Қарағанды аймағына да қарғын судан қауіп төніп тұр. Еріген қар суының кесірінен бірнеше бағыттағы жол жабылғанына үш-төрт күн болды. Бірнеше ауылға су барды. Жергілікті атқарушы орган, төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері күні-түні қам-қарекет жасап жатыр.
Сонымен, кейінгі дерек бойынша республикалық маңызы бар жолдың бір учаскесі, облыстық маңызы бар жолдың үш учаскесі және жергілікті маңызы бар жолдың бір учаскесі әлі жабық тұр. Шет ауданындағы республикалық маңызы бар Алматы – Екатеринбург тасжолының 1 610 шақырымында қардың еруі салдарынан жолды су басты. Ені 90–100 м, тереңдігі 10–20 см. «ҚазАвтоЖол» АҚ түстен кейін Ақсу-Аюлы тасжолын уақытша ашып, сол аумақтан 270 жүк көлігі колониясын шығарған еді. Алайда жүк көлігі жүргізушілерінің бірі жол қауіпсіздігі ережесін сақтамай, жол жиегіне шығып кетіп, аударылып қалған. Жұмыс істеп жүрген үш «КамАЗ» да аударылып қалған. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Жүргізушілер эвакуацияланып, экскаватордың көмегімен аударылған жүк көліктері де шығарылды. Алдыңгүні кешкісін бұл бағыттағы жол ашылды.
Шет ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Қайрақты, Ақсу, Красная Поляна, Деріпсал елді мекендерінде 40 үйді су басып, 292 адам эвакуацияланды, оның 114-і – балалар. Қазіргі уақытта барлық эвакуацияланғандар қауіпсіз жерлерде, қауіп-қатер мен су деңгейі төмендеген уақытта тұрғындарды тұрғылықты жерлеріне қайтару мәселесі қарастырылады.
Шерубай – Нұра өзені де тасып, онда ұзындығы 600 метр уақытша бөгет салынып, қаптар төселіп, тасқынға тосқын қойылып жатыр.
Жолдарды су басу жағдайы Ұлытау облысы бағытына қарайғы Топар кентінде, Теміртау – Нұра және Ботақара кентіне қарай баратын жолдағы Петровка елді мекені жанында да орын алды. Қарқаралы бағытында Ботақара аулы арқылы Павлодар тасжолының бойымен Доскей, Сенокосное ауылдары арқылы өтетін айналма жол бар.
«Ақтоғай ауданындағы Ақтоғай – Нұркен облыстық маңызы бар жол жабық. Қарқаралы ауданының облыстық маңызы бар Егіндібұлақ – Қоянды – Бүркітті автожолының 67 шақырымында су тасыған. Шет ауданының Ақой – С.Сейфулин – Ақсу-Аюлы – Ақтоғай – Балқаш» облыстық маңызы бар 134 шақырымында қардың еруінен жол бойынан су асып кетті. Ені 200 м, тереңдігі 30 см. Жолдың бұл бөлігі жабық, облыстық жол арқылы баламалы бағыт бар. Шет ауданының Нұраталды ауылдық округіндегі Шопа аулына кіреберіс жолында қар еріп, Шерубай – Нұра өзені деңгейінің көтерілуінен су тасқыны (ені 300 м, тереңдігі 20 см) орын алды. Шопа аулына жол жүру шектелген», деген хабар таратты облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
«Аталған тасжолдарда полиция қызметкерлерімен жолдарды жабу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режімде жұмыс атқарылып жатыр. Жалпы, облыс бойынша су тасқыны кезінде жол жабу үшін Полиция департаментінің 86 жеке құрамы және 42 техника жұмылдырылды. Облыс жолдарында шамамен 350 жеңіл, 320 жүк және 26 қоғамдық көлік, сондай-ақ 3 мыңнан аса жүргізушімен жолаушылар қалып қойды. Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті атқарушы билік өкілдерімен қауіптің алдын алу мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Қарағанды облысы тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, алыс жолдарға шықпауға шақырамыз», дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы Дәулет Қонақбаев.
Қарағанды облысының су қоймаларында тасқын суды жинау және өткізу штаттық кестеге сай өтіп жатыр. Су шаруашылығы нысандарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Қажетті арнайы техникамен жабдықталған жөндеу бригадалары бар.
Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Самарқанд су қоймасында 73 млн текше метр көлемде бос орын дайындалды. Бүгінде су қоймасы 83 пайызға толы. Жиналған судың жалпы көлемі 212 млн текше метр. Бос көлем 43 млн текше метр. Ынтымақ су қоймасында 68 млн текше метр бос орын дайындалды. Бүгінде су қоймасында 51 пайыз бос орын бар. Жиналған судың жалпы көлемі 53 млн текше метр. Су қоймасы қосымша 56 млн текше метр су қабылдай алады. Жазғы-күзгі кезеңде су тораптарының металл бекітпелерінде жүк көтеру механизмдерін тексеру арқылы регламенттік жұмыстар жүргізілді.
Кеше Нұра ауданы Нұра аулы Құндызды өзенінің үш учаскесінде 8 мың шаршы метр болатын аумақта мұз жару жұмыстары жүргізілді. Мұз ұсақтау жұмыстары Осакаров ауданының Николаев аулындағы Сабырқожа өзенінде жалғасып жатыр.
Су тасқыны жағдайы қатаң бақылауда. Облыста жедел штаб су тасқыны жағдайын тәулік бойы қадағалап отыр. Барлық қызмет күшейтілген жұмыс режіміне ауыстырылды.
Қарағанды облысы