• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Тұлға 02 Сәуір, 2024

Мемлекеттік Дума депутаты, дін қайраткері

3753 рет
көрсетілді

Ұлт тарихында, ағарту бағытындағы жаңарулар үдерісінде ерекше тағдырымен көрінетін біртуар тұлға – Шаймерден Қосшығұл. Ол отаршылдық қысым мен Абай сынаған дін-исламдағы күрделі жағдайда (дағарадай сәлде, құранды теріс оқу т.б.) қарсылық пен адалдықтың рәмізіне айналды. Оның өмір жолы бізге рухтың күші мен озбырлықтан қаймықпауды еске салады. Осы ерекше адамның ғұмырбаян ізімен біз тарихтың беймәлім беттерін ғана емес, ең қиын сынақтарды жеңе алатын ұлт рухын байыптаймыз.

Шаймерден Қосшығұл – «ұмытыл­ған тұлғалар» қатарында халқымен ұзақ уақыт қауыша алмаған, бірақ қазіргі Қазақ­стан тарихынан лайықты орнын алып келе жатқан есім. Оның өмір жолы мен кү­ресі халықтың санасына отаршылдық сая­сат­қа қарсы күштің, сенімнің, батыл­дық­тың рәмізі ретінде енді.

1874 жылы дүниеге келген Шаймер­ден ауыл молдасынан тіл сындырып, әліпби үйреніп, одан кейін оқуын Көк­шетаудағы Науан хазірет мектеп-мед­ресесінде жалғастырды. Бұл кезде жас та алғыр бозбала білімнің маңызын және қоғамға тигізетін әсерін түсіне бас­таған еді. Оның күш-жігері молдалық яки мұғалімдік қызмет шеңберімен шек­телмеді, ол өз заманының мәдени және саяси қозғалысының жарқын өкілі болуға ұмтылды. ХХ ғасырдың басында патша билігі отаршылдық саясатын тереңдетіп, мұсылман қауымына қысым көрсетуін күшейткенде, Шаймерден қатарластарының алды болып сенімі мен мәдениетін қорғауға кірісті. Ол патша империясының қазақ халқының діни ұстындарын өзгерту және оны христиан дінін қабылдатуға мәжбүрлеу әрекеттеріне белсенді қарсы тұрды. Шаймерден ойлы, жүйелі сөзімен, іс-әрекетімен сенім мен мәдени біре­гейлікті сақтауға ұлтын ынталандыра білді. Халық оны ерекше сыйлап, «Шәйке молда» деп атаған. Ол ислам құндылықтарын қорғау және насихаттау үшін үлкен саясатқа барды. Бұл нәтижесіз де болмады.

II Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясының депутаттары тобы. Сол жақтан санағанда бірінші қатарда отырған – Ш.Қосшығұл.

Ол жат діннің зорлық-зомбылығы­на, Ресей империясының сыңаржақты аграр­лық реформаларына қарсы тұру­дың жөн-жобасын іздеді. Шаймерден көзсіз батырлықтан бұрын ақыл мен парасатты алға қойды. Науан хазірет екеуі ха­лықты зорлық-зомбылыққа итермелемей, бейбіт жолды – аймақтың түрлі көрнекті қайраткеріне түсіністік пен қол­дауды сұрап хаттар жолдады. Ал ресми үкімет бұған жауап ретінде шұғыл қуғын-сүргін ұйымдастырып, өзін де, жақтастарын да тінти бастады. Осындай «қылмыстық іздестіру» кезінде дана Абай үйінен Шаймерден Қосшығұлдың «қазақ халқының ар-намысы мен қадір-қасиеті үшін күресте күш біріктіруге шақыр­ған» хаты табылып, бұл құжаттық дәлел ретінде тіркелді.

Тексере келгенде, Абай Құнанбай­ұлына хат жіберуші Көкшетау меші­тінің жанындағы интернат мұғалімі Шай­мерден Қосшығұл болып шықты. Мұнда қазақ халқы үшін аса қиын уақытта ақынның халық алдындағы рухани беделі, ой-пікірі маңызды екені айтылған. Осы оқиғадан кейін ол патша жандармериясының бақылауына алынды. Полиция шәкірттерден Көкшетау мешітінің жанындағы интернаттан гек­тографта басылған жүздеген араб тілін­дегі кітапты, сондай-ақ мұғалімнің өзі­нен Семей губерниясындағы Абайға жіберген хатының чегін тапты. Хаттың мазмұнын, онда патша үкіметіне қарсы мәлімдеменің бар-жоғын білу үшін полиция белсенді әрекетке кіріседі. Осы­ған байланысты Көкшетау мешітінің молдасы Наурызбай Таласұлы мен оның көмекшісі Шаймерден Қосшығұл қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ақынның да, молданың да есімі полицияның қара тізіміне еніп, тінту жүргізілуі – Ш.Қосшығұлды жою­ға бағытталған жобаның бастамасы еді.

