Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Дүниежүзілік қормен бірлесіп еліміздегі ландшафттарды тұрақты қалпына келтіру жобасын әзірлеп жатыр.
Өсімдіктердің биоалуантүрлілігін сақтау мақсатында 152 елде тұқым қоры құрылған. Қазіргі уақытта әлемде мыңнан аса ауыл шаруашылығы дақылдарының, табиғи флораның, жеміс өсімдіктерінің және т.б. тұқым қоры бар. Еліміз кейінгі онжылдықта ормандардың азаюы және орманның табиғи алуан түрлілігінің жойылу проблемасына тап келіп отыр. Алайда қазақ жерінде орманды қалпына келтіру және экожүйені сақтауда маңызды ағаш, тал түрлері тұқымдарының ресурстары мол екенін айтады мамандар. Осыған орай Дүниежүзілік тұқым қоры Қазақстанда ландшафттарды тұрақты қалпына келтіру жобасын қолға алды. Оның аясында орман өсімдіктері тұқымдардың генетикалық қоры құрылып отыр.
«Орман өсімдіктері тұқымдарының генетикалық қоры – өсімдіктердің генетикалық материалдарының сақтау қоймасы. Осы арқылы ормандардың әртүрлілігін және генетикалық тұтастығын сақтауға болады. Бұл – еліміздің әр өңірінен жиналған түрлі орман тұқымдарын сақтайтын ерекше платформаның бірі. Қор генетикалық ақпарат қорының қызметін атқарып, өрттен, аурулардан, кесуден және түрлі төтенше жағдайлардан кейін орманды қалпына келтіруге мүмкіндік береді», дейді қор сақтаушы мамандар.
Олардың айтуынша, елімізде тұқымдардың генетикалық қорында сақталатын ағаш түрлерінің бастапқы тізбесі түрлерді қорғау, ландшафтта таралуы, зиянкестер мен ауруларға төтеп беретін талаптарға сай сұрыпталып жасалды. Тізімге Қызыл кітапқа енген бірегей және сирек кездесетін ағаш өсімдіктерінің 46 түрі, белсенді абаттандыру іс-шаралары үшін әлеуеті бар перспективалы түрлер, орман құруда маңызды рөл атқаратын орман құрушы түрлер кірді.
«Тұқымдар қорында өсімдіктерді сақтау және олардың түрлерін көбейту жұмыстары еліміздің ландшафттарының ұзақмерзімді тұрақты дамуына қажетті қадамдардың бірі болмақ. Ол ормандарды қалпына келтіруге, биоалуантүрлілікті көбейтуге және жердің деградациясы мен климаттың өзгеруімен күресуге мүмкіндік береді», дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев.
Дүниежүзілік қормен бірлескен жоба аясында орман тұқымдарының генетикалық қоры материалдық-техникалық базасын құруға қолдау көрсетіліпті. Мәселен, орман тұқымдарын сақтау мен кептіруге, оларды қабылдауға қажетті құрылғылар, аспаптар және автотранспорт сатып алынған. Бұған қоса зертхана қажетті техникамен және жиһазбен жабдықталып, орман тұқымдарын тексеру үшін шығын материалдары мен оларды сақтауға арналған арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілгенін байқаймыз.
Жоба жетекшісі Ерлан Мұратовтың айтуынша, зертханада микроклондау әдісі тәрізді ғылыми жұмыстар сәтті іске асып отыр. Бұл өсімдіктерді көбейтудің қысқа әрі жеделдетілген жолы екен.
Зертхана жұмысы барысында клондық отырғызу материалын алу әдісі әзірленіп, ағаш-бұталардың әртүрлі түрлерін «invitro» жағдайында сақтайтын меристемалық тұқымдар қоры да құрылыпты. Олардың ішінде Іле-Алатау тарамының сиверс алма ағаштары, карел қайыңы, манчжур қайыңы, қағаз қайың және т.б. бар. Мұндай тұқымдар қордың құнды қазынасы екені даусыз.
Кәсіпорынның орман биотехнология зертханасында жабық тамыр жүйесі арқылы тораңғы өсірудің жаңа технологиясы әзірленіп, сынақтан сәтті өтіпті. Бұл еліміздегі тораңғы ормандарының генетикалық әртүрлілігін сақтауға мүмкіндік береді. 2018 жылы еліміз Бонн бағдарламасы аясында 2030 жылға қарай 1,5 млн гектар орман алқаптарын қалпына келтіруге міндеттеме алғаны белгілі. Жоба республиканың орман қорын ұлғайтып, жердің тозуын азайтады деп жоспарланған еді.
Мамандар тұқымдардың генетикалық қорының құрылғаны өте жағымды жаңалық болғанымен, елдегі климаттық жағдай, топырақ құрамының тозуы ормандарды қалпына келтіруге әлі де болса қауқарлы емес екенін мойындайды. Қордың бір артықшылығы – әр өңірдің генетикалық ерекшелігін сақтау арқылы экожүйелер үшін тұқымдардың қажетті сортын таңдауға болады. Бұл ландшафттарды қалпына келтіру жобасының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді-міс.
Орман тұқымдарының генетикалық қоры табиғатты сақтауға және болашақта тұрақты өмір сүру ортасын құруға бағытталған экологиялық жауапты іс-шаралардың тәуелсіз құралына айналып қана қоймай, жоба жасыл экономика мен еліміздің тұрақты дамуына маңызды қадам болмақ.