• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Ғылым 22 Наурыз, 2024

Жусан деген бір шөп бар

455 рет
көрсетілді

Даламыздың дарқандығы тек ұлан-ғайыр кеңдігінде ғана емес. Жер-анада адам жанына қоса тәнін де емдейтін өсім­діктер, әлі қаншама құпиясы ашылмаған табиғи туын­­дылар бар. Қазақ көп аурудың шипасын табиғаттан тап­­қан, бірақ емнің дерлігі ғылыми негізделмеген. Өйткені оның тереңіне үңілу, сырын ашып, «сөйлету» асқан білімді, то­лас­сыз ізденіс пен табандылықты талап етеді. Дәл ос­ы қа­сиеттің барлығы кезекті кейіпкеріміздің бойынан та­бы­лады, оның көп ашылмаған тақырыпқа тереңдеуі де содан шығар.

Жанар ЖЕҢІС – органометалды және өсімдік химиясы бойынша PhD, профессор, 7 тіл білетін полиглот, 6 бірдей патенттің, 7 кітап­тың авторы, 5 республикалық, 7 ха­лық­ара­лық ғылыми жобаның жетекшісі.

Ғылымға келу жолын толғаныспен еске алған кейіпкеріміз оны бакалавриат­тан бастағанын айтады. Әдетте адамдар университетті бір дипломмен бітіріп шығады ғой. Ал кейіпкеріміз Қытайдағы Синцзян университетінің бакалавриатын 25 дипломмен бітіріп шығыпты! Өйткені үнемі ізденіспен жүріп, өз оқуынан бөлек компьютер үйрену, ағылшын тілін оқу секілді түрлі курстарды қоса бітірген екен.

– Синцзян университетінде үздік студенттерге сыйақы төленіп, түрлі курстарға жол­дамалар мен білім алуға септесетін зама­науи құрылғылар берілетін. Сондай мүм­кіндіктің бәрі көп ізденуге, оның соңы ғылымға жетеледі. Бакалавриатты бітірерде енді шығып жатқан наноматериал бойынша бата­рея жасадым. Наноматериалды сынайтын жоғары сапалы құрылғы Жапонияда бол­­ғандықтан, сол елде осы жұмысымыз зерт­­теліп, жақсы нәтиже алып, ғылыми мақала жарияланған. Қытайда батарея жасау­да маған Ануар мұғалім ғылыми жетек­ші болды.  Сол кісінің жетекшілігімен  уақы­ты­мыз­дың  көбі зертханада өтетін.  Тіпті кей­бір зертханалық жұмысты таң ата бітірген кезі­міз  де кездесті. Онда ғылымды қалай жасау керегін, ғылымнан нәтижені қалай алуға бола­тынын үйрендім, – деді қолданбалы химия­мен бакалавриатта-ақ айналысқан Ж.Жеңіс.

Кейін анар жемісінің қабығынан түрлі пайдалы қосылыстар алған Ташкенттегі ең беделді Өсімдіктер химиясы ғылыми-зерттеу институтының ғалымымен танысып, бірге зерттеулер жүргізіпті. Осыдан соң кейіпкеріміз өсімдіктердің пайдалы қасиеттерін ғылыми тұрғыда дәлелдеу бағытына ден қойыпты.  Бәлкім бұл оның алуан түрлі өсімдіктердің әлемі бар Байөлкеде туғанынан, табиғаттың шипалы туындыларының қасиеттері мен қазақша атауларын үнемі айтып отыратын әкесінің әңгімесі санаға сіңгенінен де болар.  Ғалым органикалық қосылыстардың технологиясы бойынша магистратураны және өсімдік химиясы бағытында докторантураны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінде, фармакогнозия бойынша постдокторантураны Жапонияның Токио қаласындағы Хоши университетінде оқып бітірді. Токиода 2 жыл бойы Фармакогнозия факультетінде өсімдіктен органикалық пайдалы, биологиялық белсенді қосылыстарды бөліп алғаннан бастап, қайтадан олардың құры­лымын анықтау, биологиялық бел­сен­ділігін зерттеуге дейін біртұтас жұмысты дер­бес атқарды. Кейін Оңтүстік Кореяның Кионсан ұлттық университетінің Өмір туралы қол­данбалы ғылым бөлімінің аға ғылыми қыз­меткері болды. Мұнда да әртүрлі ауру­ларға, диабетке, тұмауға қарсы табиғи қо­сы­­лыстарды зерттеді. Содан соң Қытай ғылым академиясына қарасты Химия және фи­зика институтының «Жоғары талантты ғалым» деген аталымы бойынша арнайы шақыртуымен обырға қарсы өсімдіктердің қасиет­теріне зерттеулер жүргізіп, толымды еңбек етті. Сөйтіп, халықаралық деңгейде тәжі­рибе жинап, елге, атамекеніне оралды. Қазір Әл-Фараби университетіндегі Дәрілік өсім­діктерді ғылыми-зерттеу орталығына жетек­шілік етеді. 

