннан шамамен он жасқа кіші болса керек. Әйгілі Майраның жолын жалғастырушы, әнші, кино актері Хафиза Әбуғалиева Ертістің тумасы екенін көбі біле бермейтіні анық. Жас шағында Мүфтий мен Хафиза – бір-біріне ғашық болған жандар. Алайда 1942 жылдың соңына таман Мүфтий соғысқа алынады. Ал Х.Әбуғалиева Павлодар педучилищесін тәмамдаған соң, Алматыға кетіп қалған. Мүфтий ағамыз соғыстан жараланып оралып, бірден Хафизаны іздеуге кіріскен ғой. Алайда тағдыр екеуінің қосылуын жазбапты. Алматыға барып, Иса арқылы сүйіктісін іздеп тапқанда, ол өзге жігітпен отасып қойған екен. Содан біраз уақыт алмалы шаһарда аялдап, Шара Жиенқұловамен туысатын бір қызбен танысқан. Сол қызбен шаңырақ құрып, елге алып қайтады. Екеуі ғұмырының соңына дейін Ертіс ауданында тұрды. Бүгінде олардан қалған ұрпақ болуы керек. Өкініштісі, бұл домбыра кезінде көзден таса қалып, әлдебіреулердің қолында сақталып келген. Ол жайында айтатын көнекөз қариялар да қазір жоқ. Еленбей қалғаны да содан», деп әңгімеледі ардагер ұстаз.
Күләш Әбиқызы Иса ақынның 90 жылдығында туған жерінде, Үлгілі аулындағы мектепте тұңғыш рет өнер иесінің музейін ашқан. Жәдігерлерді 20 жыл бойы үздіксіз жинапты. Исаның бөркіне таққан үкісін, шоқпары мен самаурынын, шапан-тымағын, ата-бабасы жайлы жазылған шежірелер мен өнер жолынан сыр шертетін фотосуреттерді тірнектеп жиған. Жәдігерлердің көбін Исаның ұл-қызы Ертіс пен Мәкеннен алдым дейді. Жасы 80-ге қараған Күләш апай ұзақ жыл Үлгілідегі мектепте ұстаздық еткен. Негізгі мамандығы – математика пәні мұғалімі. Ұстаздық қызметі үшін Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атаныпты. Айтуынша, туған жеріндегі музейде біраз зат қолды болып кеткен. Ертіс ауданындағы мәдениет үйінің музей қорында ақынның сандығы мен Құраны сақталып тұр. Жалпы, ел ішінде арқалы ақынның өзге де дүниелері бар болуы мүмкін деген пікірін жеткізді.
Исаны көзі көргендер дауылпаз, арқасы қозғанда жан баласына бой бермей кететін сұрапыл ақын еді деп еске алысатын ертеректе. Ән салып отырып құйрығымен жорғалап босағаға жетіп қалады екен. Өкінішке қарай, бүгінде әйгілі жерлесімізді көзімен көргендер арамызда өте сирек. Ал оның елге мұра болып қалған аз-маз жәдігерлері музейлерде топтастырылып, ұрпаққа насихатталу үстінде.
«Келер жылы Иса Байзақовтың туғанына 125 жыл толады. Мерейтойға орай қызметкерлеріміз зерттеу-іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Мынау көне аспап – сол іс-шаралардың алғашқы нәтижесі. Жуықта Ертіс ауданына іссапармен барғанда жергілікті мәдениет бөлімінің басшысы Гүлдана Сәрсембенова бізге арнайы табыстады. Өңіріміз үшін таңғаларлық жаңалық болып отыр. Себебі ақынның туған жеріндегі музейлерде мұндай жәдігер жоқ. Еліміз бойынша Шымкентте бір домбырасы сақталып тұруы керек. Тағы бір домбырасын кезінде Қалижан Бекқожин ұстап келген екен. Бірақ ол да жоғалып кеткен», дейді Бұқар жырау музейінің басшысы Ербол Қайыров.
Ал Павлодардағы «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешенінің басшысы Серік Сыздықовтың айтуынша, аталған аспап Арқа әншілері мен шертпе күйшілерге тән «қалақ домбыра». «Бұл көне аспаптың кем дегенде 90 жылдық тарихы бар деп ойлаймын. Қалақ домбыра әнді кез келген қалыпта айта беру үшін жасалған. Сүгір, Тәттімбет сияқты ұлтымыздың күй сүлейлері домбыраның осы түрін ұстағаны тарихтан мәлім. Мойнының жуандығына қарағанда Иса ақынның саусақтары салалы, ұзын болған тәрізді. Өткен ғасырдың ортасына таман ұлттық аспап шеберлері Қамар Қасымов пен Романенколардан бастап қазақ домбырасы 19 пернелі болып жасала бастағаны мәлім. Ал бұл аспап 11 бунақты. Ертеде 9, 11, 13 пернелі домбыралар болған. Олардың бунақтары қатты түйілмеген. Күйшілер шерту барысында бунақтарды саусақпен жылжытып отырған екен. Бұл үлкен шеберлікті, құймақұлақтықты, дыбысты дөп басып табуды қажет етеді», дейді өнертанушы.
Павлодар облысы