• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 04 Сәуір, 2024

Қаныш Сәтбаев – 125: Бірегей тұлға

532 рет
көрсетілді

«Есімі ел жүрегінде сақталған ер бақытты», дейді халқымыз. Өнегелі өмірі кө­п­ке үлгі болатын, өлшеусіз еңбегімен, ақыл-парасатымен қалың жұрт­шы­­лықтың құрметіне бөленген тұлғаларымыз аз емес. Сондай тұлға­лардың біре­гейі – академик Қаныш Сәтбаев.

Мен Қаныш Имантайұлын өмірімде бір-ақ рет қана көрдім. Бұл 1956 жылы болатын. Павлодар облысы Май ауданына қарасты Киров атындағы кеңшар директоры, әкем Жолтай Байғазыұлы сегізінші сыныпқа көшкен соң, мені Алматыдағы апамның қолына жіберді. Қалада қазақ мектебін іздеп, сарсаңға түстік. Сөйтсек, астанада сол кезде С.Киров атындағы жалғыз ғана қазақ мектебі бар екен.

Бұл мектептің материалдық жағдайы Қазақ КСР Оқу-білім министрлігі мен Алматы қалалық оқу-білім басқармасының назарында болды. Апта сайын мектеп басшылығы есімдері елге танымал жазушылармен, әртістермен, ғалымдармен кездесу ұйымдастыратын. Ең алғашқы кездесуіміз заңғар жазушы Мұхтар Әуезовпен, содан кейін Кеңес Одағының Батыры, көрнекті ғалым Мәлік Ғабдуллинмен болды. Осы екі кездесуден кейін мұғалімдеріміз сұрақ­та­рымызды мұқият ойланып барып қою керектігін ескертті. Әсіресе Ғылым ака­демиясының президенті, ака­демик Қаныш Сәтбаевқа қоятын сауал­да­рыңды жан-жақ­ты ойланыңдар деді. Оқу­шының бәрін қы­зықтырған Қаныш Иман­тайұлы­ның ака­демик деген атағы еді. «Ака­демик деген қандай болады екен?», деп ойла­дық. Ғылым туралы түсінігіміз шамалы болған соң, қандай сұрақ қоярымызды да біл­мей, әбден абдырадық. Мәжіліс залына кірген тарих пәнінің мұғалімі Әлия апай: «Ал балалар, тынышталыңдар, Қаныш көкелерің кел­ді, залға кіргенде түгел­дей түрегеп, қол шапалақтап, Қаныш Иман­тай­ұлын қоше­мет­теп қарсы алыңдар», деп ескертуі мұң еді, есіктен мектеп директорымен бірге Қаныш Сәтбаев та кіріп келді.

Бойшаң келген Қаныш көкемізге қою шашы да, үстіндегі киімі де жарасып тұр. Бірден қатарда отырған оқушылардың арасынан өтіп бара жатып, кейбіреулерінің жанына бөгеліп, басынан сипады. Анық, байыпты сөйлейді екен. Сөз арасында мақал-мәтел қосып отырды. Кездесуде ғалым Қазақстан аймағында қандай қазба байлық бар, оның қай мөлшерде екенін жатқа білетінін аңғартты.

Кездесу екі жарым сағатқа созылды. Қа­ныш Имантайұлының айтуынша, біз қаз­ба байлыққа ең бай республика екенбіз. Оның көбі әлі игерілмей жатыр. Ол үшін еліміздің әр аймағында қажетті зауыт-комбинат салу керек. Өндіріс орындарына қажетті мамандар даярлау да қажет. «Сендердің көбің еліміздегі өндіріс орындарына қажетті мамандық алуларың керек. Табиғи байлықты игере білу білікті мамандарға байланысты. Сендердің сондай маман болатындарыңа сенемін. Министрлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенев үш жоғары техникалық оқу орнын ашу жөнінде қаулыға қол қойды. Алматы мен Қарағандыда политехникалық институт, Павлодарда индустриалды инс­титут ашылады. Өндіріске қажетті инженер мамандығын қалағандарыңа жол ашық. Мектеп бітіремін деушілерге сәт-сапар тілеймін!», деп ғалым сөзін аяқтады. Сұрақ қойған балалардың қасына барып, қай жақтан келгенін, мектеп бітірген соң қандай мамандық алғысы келетінін сұрап, тиісті кеңесін де берді. Жоғарыда аталған институттарды бітірісімен сол арадағы өнеркәсіп орындарында жұмыс істейтіндерге бірден жатақхана берілетінін, отбасы жағдайына байланысты пәтер алуға болатынын айтты.

