• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Сәуір, 2024

Қостанай облысында 21 автокөлік жолын су шайып кеткен

240 рет
көрсетілді

Қостанай облысында су басқан елді мекендердің тұрғындарын эвакуациялауға полиция қызметкерлері де белсене атсалысып жатыр. Полицияның құтқару жасақтарының іс-қимылы облыстық ПД бастығы Ерлан Файзуллиннің тікелей басшылығымен іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өңірде су тасқыны басталған сәттен бастап полиция қызметкерлері ТЖД құтқарушыларымен бірлесе отырып 530-дан астам адамды эвакуациялады.

Сонымен қатар полиция эвакуацияланған тұрғындардың үй-мүлкінің амандығын қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Күшейтілген режімде жұмыс істеп жатырмыз. Облыс аумағындағы автокөлік жолдарын 21 жерден су шайып кетті. Оның ішінде 1 республикалық, 5 облыстық, 13 жергілікті маңызға ие жол бар. Басты міндет – қоғам мен жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әлі су тасқыны қаупі түбегейлі сейілмей тұр. Сондықтан тұрғындардың амандығын қамтамасыз ету мақсатында біз қауіпті жолдарды анықтап, көліктердің сол бағытқа шығуына тыйым салып отырмыз», деді ПД бастығы Ерлан Файзуллин.

Облыс бойынша қоғамдық тәртіпті сақтау және су тасқынына қарсы іс-шараларға 150 полиция қызметкері, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 100 әскери қызметшісі, 49 техника жұмылдырылған.

Полиция департаментінің жанынан құрылған жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп тұр. ПД бастығы қажет болған жағдайда шұғыл әрекет етуге дайын тұрған қосымша күштердің жасақталғанын айтты.