Менің замандастарым Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қиын кезеңде оқып, мектеп бітірді. Сол кезде қазағы 90 пайыздан аса Қызылорда қаласында қазақ тілінде білім беретін екі ғана орта мектеп бар еді. Бірі – 1 май атындағы, екіншісі – №6 қыздар мектебі. Ал бес орта мектеп орыс тілінде жұмыс істеді.
Маңайға көз салсақ, сол 1956 жылы 1 май мектебін (қазіргі Қ.Мұхамеджанов атындағы) бітірген 105 ұл-қыздан қазір бірен-саран ғана қалыппыз. Солардың бірі – КСРО және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қызылорда облысының құрметті азаматы, Сыр бойының денсаулық саласында алпыс жыл, оның елуден астамын басшылық қызметте келе жатқан Тұрғанбай Маханов.
Тұрғанбай 10-сыныпты бітірген соң, Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтының емдеу факультетіне оқуға түсті. Институтты тәмамдағаннан кейін Жалағаш аудандық ауруханасында дәрігер-хирург мамандығы бойынша еңбек жолын бастады. Мамандығына деген ерекше ықыласы оның өмірлік серігі, өсер өресі болды. Осы ықыласы облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметінде жүргенде Денсаулық сақтау министрлігіне, науқастың алдын алу, емдеу басқармасы басшысының орынбасарлығына, осы бөлімнің басшылығына қызметке шақырғанда сол кездегі министр Төрегелді Шармановқа алғыс айтумен шектелді. Себебі бұл лауазымға қосымша оның өз мамандығын жалғастыруына мүмкіндік болмады.
1965 жылы облыстағы жас мамандарды жіті қадағалап отыратын облыстық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы София Мақашева маман және білікті азамат ретінде қалыптаса бастаған Тұрғанбай Махановты орынбасарлық қызметке шақырды. Оның мамандығына байланысты өтінішіне басшы түсіністікпен қарап, орынбасарлық лауазымына қоса облыстық аурухананың травматология бөлімшесінің травматологі қызметті тапсырды.
Тұрғанбай Маханов орынбасарлықпен қоса облыстық ауруханадағы қосымша қызметі кезінде ұжым жұмысымен етене танысты, жақсы тәжірибе жинақтады, өз мамандығын жетілдіре түсудің ғылыми жолын да барлады. «Қолдың зақымдануы кезінде бастапқы және кешіктірілген тері трансплантациясы» деген тақырыпта 1973 жылы Мәскеу қаласындағы Орталық дәрігерлер мамандығын жетілдіру институтында кандидаттық диссертация қорғады. Кейін оның саусақтарға жасалынған операция тәсілі ТМД елдерінің хирургтері мен травматологтері өз тәжірибелеріне енгізіп, Мәскеу, Санкт-Петербург, Пермь қалаларының медициналық баспаларында жарияланды.
Облыстық аурухананың бас дәрігері қызметіне ауысқан 1976 жылдан басталып, жиырма екі жылға жалғасқан кезеңді Тұрғанбай Маханов жаңа ізденіс пен жоғары жауапкершілікті серік етті. Өзінен бұрын осы қызметте 19 жыл болған медицина ғылымдарының докторы Шәдібай Абдуллаев сияқты тәжірибесі мол, алғыр ұйымдастырушы, жігерлі басшы, адамгершілігі мол азаматтан кейін осы деңгейде жұмыс істеу жаңа басшыға оңай болмады. Бұрынғы басшы бастаған облыстық ауруханаға тиесілі 1 000 орындық науқастар тамақтанатын асхана құрылысын аяқтау, облыстық аурухананың күншығыс жапсарынан, бірінші қабатында науқастардың жанашырларымен кездесетін зал, екінші қабатында 350 орындыққа арналған конференц-залы бар екі қабатты ғимарат салу бұрын-сонды құрылыспен айналыспаған жаңа басшыны қосымша түсініктерге ие етті. Ол кейін қажетіне жарады, алдынан шықты. 1999 жылдың қаңтарында облыстық аурухана облыстық медицина орталығы болып қайта құрылғанда, қызметін директор лауазымында жалғастырған Тұрғанбай Маханов жаңалыққа жаны құмарлық басшы ретінде қарамағындағы әртүрлі деңгейдегі мамандармен тіл табыса білу сияқты қасиет басшыны өрге сүйреді, биікке көтерді. Өз мамандығыңның ғылыми биік иесі және ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы түрлі деңгейдегі конференция, форумдарға қатысып, сөз сөйлеп, баяндамалар жасап, халық денсаулығын сақтаудың маңызды мәселелерін, әсіресе, кейінгі кездегі Сыр бойында қалыптасқан экологиялық жағдайдың әлеуметтік зардаптарын жеріне жеткізе тұрақты көтеріп отырды. Ол 1994 жылы София қаласында өткізілген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұжымының мәжілісінде (Батыс Еуропа және Азия аймақтары үшін) Қазақстан атынан қазақ жерінің хал-ахуалымен бірге айрықша Арал аймағы экологиясының медициналық қырлары туралы сөз сөйледі. 30-дан аса ғылыми еңбектің, 1 монографияның авторы Тұрекеңнің басшылығымен облыс және Қазақстан дәрігерлерінің 5 ғылыми жинағы жарық көрді. Денсаулық сақтау министрлігі ғылыми медициналық кеңесі медицина жетістіктерін денсаулық саласына енгізгені үшін «Әл-Фараби» сыйлығымен, «Гиппократ ордені», «Ұлттық медициналық ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің ең жоғары наградасы «ave vitae» орденімен марапатталды.
Тұрғанбай Махановтың өмірінде аса бір елеулі кезең оның КСРО халық депутаты болып сайлануы еді. Рас, ол кезде облыстардан депутат болып міндетті түрде жұмысшы өкілі сайланатын. Ал Қызылордадан негізінен күрішші ұсынылатын. Өйткені ол кезде «Сыр күріші – ел ырысы» деген мәтел қалыптасқан-ды. Облыс Қазақстан күрішінің 75, Одақтың 25 пайызын беретін.
Кешегі кеңестік жүйедегі қайта құру бірсыпыра өзгеше ойларға жетелегені рас. Сондай тірліктің бірі облыстық ардагерлер кеңесі ел ішінде кеңінен танымал болған Тұрғанбай Махановтың кандидатурасын 1989 жылғы КСРО Жоғарғы кеңесінің сайлауына депутаттыққа кандидат етіп ұсынды. Мұны облыстық аурухана ұжымы қолдай кетті. Алайда бұл ұсынысты облыс басшылары құптаған жоқ. Облыстық іріктеу комиссиясында дауысқа түскен 13 үміткерден күрішші Айнаш Балғабаева – 48, Маханов 52 пайыз дауыс алды. Бұл жағдай жоғары билік басындағыларды қатты ойландырды. Содан күн тәртібіне сайлау өткізу мәселесі қойылып, үшінші кандидат Байқоңыр әскери құрылыс басқармасының басшысы полковник С.К.Грескеевич болды. Ленинск қаласында өткен бұл сайлау қорытындысында Маханов 52 пайыз дауысқа ие болып, №631 территориялық сайлау округі бойынша КСРО-ның халық депутаты болып сайланды.
Одақтық деңгейдегі депутаттық мандат көптен ойда жүрген мәселені оятты. Оған негіз бар еді. Өңірдегі экологиялық жағдайдан туындаған жұқпалы індеттер мен табиғи көзі бар кеселдердің өршуі, инфекциялық аурулар көрсеткішінің республикадағыдан жоғары болуы, өкпе, ішкі бездер, онкологиялық және жүйке ауруларына шалдыққандардың жиілеуі, ана мен баланың шетінеуі тым жоғары деңгейде болды. Елдің санитарлық сауаттылығы, адамдардың өзіне және айналасындағылардың денсаулығына деген көзқарасы уақыт талабымен үйлеспеді. Мұның барлығы қалыптасқан жағдайды терең түсінген, жиырма жылдан аса облыс денсаулығы саласында басшы қызметте болған, енді одақтық дәрежедегі депутат Тұрғанбай Маханов қызметінің күн тәртібіне Қызылорда қаласында диагностикалық орталық ашу мәселесін қойды. Сыр өңіріндегі бұл проблемалардың Одақ бойынша ауызға алынуына өзіндік үлес қосты. Бұл Жоғарғы кеңестің V сессиясында арнайы айтылды да. Одақ депутаттарының алғашқы съезінде республика басшысына жолығып, өз ойымен бөлісті. Осыдан басталған жұмыс талай есікті қақтырды, талай республика, одақ деңгейіндегі басшыларға жолықтырды. Не керек, депутаттық парызына байланысты республикада алғашқы болып облыстық кеңес беру-диагностикалық орталық 1992 жылғы 4 желтоқсанда ашылды. Сонымен қатар көпсалалы аурухана кешенінің құрылысы да аяқталып, ол да жұмысын бастады. Бұл құрылыстарға сол кезде облыс басшылары болған Еркін Әуелбеков пен Сейілбек Шаухамановтың қосқан үлесі аз болған жоқ.
Дана халқым «Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деп тегін айтпаған. Сонау 1965 жылы облыстық денсаулық сақтау мекемесіне келгенде есеп жазуға қиналған, күнделікті түрлі тағдырлы науқастарға жолығу, түрлі деңгейдегі басшы, мамандармен қызметтес болу бойындағы бар мүмкіндікті, алған білімін, күнделікті өмір сабағын молайта түскен, адам деген алланың пендесінің сырын кеңірек байқатқан өмір мектебі Тұрекеңді майталман маман, қайраткер етіп қана қалыптастырған жоқ, қаламгер де етті. Ол – «Әйел бақыты», «Денсаулықтың ақ ордасы», «Өткен күнде белгі көп», «Сәдір сарайы», «Асыл аға», «Дәрігер парызы», «Жетпіс жастан кейін», «Облыстық медицина орталығының даму тарихы», қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Өмір өрнегі» атты кітаптардың авторы. Сондай-ақ алдыңғы толқын ағалары мен замандас, қызметтес болғандарға қарыз болып қалған жоқ. Олар туралы да қалам тартты. Біз «Өмір өрнегі» атты кітапты оқи отырып, дәрігерлік өмірдің адам қарым-қатынасындағы ерекше алаңы екені жөніндегі түсінігімізді тереңдете түстік.
Қазіргі таңда Тұрғанбай Маханов зейнет демалысында. Зейнетке шықса да, жұмыссыз емес, көпбейінді облыстық ауруханасының құрметті кеңесші директоры. Айтары жеткілікті, көргені көп жанның ақыл-кеңесін тыңдар үлкен ұжым бар, жастар бар, тыңдар құлақ, көргісі келетін көздер де аз емес.
Тұрғанбай Махановтың Сыр бойы халқының денсаулық саласындағы көпжылдық қызметі лайықты бағаланды да. Солардың ішінде «Бүкілодақтық денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісімен, «Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген дәрігері» құрметті атағына ие болып, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерімен марапатталды.
Кез келген азаматтың абыройын адал жары мен отбасы көтеретіні анық. Тұрғанбай Маханов сонау Ақтөбе медициналық институтының 5-курсында оқып жүргенде павлодарлық Сәруар Әділқызы екеуі шаңырақ көтерді. Бір-біріне сүйеніш, бірінің бағын бірі биіктете түсіп, ұрпағының қызығын көріп, 60 жылдан аса бірге өмір сүріп келеді. Әсілі, қатар өмір сүру жарасымдылық қана емес, мына пәни дүниенің айрықша мәні екені түсінікті.
Әбдіжәлел Бәкір,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы