• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Еңбек 27 Наурыз, 2024

Шебердің қолы ортақ

162 рет
көрсетілді

Қызылжар тұрғыны Кенжебек Таңатовқа ағаштан түйін түйген өнер арғы ата-бабасынан дарыған. Ағашқа ою-өрнек сала отырып, түрлі бұйым жасау – сүйіп айналысатын жұмысы.

Әрине, оны кәсіпке айналдырып, тамақ асыраймын деп ойлаған жоқ-ты, алайда бұйымдарына қызығушылық танытып, сатып алушылар пайда бола бастағанда, бұл істі табысты бизнеске айналдыруға болатынына көзі жетті.

Қазір Кенжебек арнайы станок сатып алып, тұтас өндіріс кешенін құрып отыр. Сөйтіп, 2020 жылы «Creativ kz» кәсіпорнын тіркетеді. Алдымен өз үйін­де тапсырыс қабылдап, әсемделген қа­йың тақтайдан оюмен жасалған аяқ-та­бақтар, асүйдің жарақтары, ескерт­кіш тақталар жасап жүрді. Одан әрі ұсы­нысқа байланысты төр шежіресін әсем­деп жасап беретін болды. Осы бұйым жер­лес­тердің қызығушылығын тіпті арт­тыра түсті. Тапсырыс беруші клиент­тер кезекке алдын ала жазылатын болды.

Бизнесін дамытуды ойла­ған Кенжебек «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша ұсы­ныл­ған 48 жобаның бірі болып конкурсқа қатысып, 500 мың теңгенің қайтарымсыз грантын жеңіп алған. 2021 жылы цех ашып, ісін одан әрі дөңгелетті. Шикізаттық материалдарды Кенжебек негізінен Астана мен Алматыдан алатын көрінеді.

«Ағаштан істелген бұйым­дар­дың көптеген артықшылығы бар. Алдымен олар экологиялық тұрғыдан таза. Құрамында еш­қандай зиянды токсиндер жоқ. Үй-ішіндегі бала-шаға да, үл­кендер де еш қауіптенбей ұстай береді. Екіншіден, шикізат көзі жақын болғандықтан жаса­ған бұйымдарымның бағасы жоғары емес, ол барлық тұр­ғын­ға қол­жетімді. Үшін­шіден, мен тап­сырыс беру­шінің барлық қа­лауын ағаштан жасай беремін. Кейбіреулер той үшін арнайы тап­сырыс береді. Жалпы, ба­ға­лы ағаштан жасалған заттар кез келген ин­терьерге сән береді», дейді Кенжебек Таңатов.

2022 жылы Кенжебек «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарда арналған ұлт­тық жобасы» Мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы 5 млн теңге несие алды. Оның жыл­дық өсімі 23 пайыз болға­нымен «Даму» қорының суб­си­диялауы­мен өсімнің 6 па­йы­­зын ғана төлейді. Сонымен қатар несие бойынша ешқандай кепілдік зат талап етілмейді. Осы несиенің арқасында қазір Кенжебек ағаш сүргілейтін, оюлайтын лазерлік бағдарламалық станок, 3D принтер сатып алып, IT технологиялары арқылы тақтайға сурет салуды жасайтын болған. Қазір біздің облыс қана емес, оған тапсырыс берушілер көршілес өңірлерден де келетін болды.

Той сәнін келтіріп, тақтайға оюлап жазылған әдемі тілектер, фотоларға арналған өрнекті жақ­тау­лар, тойбастар табақтары, астаулар, декоративтік қораптар көздің жауын алады.

Ағаштан түйін түйген ше­бер­­дің цехында қазір 5 адам нәпақасын айырып отыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы