«Өзбекәлі және мәдени майдан» деген кітап туралы әр жерде естіп қалып жүр едім. Таяуда қолыма тиіп, оқып шықтым. Авторлардың (С.Керімбай, Ә.Нәби) кітапты жазу үшін әжептәуір дайындалғаны байқалады. Айтарлықтай еңбектеніп, деректер іздеп, кейіпкердің көзін көрген адамдармен жүздесіп, біраз ақпарат жинаған.
Жиналған материалды қысқа-қысқа бөлімдерге бөліп беру, мазмұнын ашатын тақырыптар қою және әр бөлімге ұлттық аспаптардың, оюлардың суреттері салынуы да – Өзбекәлі Жәнібековтің мұрасын таныстыру, есте қалдыру үшін орынды қолданылған әдіс. Кітаптың өтімді болуы жақсы ойластырылған: мұқабасы қатты емес, жеңіл қағазға бастырылған, сондықтан оны өзіңмен бірге алып жүру ыңғайлы.
Авторлар ең алдымен Өзбекәлі Жәнібеков туралы толымды ақпаратты жеткізуді мақсат еткен. Көркем туынды емес, талдамалық материал. Керек кітап. Өмірде болған оқиғаларға негізделгендіктен, қызықтырып, тез оқылады. Бас кейіпкердің қызметке адал берілген, адамдармен қарым-қатынасында шыншыл, өзіндік ұстанымы бар бейнесі сомдалуы – жастарға үлгі боларлық. Дегенмен кейбір тұстарда Өзбекәлі Жәнібековті жалтақтамай, ойын тік айтатын адам етіп көрсетемін деп, аузына дөрекі сөздер салғаны құптарлық емес. Өмірде солай болған да шығар, бірақ, оны бізге жеткізіп отырғандардың қандай пиғылмен айтқанын да ой таразысына салған жөн-ау...
«Базарға барған жүз кісі – әркім танығанына сәлем береді» демекші, мені Өзбекәлі Жәнібековтің Торғайда қызмет еткен кезеңі қалай жазылғаны қызықтырды. Өйткені ол кезде мен жоғары сыныпта оқитынмын, Арқалықта болып жатқан мәдени-саяси оқиғалардың көбіне біздің буын куәміз. Владимир Черненко қалалық, Бекболат Бірбаев облыстық жастар ұйымының бірінші хатшысы болып сайланған комсомол конференцияларына делегат болдым. Айтқандай, сонда қазір «Арқалықтың ақ таңы» соған арналды деген болжам айтылатын Зәуреш үшінші хатшы болып сайланған.
70-жылдары Арқалықта біз оқыған жалғыз қазақ мектебі болды – қалаға келген ғалым, батыр, ақын-жазушылардың бәрін дерлік кездесуге әкеледі. Институт әлі ашылған жоқ, қазақ ақын-жазушылары үшін жалғыз аудитория болдық. Қасым Қайсенов, Қадыр Мырзалиев, Әсет Бейсеуов, Жүсіп Қыдыров, Кеңшілік Мырзабеков... басқа да көптеген тұлғаларды бірінші рет осында көргенбіз. Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың сапарында да мектепте кездесу өткен – біз композитор ағамыздың безектеп, пианинодан қашқақтағанын әлі күнге күліп еске аламыз.
Сондай кездесулер бойымызда әдебиетке, мәдениетке, тарихқа деген сүйіспеншілігімізді оятты. Кітапқа құмарлығымыз артты, спорттық сайыстарға белсене қатыстық, мәдени іс-шаралардан қалмауға тырысатынбыз. Театрдың ашылуы қарсаңында айналасында сенбілік өткізіп, «Айман-Шолпанмен» шымылдығы ашылғанда алғашқы көрермендері болдық. Одан кейін «Ай тұтылған түн» қойылды.
«Торғай әуендері» фестивалі алғаш рет өткенде біз қазіргінің тілімен айтқанда «массовкадамыз». Өзбекәлі ағаның қаумалаған қыз-жігіттің ішінде толқынды қара шашы дудырап, қалың елмен жарқылдай амандасып жүрген бейнесі көз алдымда. Бүкіл Торғай жұрты үшін әлдебір қасиетті жандай қарайтын, әркім-ақ қасына баруға, онымен бір тілдесіп қалуға ынтық сияқты көрінетін маған. Біз болсақ алыстан көргенімізге мәзбіз. Арада бір-екі жыл өткенде аңыз-ертегілерден келген қаһармандай тұлғамен бетпе-бет кездесем деп ойлаппын ба?
Бірінші курстың қысқы каникулында пойыздың Арқалыққа баратын тіркеме вагонына мінсем, купеде бір жылы жүзді апай отыр екен. «Атым Қалихан» дегенде «Бұл кісіге де ер адамның атын қойыпты ғой» деп ойлағаным есімде. Өзі балаларымен Алматыда тұрады екен, жолдасы – Арқалықта қызметте. «Жәнібеков деген кісіні білесің бе?» деп сұрады. Білгенде қандай! Ол кісінің атқарып жүрген істері, халықтың пікірі туралы айтып отырып, тарихтағы көшбасшы адамдар туралы оқығаныммен параллель келтіріп қоям өзімше. Апайға жұбайы туралы пікірлер ұнағаны анық, жымиып тыңдады.
Жол бойы «ашқұрсақ студентсің ғой» деп тәттісі мен жылы-жұмсағын аузыма тосқан апай өз анамдай қарапайым, өз анамдай мейірімді жан екен. Қимай қоштастық. Қайтатын күні пойызға барсам, мына қызықты қараңыз, олар да вагон алдында тұр – ағай шығарып салуға келіпті. Апай туысын көргендей қуанып кетті, ағайға айтып, мені өз купесіне ауыстыртып алды. Қоштасарда Өзбекәлі ағай бетіме ойлана қарап: «Апаң «білімді қыз» деп мақтап отыр, жақсы оқы» деді. Мен тек басымды изей бердім...
Кітапты оқып отырып, осы жайларды жымия еске алдым. Бала кезімді, жастық шағымды еске түсірген эпизодтарды қуалай оқысам да, көңілімнің түкпірінде бір сұрақ тұр еді. Кітап жазу заңдылығы бойынша ол сұрағыма жауапты соңына қарай табам деген оймен мұқият оқыдым. Бірақ, таппадым.
Өзбекәлі Жәнібеков зейнетке шыққан соң «Арқас» деген қоғамдық қор құрып, соның аясында тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау мен қалпына келтіру, тілді өркендетіп, дамыту бойынша бірқатар жұмыс атқарған. Жарғының өзінде «Арқас» қазақ тілі мен мәдениетін өрбіту қоры» деп жазылған. Ал сол қордың жарғысын жазып, әділет органдарынан тіркеуден өткізген, Өзбекәлі ағамыздың соңғы күндеріне дейін қасында жүрген, ұлдарымен жақсы араласқан заңгер азаматпен мен Жоғарғы кеңесте қызметтес болдым. Қазір адвокат, Алматыда тұрады.
Қордың мөрі, жарғысының 2 тілде жазылып, бекітілген түпнұсқасы әлі сол кісінің қолында, маған көшірмесін берді. «Бұл – музейде тұруы керек заттар ғой», дегенмін. Заңгер ғой «заңды түрде рәсімдеп алса, беремін» деді.
Айтайын дегенім, бұған дейін жазылған еңбектерде де Өзбекәлі ағамыздың саяси-мәдени аренадағы халық рухын оятқан істері, жаңашыл қадамдары, ансамбль құрғаны, театр ашқаны, тіл үшін күрескені... қамтылып, жазылғанымен, осы бір жұмысы туралы ештеңе жазылмаған сияқты. Әйтеуір, менің көзіме түспеді. Мына кітапта да ештеңе айтылмапты.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
жазушы, филология ғылымдарының кандидаты