– Ғылыми орталығымызда еңбек етіп жүрген зерттеу тобымның негізгі тақырыбы – жусан және жусанның дәрілік қасиеттері. Жусан – әртүрлі аурулардың алдын алуда қолданылатын дәрілік өсімдік. Көбіне белгілі, жусанды зерттеу жұмысына Нобель сыйлығы да берілген. Осы өсімдікті қазақ халқы ертеден түрлі мақсатта қолданып келді, бірақ оны ғылыми негіздеуге жеткізбеген. Бір ғана Қазақстанда 81 түрлі жусан өседі, соның 19-ы – эндемик, яғни тек біздің елде ғана бар. Қазір біз осы жусанның түрлерін, оның обырға, тұмауға, диабетке, басқа да ауруларға қарсы белсенділігін зерттеп жатырмыз. Жақында зерттеу тобымызбен эндемик жусанның түрлерінен жаңа қосылыстарды бөліп алып, оның обырға қарсы белсенділігін зерттегенде өте жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Біз бөліп алған қосылыстар иммунитет арқылы қатерлі ісік ауруларын емдеу әдістерінде жоғары дәрежеде белсенділік көрсетті. Енді осы қосылыстардың обырға қарсы белсенділігін дәлелдеу жолында тер төгіп жатырмыз. Былтыр елімізде өсетін жусандардың диабетке және тұмауға қарсы белсенділігін зерттеуге гранттық қаржыландыру алдық. Жусанды жан-жақты зерттеуіміздің үшінші бағыты етіп қазақ даласында ғана өсетін осы бір дәрілік өсімдік түрлерінің тері ауру­ларына қарсы белсенділігін де сынақ­тан өткерудеміз. Осыншама зерттеудің нәти­жесінде біз жусанның 6 түрінен, яғни жусан экстрактілерін, антиаксидантты белсенділігін пайдаланып, иісмай мен жақ­па­май алдық. Өйткені зерттеулер барысында жусанда теріге сіңу қасиетінің жоғары екенін анықтадық. Осы зерттеу бойынша жазылған ғылыми мақаламызды халықаралық беделді журналға жариялауды жоспарлап отырмыз, – деді профессор Жанар Жеңіс.

Кейіпкеріміздің бір топ ғалыммен бірге жусанға қатысты зерттеудің қорытындысы бойынша жазған көлемді ғылыми материалымен танысып шықтық. Халықаралық «Molecules» журналына шығарған «Traditional Use, Phytochemical Profiles and Pharmacological Properties of Artemisia Genus from Central Asia», тура тәржімелесек, «Орталық Азиядағы артемизия (жусанның ғылыми атауы) тұқымының дәстүрлі қол­данылуы, фитохимиялық профильдері және фармакологиялық қасиеттері» деген тақырыптағы еңбекте мынадай сөйлем бар: «Зерттеу деректері Қазақстанның жусан тұқымдас эфир майының бактерияға, зеңге және вирусқа қарсы белсенділігі бар екенін көрсетеді». Осыдан-ақ ғылымда жусанның біз білмейтін қасиеттерін анықтау, дәлелдеу жолында үлкен іс атқарылып жатқанын ұғуға болады. Осыншама еңбек етіп жүр­ген ғалым  жас зерттеушілерді ғылымға же­тектеу­мен, баулумен ғана емес, олардан елі­міздің зияткерлік әлеуетін арттыра алатын буын қалыптастыруға үлес қосып келеді.

– Студенттерге әрдайым өздерінен «Бұл өмірге не үшін келдім? Берілген өмірді қалай өткізуді көздеймін, өмірлік мақсатым тек ішіп-жеу, қыдырып, тойлау ма, әлде туған жерге, Отанға немесе адамдарға көмектесу, қоршаған ортаны қорғау ма? Мемлекет, қоғамды айтпағанда, өзім өмір сүріп жатқан жер шарына қандай оң әсер ете аламын?» деп сұрау керегін еске салып отырамын. Олардың өміріндегі мәнін осыдан аңғаруға болады. Жастардың көбі оқы­ған мамандығымен жұмыс істемей, ада­сып кетеді. Ізденушілерді үнемі қолымнан келгенше таңдаған мамандығына жауап­кершілікпен қарауға, өз кәсібіне адал болуға, сол арқылы тұлға болып қалып­тасуға шақырамын. Осыған қоса тіл білуге үгіттеймін, шет тілдерін білген – өте маңызды, халықаралық деңгейге шығуымыз дәл осы мәселеге келіп тіреледі. Отандық ғылымды дамыту үшін ғылымға жастардың  көбірек келуі керек. Жастар ғылымға бет бұруы үшін оларға табандылық қажет. Мұндай балаларды отбасынан, балабақшадан, мектептен бастап  баули аламыз, бұл үшін оларды кішкентай кезінен ғылымға бағыттаған абзал, – деп түйіндеді кейіпкеріміз.

Иә, тәрбие де, Отан да, тіпті таным-түсінік те отбасынан басталады. Осы ойға жетелеген Жанар Жеңіс – өзі де зиялы отбасынан шығып, бүгінде ұл-қыз тәрбиелеп отырған ана, сүйікті жар, енесімен бірге кітап оқитын сүйкімді келін, ізінен ерген ізашарларға үлгілі жан.