Тексеруден соң «молда Таласов пен мешіт жанындағы интернат мұғалімі Қосшығұлов, сондай-ақ басқа да молдалар Ресейдің отарлау саясатына қар­сы болғаны» анықталады. Басқа да «кінәлар» тізбектелді.

Ал шын негізінде Науан хазірет пен Шаймерден молда бостандықты сүйе­тін, демократиялық қазақ қоғамын және мүфтиге бағынатын тәуелсіз діни ұйым құрғысы келді. Сондықтан қазақ қоғамы құрметті азаматының бірі Абай Құнанбайұлына үлкен үміт артты. Патша үкіметі Санкт-Петербордан Абай ауылына дейін шұғыл бақылау орнатты. Осындай тырнақ астынан кір іздеудің салдары ма екен, ұлы ақын көп кешікпей 59 жасында дүние салды...

Ызбарлы жүйе өз дегенін жасады: 1903 жылы Науан хазірет пен Шаймер­ден Иркутск генерал-губернаторының бақы­лауына – Батыс Сібірге жер аударыл­ды. Содан кейін олар Саха-якут жеріне ­ауыстырылды.

Бұл оқиға ұлт зиялыларын қатты тол­­қытты. Болашақ Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан мен келешек ұлт­тың тұңғыш журналы – «Айқаптың» бас­шысы Мұхаметжан Серәлин сияқты тұлға­лар оларды босатуға барын салды.

Шаймерденді тұтқындау және Сібір­ге айдау оның күрес жолында уақыт­ша кедергі болды. Ә.Бөкейхандардың тиянақты талап хаттары, 1905 жылғы Ресейдегі өзгеріс оның бостандық пен теңдік жолындағы жігерін нығайтты. Шаймерденнің Санкт-Петербордағы шеруге және Бүкілресей мұсылмандары съезіне қатысуы – белсенді азаматтық ұстанымы мен жалпы бостандыққа деген ұмтылысының дәлелі. Бұл – оны Қазақстан тарихындағы маңызды тұл­ғаға айналдырған саяси қызмет. Шаймер­ден Қосшығұлдың тұлғасы отар­шылдық­қа қарсылықтың, азаттық жолындағы күрестің, ел мұратына адал­дықтың рәмізіне айналды.

1906 жылдың 15-23 қаңтары ара­лы­ғында Санкт-Петерборда өткен Бүкіл­ресей мұсылмандарының екінші съезі Ресей империясы 20 миллиондық қауы­мының саяси дамуына айтарлықтай әсер етті. Бұл жиын мұсылман халық­тарын бірлестіретін және оның саяси өкілдігіне қатысты маңызды мәсе­ле­лерді талқылайтын алаң болды. Съезге қатысушылар ішінде Шаймерден Қос­шығұл, Сәлімгерей Жантөрин, Мұстафа Оразаев және тағы басқа көрнекті ұлт өкілдері құпия көп нәрсені талқылады. Өйткені мұндай іс-шараны өткізуге билік ресми рұқсат бермеді.

Съездің негізгі шешімдерінің бірі – империяның 16 қаласында филиалы бар Ресей мұсылмандары одағын құру еді. Бұл ұйым Ресейдің мұсылман халықтарының мүддесін қорғауға және олардың мемлекеттік істердегі саяси мінберіне айналуға арналған.

Бұл туралы құнды мәліметтерді 1906 жылы Мәскеуде М.Бойовичтің құрас­тыруымен жарық көрген «Мемлекеттік Думаның мүшелері. Суреттер мен өмір­баяндар» жинағынан көруге болады. Мұнда: «Қосшығұлов Шаймерден – қазақ. Көкшетаудың имамы. Бұхарада білім алған. Қазақтар арасындағы халық сотына үзілді-кесілді қарсы. Шари­ғаттың жақтаушысы. Мүшелікке сай­ланғаннан кейін оның орыс тілін білмейтіні анықталып, бұл «Мемлекеттік Думаға сайлау ережелерінің» 55-бабына сәйкес облыстық сайлау комиссиясы­ның сайлау қорытындыларын қабылда­мауға себеп болды. Ол Ақмола облысы қазақтарының атынан сайланған», делінген.

