Дүйім жұрттың басын қосып, бір арнаға тоғыстырған Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы тарихы тасқа қашалып жазылған Жайықтың жағасы, Хан ордасы болған Сарайшықтың саясындағы киелі Атырау алабының іргесінде өтті.
Ұлтымыздың болашақтағы болмысын айғақтап, қазығын қағып беретін мемлекеттік деңгейдегі дәрежесі биік дәстүрге айналған Құрылтайдың өтуі мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір іспеттес. Олай дейтініміз, қоғамның ілгері дамуына тың серпін беру арқылы жаңа қадамдар жасау, ұлт келешегінің жарқын жаңа жоспарын құру, ел игілігіне бағытталған ұтымды шешім қабылдау – мемлекет пен азаматтық қоғам үшін салмақты сара жол, тарихи мәні жоғары маңызды сәт.
Биылғы Құрылтайдың күн тәртібінде халқымыздың береке-бірлігін сақтап, елдіктің нышанын жаңғыртуда аса маңызды салиқалы ой, келелі пікір, терең тұжырымдар таразыланып, жалпыұлттық құндылықтарды дамытудың маңызды мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстан – Ұлы даладағы көшпелілер өркениетінің тікелей мұрагері екенін атап өтіп, дала өркениетінің айнасы болған ұлттық мәдениетімізді сақтау, төл тарихымызды дәріптеу, оған құрметпен қарау – ұлтымыздың маңызды қадамы деп санайды.
Президент тарапынан айтылған ұлттық бірегейлікті қалыптастырып, оны сақтауда тіл, дін, руханият, салт-дәстүр, ұлттық болмыс-бітім қалыптастыру сынды тың ұсыныстар халқымыздың жаңа келбетін, мәдениеті жоғары қоғам қалыптастыруға жол ашады. Әсіресе бабалар аманаты болған салт-дәстүрімізбен астасқан ата дінімізді ұстану – елдіктің рухани қазығы. Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киім үлгісін қайта жаңғырту, оны күнделікті киіп жүру – ұлт болашағының жарқын көрінісі, дәстүрге құрметтің белгісі. Осы тұрғыда Президент радикалды неофиттер халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүргені дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан шабуыл деп нақты атап өтті.
Сондай-ақ Құрылтайда ұлттың саулығына аса мән берілді. Кейінгі жас буынның өмірін нашақорлықтан, құмар ойыннан ұлт саулығының сақталуына өз септігін тигізетіні айтылды. Құрылтайға қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныс беріліп, нақты тұжырымдамалар бекітілді. Ел болашағы бүгінгі жас өрендердің қолында болатыны ескеріле отырып, келешек жастарымыздың бойында ғылым мен білімге деген мақсат-мұратын айшықтайтын кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, Астана және Алматы қалаларында тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар салу, ұлттық кітап күнін атап өту идеясы жаңа буынды жаңа бір белеске көтерері белгілі. Дана халқымыз «Кітап – білім бұтағы, білім – өмір шырағы» деп ізгіліктің жолы кітапта екенін ұрпақ жадына сіңіріп кеткен. Қоғамда кітапқа деген құрметті жаңғырту – жарқын келешектің кепілі.
Киелі Ұлытаудан бастау алып, қасиетті Түркістанда тағдырлы шешімдерге серпін беріп, тарихи өлке Атырау төрінде жалғасын тапқан Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен зиялы қауым өкілдерінің тұшымды тұжырымы мен ұтымды ойлары ұлтты бір ұяға ұйыстырып, халқымыздың салт-санасын бір арнаға тоғыстырған маңызды қадам болды. Ұлтты ұйыстырған құрылтай ұлтымыздың жаңа бір келбетін қалыптастыруға, ел дамуының жаңа бір белесін бағындыруға жол ашады деп сенеміз.
Медет ҚУАНЫШЕВ,
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры