1998 жылдың көктемі. Бұрынғы облыс орталығы Ақмола республика астанасы атанып, абыр-сабыр болып жатқан кез. Жан-жақтан жиналған бір топ журналист «Астана ақшамы» шаңырағынан пана тапқан едік.
Бір күні алмас қылыш журналшы «Ана тілі» газетінің облыстағы тілшісі Жұматай Сабыржанұлы редакцияға келді. Қасына ертіп алған қалақтай қара бала бар. Жүкеңнің дүрілдеп тұрған кезі. Аңтарылып аузына қараймыз. Жазуы жау түсіреді. Бірақ ауызекі сөзге шешен емес екен, әңгімесі бұдырлау. Аздан соң «Бастықтарың қайда?» деді. Біз басымызды шайқадық. Жүкең дүниенің төрт бұрышынан жиналып, жаңа қонысқа жерсіне алмай серек тасты паналаған жылқы сияқты ұйлығып отырған бізге бір қарап, жетегіндегі қара балаға бір қарап:
– Мына жігіт бұйырса, қаламы от, қарымы шоқ, сөзі терең, өзі кемел журналист болады, осыны жұмысқа ал деп айтпақ едім, – деді. Жалт бұрылып бәріміз қара балаға қарадық. Қоңырқай жүзінде сәл ұяңдау кейіп бар екен. Ағасының сөзіне қысылған сыңай танытты. Бұрынғылар «шын жүйрік мүсін жасырады» деуші еді, болса болар дедік. Бірдеңе деуге ақмолалық шолақ белсенділердің жүнін жұлып, сөзбен үйтіп жүрген Жұматайдан жасқанамыз.
Осы қара балаңыз қазіргі таңда қазақ журналистикасына бір кісідей еңбегі сіңген, әсіресе газеттің ішкі ағзасы секретариаттың қазанында қайнап, басылымның басқалар біле бермейтін жігін жымдастырып келе жатқан, қазіргі таңда «Egemen Qazaqstan» басылымының жауапты хатшысы Амангелді Қияс, міне бұйырса, ердің жасы елуге толып отыр.
Бұл азаматты өз басым ерте таныдым. Бас қала басылымында бірге қызмет істедік. Қара бала ақпарат бөлімінде. Күндіз-түні жаңалық іздеп сабылып отырады. Ол тұста күнде брифинг, одан қалды өңірлердің мәдени күндері өтеді. Тапсырмаға кейде жалғыз, кейде қоса шабамыз. Көбінде қара бала менің қасымда, біргеміз. Расын айтар болсам, Сібірдің суық рухы сіңген қалада қазақылық аз. Мен сияқты орыс көрмеген бейбаққа тап-таза қазақ ортасында өсіп, тәрбие көрген бұл жігіт кәдімгідей ес. Үнемі біргеміз. Өйткені Әужекең қаланы жақсы біледі. 1991 жылы осындағы С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогика институтының (қазіргі ЕҰУ) филология факультетін бітірген. Екеуіміздің қосамжарланып бара жатқанымызды көрген бастығымыз Талған Батырхан «құлынды бие кетіп барады» деп күледі екен...
Өмір өтіп жатты, өзен ағып жатты. Қара бала – Амангелді Алдоңғарұлы қалалық газетте жүріп ұшталды, шынықты, бапталды. Сосын өте ұқыпты. Сонысын байқаған болуы керек, кешікпей «Ақшамның» жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды. Газеттің өңін өзгертті, мазмұнын жаңартты, келбетін көріктендірді. Сөйтіп, бұл жігіт күні бүгінге дейін тапжылмай атқарып келе жатқан жұмысы «секретариат» деген таптың төл тумасына айналды.
Амангелдінің журналист һәм хатшылық ғұмырын көктей шолып айтар болсақ, «Қазақстан теміржолшысы» газетінде жауапты хатшы, «Нұр Астана» республикалық газетінде жауапты хатшы, «Айқара» қоғамдық-саяси апталығында бас редактордың орынбасары, «Ұлт Times» апталығында бас редактор. Сол газеттің шығармашылық жағын басқара жүріп, Қазақстандағы барлық айдары тек қос сөзден тұратын батыл да оқылымды газет жасай білді. Одан кейін ел газеті «Егеменге» ауысты. 2013 жылдан бері бұл басылымда жауапты хатшының орынбасары, шеф-редактор, жауапты хатшы қызметтерін ойдағыдай атқарып келеді.
Егер де қара бала біз сияқты біржақты жазумен шұғылданғанда жұрттың алды болмаса да, қатардан қалмасы анық еді. Әлі есімде, шамамен 1998 жылдың мамыр айы. Амангелді жалаң материалды пайдаланып, майдангер туралы мақала жазды. Сол күні газетте кезекші мен едім. Бас редакторымыз Жұмагүл Саухат жазбаны бір қарап шығып, «Мына адам өмір де бар ма, әлде жоқ па?» ашып жазыңдар дегені. «Енді қайттік». Мен Амангелдіге қараймын. Ол иығын көтереді. «Аманжан, – дедім, тығырықтан шығатын жол тауып, – Мақаланы қайта жазып шық. Оқыған адам ардагердің не өлі, не тірі екенін білмесін. Ортасын ұста». Әужекең біраз қипақтады. Басқа жол жоқ, үстелге отырды. Қысқасы, ардагерді не өлтірмей, не тірілтпей алып шықты. «Қысылғанда қымыз шықты» дегендей қара баланың ғаламатын сонда көрдім.
Осы жылдары бас қалада апта сайын «Көше мерекесі» деген той өтеді. Оны ұйымдастырушы – Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары, қазақтың қайраткер қызы Оразкүл Асанғазы. Көрермені – біз. Айтыс өтеді. Оған біз ортамыздан Амангелдіні қосып жібереміз. Кәдімгідей айтысады. Тіпті бұл жігіт 1998 жылы тұңғыш ұйымдастырылған Халықаралық жастардың «Шабыт» фестивалінде бас қала атынан айтысқа қатысқаны бар. Қара баланың ұстазы Жұматай айтатын: «Амангелдіден жақсы жазушы шығады, өйткені оның арғы жағында ақындық қуаты бар», деп. Бірақ өлең жазғанын көрмедік.
Бертінде Сырдың құйқалы өңірі Амангелдінің туған жері Тереңөзекке жолым түсті. Бұл ауылда көгалдағы хоккейден әлемге әйгілі спортшы һәм бапкер Сұлтан Қобыландин тұратын. Сол кісіге жолығып, тәжірибесін жазып алдым. Сұрастырып білсем, қара баланың туған аулы Қалжан ахун жеті-ақ шақырым жерде тиіп тұр екен. Тартып кеттім. Әкесі Алдоңғар мен анасы Күлпан мені жақсы біледі. Талай дүркін дәмдес болғанбыз. Қариялар қуанып қалды. Бұлар өзі көп ағайынды. Бәрі оқу қуып, жан-жаққа кетіп қалған. Қара шаңырақта кенже інісі Бақытбек қалыпты.
Ол үй ауылды қақ бөліп жатқан «Амангелді» көшесінің бойында екен. Қос қарияның дәмін татып отырып Әужекеңе телефон шалдым. «Сен ауылдағы жалғыз көшені өз атыңа қашан қойып алғансың?» деймін ғой бастырмалатып... Менің қалжыңымды түсінген Күлпан анамыз бір күліп алды да, мына бір қызық әңгімені айтты. «Осы Амангелдіме аяғым ауыр кез. Фермада сауыншымын. Кенет толғағым қысып, перзентханаға жете алмай, үйде босанып қалдым. Жанымда енем бар. Бірақ ол кісінің көзі мүлдем көрмейтін еді. Жарықтық қарт адам, Амангелдінің Шұға әжесі кіндікті дұрыс кеспесе керек. Дереу көрші Күлән деген пысық келіншекті шақырып, екінші рет кіндігін кестік. Сөйткен менің Аманжанымның екі кіндік шешесі болған».
Міне, екі дүркін кіндігі кесілген азамат – бүгінде ортадан ойып орын алған белгілі азамат. Қаламы жүріп тұрған 24 жасында «Шабыт» фестивалінің Б.Бұлқышев атындағы лауреаты атанды. Кейіннен «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, «Құрмет» орденімен марапатталды. Жан жары Гүлжиһан Кеңес – С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық ғылыми зерттеу университетінде аға оқытушы, экономика ғылымдарының кандидаты. Екеуі бала-шағасын өсіріп, берекелі отбасының бекем ұйтқысындай өсіп-өніп келеді. Жасай бер, қара бала!