Қазақтың түсінігінде ұлу деген – теңізде тіршілік ететін жұмсақ денелі омыртқасыз жәндік. Басқаша айтқанда, құрттың бір түрі. Адамдар оның сыпырылып қалған сауытын теңіз түбінен тереді. Қатты сауытты құлағыңызға тоссаңыз ерекше уіл естіледі. Ал үрлесеңіз керней дыбысы шығады.
Ерте кезде көшпелілер теңіз ұлуының сауыт-қабыршығын пайдаланып, үрмелі аспап жасаған екен. Түрлі дыбыс шығаратын аспап. Осы әрқилы дыбыс арқылы жұртқа хабар жеткізеді. Мысалы, «жау шапты» десе басқаша үнмен, «құрметті қонақ, елші келді» десе бөлек үнмен, сондай-ақ «шұғыл жиналыс өткізу» қажеттілігі туса, тағы бір үн шығарып, жұртқа хабар беретін болған.
Көшпелілер дала соғыстарында ұлу кернейдің үні арқылы «шабуылдау», «шегіну», «бөктерлей соғу», т.б. жауынгерлік қимыл жасауға қолданған. Мысалы, қырғыз халқының эпосы «Манас» жырында:
«Шаң аспанға бұрқырап,
Тұс-тұстан қол қиқулап,
Қара жерді шайқалтып,
Дабыл қаға шу тартып,
Жез кернейлер даңғырап,
Жез сырнайлар жамырап,
Найза ұштары қылтылдап,
Қол қарыса былқылдап,
Балташылар бөлініп,
Найзашылар көрініп,
Шаң ауада ұйлығып...» –
деп жырланады.
Осы жырда айтылғандай, ұлу сауытының сырты берік болу үшін жезбен қаптайтын болған. Жақында Моңғолия елінің астанасы Ұланбатыр қаласына барған сапарымызда сол елдің Ұлттық музейінде сақтаулы тұрған ХІХ ғасыр мұрасы ұлу қабыршықты сырнай-кернейлерді көрдік