Қарағанды қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде «RoboLand – 2024» IX Халықаралық роботтехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялардың фестивалі өтті. Бұл жолғы өңірімізде өтіп жатқан өнертапқыштар сайысында Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елінің өрендері бақ сынасты.
RoboLand – еліміздегі алғашқы және ірі роботтехникалық жоба. Жас өнертапқыштардың бір алаңда тоғысып, тәжірибе алмасатын ортасына айналды. Техникалық шығармашылық пен жаңа технологиялардың жарысатын ең ауқымды форумы. Бұл сайыс 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. 2016 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болды. Ең алғаш 5 аталым бойынша 30 команда бақ сынасқан.
Фестивальдың негізгі ұйымдастырушылары – Оқу-ағарту министрлігі, «Kazdidac» қауымдастығы, Қарағанды облысының білім басқармасы, облыстық оқу-әдістемелік орталығы. Бұл жолғы халықаралық байқауға 678 оқушыдан құралған 348 команда қатысты. Яғни жас технологтердің жәрмеңкесіндей жарасым тапты.
Фестивальдың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын, облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Серікжанова қатысып, жас өрендерге сәттілік тіледі. Балалардың шығармашылық белсенділігін дамытуға ықпал ету, техникалық пәндерді меңгерту, білім берудегі роботтехниканың мүмкіндіктерін таныту мақсатында өтіп жатыр.
– Кейінгі жылдары Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен ІТ, роботтехника саласына мән беріліп, қолдау көрсетіліп келеді. Осы бағытта жүздеген іс-шара, үлкен жобалар жүзеге асырылып отыр. Солардың бірі әрі бірегейі – «RoboLand-2024» байқауы. Осы ауқымды іс-шараның бастауында тұрған азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Осы іс-шараға уақытын бөліп, арнайы келіп қатысып жатқан барлық командаға және ұстаздарға, оқушыларға алғысымды айтқым келеді. Кезінде Алаш арысы Міржақып Дулатұлы «Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниеден сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу» деген екен. Бүгінгідей бәсеке мен білімнің заманында бұл мәселе өзінің өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан қадірлі оқушылар, еліміздің ертеңі өздеріңіз сияқты білімді, сауатты, мықты азаматтар деп білеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Бейсембайұлы.
Жыл сайын фестивальдің дәрежесі артып, сәйкесінше, өнертапқыштардың арасындағы бәсекелестіктің күшейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Әдеттегідей, тіркеу мен қорытындылаудың электрондық жүйесі, сондай-ақ тәуелсіз кәсіби төрешілер алқасы өзгеріссіз қалады. Жарыстың бас төрешісі – халықаралық спорттық және білім беру роботтехникасы қауымдастығының президенті Максим Васильев.
– Бұл фестиваль осымен 9- мәрте өткізіліп жатқандықтан, үлкен тәжірибеміз бар. Өйткені мен бұл сайыста бірінші рет бас төреші болып тұрған жоқпын. Фестивальда іс жүзінде өздерінің білім беру үдерістерінде роботтарды пайдаланатын оқушылар қатысады. Роботтарды өздерінің ұстаздарының көмегімен, нұсқауымен жасап үйренген балалар бақ сынайды. Сайыс қорытындылары секундомер қорытындысы мен балл бойынша шығарылады, – дейді бас төреші Максим Васильев.
Финалға оза шыққан өнертапқыш өрендер 15 санат бойынша бақ сынасты. Сонымен қатар «RoboLand Kazakhstan» санатына өзгерістер енгізілген екен. Яғни қатысушылар шығармашылық санаттағы жаңа тақырыптар бойынша білімдерін додаға салды.
Өзбекстаннан келген делегацияның жетекшісі Эльдар Аппазов алдымен бұл жерге тәжірибе алу үшін қатысамыз дейді.
– RoboLand-қа біз төртінші рет қатысудамыз. Бұл – беделді алаңдардың бірі. Біздің елімізде мұндай деңгейдегі фестивальдар өткізілмейді. Кейін өзімізге енгізу үшін тәжірибе жинап жатырмыз десе де болады. Биыл үлкен құраммен келдік. 6 жастан 18 жасқа дейінгі 25 қатысушымыз бар. Олар 12 санатта бақ сынады. Өткен жылы олжалы қайтқанбыз. Жалпы, командалық есепте екінші орынға ие болдық, – дейді Эльдар Аппазов.
Бішкектен келген Ринат Советқанов бұл фестивальға төртінші мәрте қатысып отыр. Ол RoboLand-тың бірнеше дүркін жүлдегері. Алғаш рет 2018 жылы мектеп оқушысы ретінде қатысты. Ал қазір И.Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің бірінші курсында оқиды. Командамен бірге экоробот құруды талап ететін шығармашылық санатта өнер көрсетті.
– Бүкіл әлемде қоршаған ортаны қорғау тақырыбы өте өзекті. Өйткені жаһандық жылыну және басқа да факторлар жүріп жатыр. Біз экологияға теріс әсерді азайтуға ықпал еткіміз келеді. Таза энергия өндіру үшін модульдік жел генераторын жасадық, – дейді қатысушы.
«RoboLand» фестиваліне оқушылар Robotmouse, роботты жинау, теңге алу, сондай-ақ жас ерекшеліктері бойынша шығармашылық бағыттағы сайыс, Сумо Grand, Су роботтарының лабиринтті бағыттары, лабиринт және робогеометрия бойынша қатысты.
Бұл жолы да жарасым тапқан өнертапқыштар жәрмеңкесі тартысты өтті. Жүлдегерлер Алғысхат және естелік сыйлықтармен марапатталды. Келер жылы оқушылар арасындағы ірі жобаға он жыл толады. Өз кезегінде ұйымдастырушылар ауқымын бұдан әрмен кеңейтіп, мүмкіндікті молайтамыз деді.
Білім берудегі инновациялық тәсілдерді енгізу шеңберінде облыста 240-тан астам робот-техника зертханалары жұмыс істейді. Мұнымен қоса 700-ге жуық информатика және физика мұғалімдері «Роботтехниканы оқыту әдістемесі» курсы бойынша білімдерін жетілдірген болатын.
Өткен жылы «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары роботтехникадан АҚШ-та өткен чемпионаттың жеңімпазы атанып, ел тарихында тұңғыш рет Champions Award сыйлығының қола жүлдегері атанғанын және айта кетуіміз қажет.
Қарағанды облысы