1906 жылы Мемлекеттік Думаға сайлау өтті, нәтижесінде Шаймерден Қос­шы­ғұл Ақмола облысы қазақтарының мүд­десін қорғайтын депутат болып сай­лан­ды. Алайда берілген дауыс санына қарамастан, ресми органдар сайлау нәти­желеріне дау айтты. Бірақ әділ­дік жеңіп, Ш.Қосшығұл бәрібір де I Мем­ле­кеттік Думаның депутаты болып танылды.

Санкт-Петербор кезеңінде Шай­мерден Қосшығұл Невский даңғылы бо­йындағы «Париж» қонақ үйінде тұ­рады. Мұнда ол ақын Міржақып Дулат­­ұлымен, Императорлық әскери-ме­­дициналық академияның студенті Санжар Асфендиярұлымен, басқа да озық ойлы қазақ зиялыларымен кез­деседі. Ш.Қосшығұл қаламгер Мыржа­қып Дулатұлының бастамасын қолдап, 1907 жылы Санкт-Петерборда татар­дың «Улфат» газетіне қосымша болып шыққан қазақтың «Серке» газетін қар­жы­ландырады.

1907 жылы 6 сәуірде құрамында Шай­мерден Қосшығұл бар 36 депутат Мем­лекеттік Дума төрағасына жіберілген Үкіметтің заңсыз қоныс аудару саясатына қатысты қатаң мәлімдеме жасайды. Ақмола көпестері депутат Шаймерден Қосшығұлға кең әрі жайлы үй тұрғызды. Осы қалада оның қамқорлығымен мәдени орталыққа айналған халық кітапханасы ашылды. Ш.Қосшығұл кітапханасында жергілікті зиялы қауым өкілдері, ақын­дар, жазушылар, музыканттар кездесіп, мәдени кештер ұйымдастырылды. 1917 жылғы төңкерістерге дейін Мәскеу, Қазан, Ташкент қалаларының түрлі баспаханасынан Ш.Қосшығұл кітапханасына баспа өнімдері, кітаптар, газет-журналдар келіп тұрды. Олар қала тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие болды.

Ақмоланың әйгілі көпесі Баймұха­мет Қосшығұлмен әрі туыс-бауыр, әрі мүд­делес болған Шаймерден осы қалаға жиі келіп тұрған ұлт зиялыларымен қарым-қатынасын жалғастырды. Қиын жыл­дары Ш.Қосшығұл белсенді саяси қыз­мет­тен қол үзбей, екі мәрте депутат болып сайланып, мұсылман халқының мүдде­сін қорғады. Ол діни ағартушылықпен айна­лысып, балаларға сабақ та берді. Цензура «Серке» газетін саяси сенімсіз деп жапқанда, татар баспасөзін де орайлы пайдаланды.

Көпес Баймұхамет Қосшығұл мен Шаймерден Қосшығұлдың туысқан­дығын айта кетейік.

Кенжебайдан – Ырай, Құрман. Құрманнан – Алшынбай, Ұса, Мұса, Құлжабай, Марал (әйгілі Марал ишан), Арал. Құлжабайдан – Ермек, Қос­шығұл, Ораз, Наурыз. Қосшығұлдан – Баймұхамет (бәйбішесінен), Қалыш, Әбіш, Құрыш, Мұстафа, Шәймерден (кіші әйелінен). Сонда әйгілі Ақмола көпесі Баймұхамет пен Мемлекеттік Дума депутаты Шәймерден – ағалы-інілі бауыр. Бірақ жас алшақтығы едәуір.

1907 жылы Шаймерден Қосшығұл Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен Түркияға арнайы барып, осы елдегі үкімет пен парламент басшыларымен кездесті. Түрік газет-журналдарында қазақ халқының мүддесін қорғап, Ресей патшасы II Николайға үндеу тастады (мысалы, «Тәаруф-м муслимин» журналы).

Ағартуға және пайдалы тәжірибеге иек артқан қайраткер туған ауылы Балықтыда (қазіргі Біржан сал ауданында) алғаш орыс-қазақ мектебін тұрғызып, сондай-ақ су құбырының сол кездегі жүйесі ескерілген құдық орнатты. Немерелерінің айтуынша, ол осы өңірде алғашқы моншаны өзі салған және саламаттылықты насихаттаған.

Ш.Қосшығұл большевик өкіметін қалай қабылдады – ол жағын тек болжап қана айта аламыз. Жұбайы Маузира естелігіне қарағанда, ол ешқашан балалары мен немерелеріне жаңа саясат туралы шешіліп айтпаған. Ол бәлкім қорқып, оларды келешек қиындықтан құтқарды. Соған қарамастан оның 1931 жылы тұтқындалуы сол уақытта да халқының қорғаушысы болып қалғанын көрсетеді. Қамауға алынғаннан кейін ОГПУ оның үйін тінтіп, бай кітапханасын, соның ішінде алтын парақты көне Құран кітабын өртеген.

Шәйке молда бір жылдан астам уақыт түрмеде отырды. Абақтыдан жаз­ған хаттарының бірінде былай дейді: «Мен Петропавлдағы Ақтүрмедемін. Бірақ Құдай береді, бұл ұзаққа созылмайды, мен үйге қайтамын. Мен бүгін ат үстіндегі, биліктегі адамдардан ха­лыққа әділ болуды және менің отбасы­ма қамқорлық жасауды сұраймын». Расында, көп кешікпей Шаймерден Қосшығұл босатылды. Бірақ оны артынан іздеп келген ағасы мәйіттер арасынан әрең тауыпты...

1917-1919 жылдары Ш.Қосшығұл Алаш қозғалысына белсенді қатысып, автономияны және ұлт ісінің дұрыс жүйеленуін қорғады. Большевиктер билікке келгенде оның ағартушылық қызметі жаңа идеологияға қайшы деп танылды. Сондықтан ол қудаланды.

Ш.Қосшығұлдың саяси сайлауалды тәжірибесі бүгінгілерге де үлгі бол­­ғандай. Ол бастапқыда Ақмола об­лысы Көкшетау уезінің мұсылман қауы­мы арасында ауызша үгіт жүргізеді. Ме­шітте, жәрмеңке-базарларда, құ­дайы аста, діндарлар жиналатын жер­лерде сайлаушылармен жүзбе-жүз кез­десті. Шаймерден әрі шешен, әрі дәне­кер, әрі қарапайым, әрі мырза аза­мат еді. Мұндай қасиет оның беде­лін көтерді. Ш.Қосшығұл Ақмола облы­сындағы сайлаушылардың кең қол­дауына ие болып қана қоймай, Дума­ның мұсылман фракциясында танымал болды. Шаймерден Қосшығұл әзер­байжан, татар, башқұрт, басқа да исламды ұстанатын халық өкілдерінің фотосуреттерінде көрнекі орында отырады. Дипломатиясын жоғарыда айттық. Ә.Бөкейханның қолдауы мен кеңесіне сүйеніп, халықаралық байланыстар орнатуы Алаш елшілігін танытады. Бұл туралы Еуропа баспасөзінде хабарланды.

Жасы жағынан ол салыстырмалы түр­де Әлекеңе жақынырақ болды: Дума­ның таратылуына қарсы Выборг үн­де­уіне қол қойылған кезде Әлихан – 41-де, ал Шаймерден 34-те екен. Жеті жас айырмашылық. Ресей мемлекеттік тарих архиві қорларының дереккөздері Дума төрағасының атына Ш. Қосшығұл­дан (Кощегулов) орыс тілінде жазбаша өтініштер келіп түскенін, ол аудармашы қызметін пайдаланғанын растайды. Шаймерденнің жазбаша өтініштерінің стилін анықтау қиын, өйткені аударма халық қалаулысының талаптары маз­мұны мен мәнін ұстамды түрде жанама жеткізеді. Сондай-ақ қазақ депутатының кестелі сөзін, жүйелі ойын анықтау оңай емес. Себебі мұсылманша немесе сөйлеген тілінде стенограмма жүргі­зілмеген.

ОГПУ-НКВД 1928 жылы оны үш жылға бас бостандығынан айырды және тағы да жер аударды. Ол бұл азаптан да аман келеді.

1932 жылы Омбы облысы Есілкөл ауданы Ақсары ауылында немере ағасы Ермектің баласы Көпейдің шаңырағында қайтыс болады. Зираты Есілкөл ауданы Медвежка селосынан 8 шақырым жерде тұр. Осыған дейін жазылып келген «аштықта қайтты» деген дерек шын­дыққа келмейді.

Кеңестік қайта құру кезеңінде Ш.Қос­шығұлға қатысты әділетсіздік түзетілді. 1989 жылы ол Көкшетау облыстық соты­ның қаулысымен толық ақталды.

Шаймерден Қосшығұлдың күресі мен қызметінің тарихы әлде де мұқият зерделеуді, зерттеуді, оған қатысты архив деректерін толық жариялауды талап етеді. Бұл – ұлт тарихының ма­ңызды бағыты. Оның ХХ ғасыр басын­дағы саяси өмірге қатысуы, қоғамның да­муына және халқының құқын, мүдде­сін қорғауға қосқан үлесі ешқашан ұмы­тылмауға тиіс.

 

Самат Жұматайұлы,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты