Ұлыс күні Ташкенттен ақжолтай хабар жетті. Қарағандылық жас өнерпаздарымыз Өзбекстан астанасында өткен «Таланты Spring Fest» халықаралық өнер байқауында топ жарып, елге олжалы оралды.
Балалардың бұл өнер байқауына Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Алматы, Астана, Қосшы қалаларының жас өнерпаздары қатысып, ел намысын қорғаған еді. Өңірімізден барған елу жылдық тарихы бар Ботақара кентіндегі «Руханият» өнер орталығының «Руханият» ансамблі «Ер-Тұран» күйін күмбірлете орындап, қатысушылардан қара үзіп, бас жүлдені жеңіп алды. Ансамбль құрамындағы өнерлі жастар жеке орындау бойынша да бақ сынасып, өз жас санаттары бойынша жүлделі бірінші орынға ие болды.
Атап айтсақ, Нұрғиса Сәлімов, Ерасыл Игілік, Нұрмұхамед Үкібас, Бекарыс Серік, Нұрасыл Қуандық лауреат атанды. №2 музыкалық мектептің шәкірті Нұрасыл Жәлелұлы дауылпаз аспабын аз ғана уақыттың ішінде үйреніп алған. Ол жеке өзі Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйін орындаған. Яғни екі аспапта да еркін ойнайды. Мұнымен қоса, жас өнерпаз «Қарақат» мектеп студиясында тәлім алып жүр.
«Туған күніме әкем домбыра сыйлады. Содан оны тез үйренгім келіп, үйірмеге жазылдым. Дауылпазда ойнауды жақында ғана меңгеріп алдым. Бұл аспап домбыраға қарағанда жеңіл. Қазір «Адай» күйін үйреніп жүрмін. Жиырмаға жуық күй тарта аламын», – дейді өнерлі Нұрасыл.
Мұнымен қоса, ансамбльдегі Нұрғиса Сәлімов халық әндері аталымында өнер көрсетіп, жүлделі екінші орыннан көрінді.
Ансамбль жетекшісі Жазираш Бимарденова үкілеп апарған шәкірттерінің жоғары өнер көрсеткеніне дән риза.
– Үмітіміз ақталды. Өнерлі балаларымыз ұлттық аспапта күй орындау, халық әндерін айту, эстрадалық бағыт бойынша да бақ сынасты. Осы ретте, ата-аналарына айрықша алғысымды жеткізгім келеді. Шәкірттерім бірінші рет халықаралық байқаудан жүлделі болып тұр. Оның үстіне бас жүлде алғаны біз үшін зор мәртебе, – дейді жетекші ұстаз.
Қарағанды облысы