Мемлекет басшысы жетім мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселесіне баса назар аударып отыр. Әсіресе олардың баспанамен қамтылуын ерекше тапсырған-ды. Осы мақсатта Осакаров ауданы әкімдігі үй кезегінде тұрған 18 отбасыға баспана кілтін табыстады.
Аудан әкімі Руслан Нұрмұханбетов пәтер иелеріне кілт табыстап, қуанышына ортақтасты. Жаңа баспана иелеріне құтты болсын айтып, мұндай игілікті шаруаның әрі қарай да жалғасатынын атап өтті.
Ата-ана қарауынсыз қалған балалар мен жетімдердің жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйден бірінші кезекте баспана алуға құқы бар. Әрі баспанамен қамтуды әкімдік жүзеге асырып отырады.
Үй кезегінде тұрған осындай санаттағы жандарға Осакаров ауданында 2020 жылдан бері жаңа үйлер салынып жатыр. Кезең-кезеңімен кезекте тұрған жандарға үлестіріліп келеді. Бұл жолы ата-ана қамқорлығынсыз қалған бес балаға, көпбалалы үш отбасыға және әлеуметтік осал топқа жататын 10 адамға пәтер кілті табысталды.
Жаңа үйге жауапты болған мердігер компания пәтер ішіне толық жөндеу жасаған. Екі және үш бөлмеден тұратын пәтер іші кең әрі жарық. Барлық пәтер тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына берілген. Ондағы мамандар кезекте тұрған жандарға үлестіріп берген. Сәуір айында тағы сегіз отбасын баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Оның ішіндегі екі пәтер асыраушысынан айырылған жандарға берілмек.
Жергілікті әкімдіктің дерегін сөйлетсек, Осакаров ауданында тұрғын үйге мұқтаждар ретінде есепте тұрғандар тізімінде 996 адам бар. Оның 626-сы – жетім балалар. Ал 176-сы – әлеуметтік осал топтағылар. Бұған қоса 136 бюджеттік ұйымдардың қызметкері, 49 көпбалалы отбасы да бар. 9 отбасының үйі қауіпті деп танылған.
Үйдің кезегінде екі жыл тұрып, жаңа үйден үш бөлмелі пәтер иеленгеннің бірі – Ольга Иржавская. Үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы ананың қуанышында шек жоқ. Бұған дейін ата-енесімен бірге тұрып келген.
– Мұнда барлық жағдайымыз ойластырылған. Жөндеу жұмыстары толық жүргізіліпті. Едені қапталып, қабырғалары сыланған. Біз тек көшіп келе саламыз. Үлкенім 11 жаста болса, кенжеміз – алтыда. Балаларыммен бірге үйімізді көріп, кілтімізді алдық. Олар ерекше қуанып жүр. Енді тезірек көшкілері келеді, – дейді Ольга Александровна.
Міне, бір-ақ күнде көрші боп шыға келген 18 отбасы кезек-кезек қоныстой тойлайды.
Қарағанды облысы,
Осакаров ауданы