Осылайша, уақыттың қалайша өткенін де байқамай қалдық. Қаныш аға сағатына қарап: – Ал балалар, сендермен кездесу маған да қызықты болды. Біздің бала кезімізде осындай еңселі ғимарат болған жоқ. Сабақ беретін білімді мұғалімдер ол кезде тапшы еді. Сендерге дәріс беретін ұстаздардың көбі жоғары білімді мамандар. Бұл қандай мақтаныш! Сондықтан осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланыңдар, болашақ сендердің қолдарыңда, оны уыстарыңнан шығарып алмаңдар. Баршаңа сәт-сапар тілеймін!, – деп жылы қоштасты.

Содан бері қанша уақыт өтсе де, Қаныш аға­мыз­дың келісті келбеті мен тағылымды сөзі жа­д­­ымыздан шыққан емес. Ұлылық ұлы­­ға ғана жарасады демекші, академик Қаныш Сәтбаевтың қалдырған өлшеусіз мұ­­ра­сы үлгі-өнеге ретінде ұрпақтан-ұрпақ­қа­ рухани азық болып жалғаса беретіні сөзсіз.

Қаныш Сәтбаев алпыс бес жыл өмірінің 45 жылында елімізде геология, тарих, мәдениет және ғылым салаларында Нобель сыйлығының деңгейіне дейін жаңалықтар ашып, алып дала Сарыарқаны зерттеуге арнады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда оқ-дәріге қажетті шикізат пен зауыттар фашистер басып алған аумақта қалды. Осындай қиын-қыстау сәтте ел басшысы И.Сталин ғалым ретінде есімі Кеңес одағына танымал Қ.Сәтбаевқа Қазақстанда оқ-дәріге қажетті қорғасын, мыс, басқа шикізаттың көзін тауып, оны өндіретін зауытты қысқа мерзімде іске қосуды тапсырды. Жезқазған өңірінде мұндай зауыт ғалымның жанкешті еңбегінің арқасында іске қосылып, әрбір жауға атылатын оқтың сегізі елімізде жасалды.

Ғалым Қазақстанның шикізатқа бай өлке екенін анықтап, оның ғылымын әлемдік деңгейге көтеру үшін Екінші дүние­жүзілік соғыс жылдары республика астанасы Алматыда Ғылым акаде­мия­сының ғимаратын салдыруға ұйытқы болды. Академиктің бұл бастамасын сол жыл­дар­дағы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов қолдады.

 

* * *

Бір күні қазақ телевидениесі мен радиосы журналистерінің бірлескен лездемесінде коми­тет төрағасы Камал Смайылов Қазақ КСР үкіметінің Қ.Сәтбаевтың 90 жыл­ды­ғына байланысты көлемді іс-шаралар бел­гі­легенін, соған орай академиктің өмірін, ғы­лыми еңбектерін және азаматтығын жан-жақ­ты көрсету керек екенін міндеттеді. Ізденіс барысында алғашқы жолыққаным – Қаныш Сәтбаевтан кейін Қазақ КСР Ғы­лым академиясының президенті болған көр­­некті ғалым, елімізде энергетика ілімін зерттеп, оны жоғары деңгейге кө­тер­ген Шапық Шөкин еді. Ол – Ғылым ака­демия­сы­ның Қазақ ғылыми зерттеу энергетика инс­титутының негізін қала­ған тұлға, Қаныш Имантайұлының сенім­ді ізбасарларының бірі. Ш.Шөкиннің бас­шы­лығымен Шығыс Қазақстан облы­сын­да Бұқтырма ГРЭС-і салынды, Ертіс-Қара­ғанды каналының жобасы жасалды. Осы маңызды нысандар қазір ел эко­но­ми­касының басты буындарының біріне айналды.

Шапық ағамызбен үйінде кездестік. Жазу үстелінің үсті кітап пен газет-журналға толы екен. Өзінің сөзіне қарағанда, естелік жазуды қолға алған көрінеді.

 – Мейрам, сен Қаныш туралы жазам де­геннен кейін ғана кездесуге келістім. Әйт­­песе, уақытты қалай болса солай рәсуа ету­ге зауқым жоқ. Қазір журналистер мен жазу­­­шылар Қаныш ағаның ғылыми еңбегі тура­­лы жеткілікті жазып жатыр. Қанекең тура­лы жазбағанда, басқа қай ғалымды жаз­­бақпыз? Бәрін айт та, бірін айт дегендей, мен саған Қанекеңнің адами және аза­мат­­тық бейнесін сипаттайтын бір мысал айта­йын.

Қаныш Имантайұлы өмірден озғаннан кейін, академияның жарғысына сәйкес оның президентін сайлау өтті. Сайлау нәти­­жесінде президент болып сайландым. Қазақ КСР Ғылым академиясының пре­зи­денті лауазымына сәйкес КСРО Жо­ғарғы ке­­ңесінің депутаты болуға тиіс. Қаныш Иман­­тайұлы тек депутат қана емес, соны­мен бірге Жоғарғы кеңестің Ғылым-білім ко­ми­­тетінің төрағасы қызметін атқар­ған еді. Мен депутат болғаннан кейін КСРО Жо­ғарғы кеңесінің делегациясы Кана­да пар­ла­ментінің шақыруымен сол елге бардық.

Канаданың астанасы Оттавадағы зәулім алаң Ленинградтағы Революция алаңына ұқ­сайды екен. Алаңды асықпай аралап жүр­ген­де, кенет қарсы алдымнан аласа бойлы адам шыға келіп, шала-шарпы орыс тілінде:

– Сіз Қазақстаннан келдіңіз бе? – деп сұра­ды.

– Иә, Қазақстаннанмын.

– Сіз Сәтбаевты білесіз бе? Оның жағдайы қалай?

– Ол қайтыс болды...

Осылай деуім мұң екен, әлгі азамат еңіреп жылай бастады. Жай жыламай, Қане­кеңді жоқтағандай, дауысын шығарып жы­лауы мені ыңғайсыз жағдайға қалдыр­ған­дай болды. Айналадағы адамдар бізге на­зар аудара бастады. Әлгі азаматты әрең де­генде тыныштандырып, өзі туралы сұрадым.

Сөйтсем, ол Екінші дүниежүзілік соғыс­та тұтқынға түскен жапон солдаты болып шық­ты. Ғылым академиясының ғимаратын салғандардың бірі екен. Қаныш Имантайұлы сол жылдары жұмысқа келісімен күнделікті әдетімен құрылыс барысымен танысып, тұт­­қындағы жапон солдаттарымен сөйле­сіп, қал-жағдайларын біліп тұрған. Осын­дай адамгершілігіне тәнті болған жапон сол­даттарының көңілінде Қаныш Иман­тай­ұлының адами қасиеті берік орын алға­ны­ның куәсі болдым деп Шапық ағамыз Оттавадағы кездесуді есіне алды.

 

* * *

Өнегелі өмірі көпке үлгі болған, өлшеусіз еңбегімен, ақыл-парасатымен халқының құрметіне бөленген Қаныш Имантайұлының өміріндегі жарқын мысал жетерлік. Әсіресе достарына шексіз адалдық, уәдесіне беріктік тектілігінен болар. Академиктің дарынды шәкірті Шахмардан Есеновтің де еске түсірер естелігі аз емес. Мен Шахмардан ағамен Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болған кезінде жолыққан едім.

– КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының кезекті сессиясына Қаныш Имантайұлымен Мәскеуге бірге бардым. Самолеттен түскен соң біз «Москва» қонақүйіне орналас­тық. Қанекең досы, КСРО Орта машина жасау министрі, ғалым Ефим Павлович Славскийге дереу телефон соқты. Қабылдау бөлмесіндегі қыз оның министр қызметінен босағанын айтты. Аң-таң болған Қанекең Славскийдің пәтеріне соғып еді, телефон көтерген Ефим Павлович мардымды жауап бермей, тұтқаны қоя салды.

 – Шахмардан, тез машина шақырт, Славскийдің үйіне барамыз.

Ефим Павлович Славский – елдегі атом энер­­гетикасы мен ядролық қаруды зерттеу­де­гі зор еңбегі үшін екі мәрте Социа­лис­тік Ең­бек Ері атанған теңдессіз ғалым. Қаныш Иман­тайұлымен КСРО Ғылым ака­демия­сы­ның конференциясында танысып, Сәт­баев­т­­ың ғалымдығына тәнті болған, оның сан-салалы бастамаларын қолдаған тұлға еді.

Шопырымыз бұл жерге бұрын да келген болуы керек, тез жеттік. Қаныш үйдің үшінші қабатына көтеріліп, темір есіктің қоңырауын басты. Аржағынан академиктің қарлыққан даусы естілді.

 – Бұл кім?

 – Ефим Павлович, мен Қанышпын, есікті ашыңыз.

 – Есікті ашқан Ефим Павлович: – Маған көңіл айтуға келдің бе? – деп сұрады.

– Кейін кекетерсіз. Ефим Павлович, не болғанын бастан-аяқ айтып беріңіз.

 Қанекең ақсақалдың бұлтақтағанына ерік бермей, бірден сөзге тартты.

Славскийдің сөзіне қарағанда, ол ісса­пармен Қазақстандағы Форт-Шевченкоға кел­ген. Мақсаты – Каспий теңізінің ащы суын тұщытуға атом қондырғысын сынақ­тан өткізу. Күннің ыстығына шыдай алма­ған Ефим Павлович теңіз жағасына келіп, болар-болмас күрке жасатып, суға шомылған. Соны байқаған кейбір пысықайлар Орталық пар­­тия комитетіне «іссапармен келген министр Славский жас келіншекпен бірге теңіз жа­ға­сында демалып жатыр» деп жазып жі­бер­­ген. Домалақ арыздың қысқаша мәнісі осы. Ефим Павловичті мұқият тыңдаған Қане­­кең:

– Ефим Павлович, мені мұқият тың­да­ңыз. Ешқайда шықпаңыз, ешкімге есік аш­паңыз. Мен қазір Кремльге барамын, шұғыл түрде Никита Сергеевич Хрущевтің қа­былдауына жазыламын.

Алып ұшып Қанекең екеуміз Кремльге жеттік. Қаныш Имантайұлының депутаттық куәлігі мен академик деген атағы осы тұста көп мәселенің түйінін шешуге септігін ти­гізді. Хрущевтің көмекшілері істің мән-жа­йын анықтаған соң, Қанекең екеуміз Орта­лық партия комитетінің бірінші хатшысы Хрущевтің қабылдау бөлмесіне келдік.

Н.Хрущев көп күттірмей, Қаныш Сәт­баевты қабылдады. Кездесу жарты сағаттан артық уақыт алды. Кездесуден шыққан Қанекең:

 – Шахмардан, мыналардың буфетінде бәрі бар. Бір армян коньягін, біздің апортты молынан және Ефим Павловичтің әйеліне жақсы шоколад аларсың, – деді.

Қанекең тапсырған заттарды алысымен, Славскийдің үйіне тарттық. Біздің қайтып келгенімізді сезген Ефим Павлович есікті тез ашты. Қолымыздағы заттарды көрген Ефим Павлович:

– Қаныш, менің жаназама дастарқан жаяйын дедің бе?

 – Иә, қымбатты Ефим Павлович, үш күннен кейін КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының сізге Социалистік Еңбек Ерінің үшінші жұлдызын беру туралы жарлығы шығады. Ал бірнеше күннен кейін Сіз елдің Орта машина жасау министрі лауазымына қайтадан отырасыз. Дастарқан соның құрметіне арналған.

Ефим Павлович Сәтбаевтың себепсіз әзілдемейтінін жақсы білетін. Содан да болар, ол Қанышты құшақтай алып, кемсеңдеп жылап жіберді. Шынында да, Ефим Славский министр қызметіне қайта тағайындалып, жоғары атаққа да ие болды.

Қаныш Имантайұлын білетін заман­дас­тарының айтуынша, ол – қандай мәселені қолға алса, алған бетінен қайтпайтын, соның нәтижесіне жетпейінше тыным таппайтын батыл тұлға еді.

Академик – бүкіл саналы да салиқалы ғұмы­рын туған елі мен туған жерінің өсіп-өркен­деуіне, гүлденуіне арнап, сол жолда аян­бай еңбек еткен, өз бақытын адал еңбе­гінен тапқан өнегелі өмір иесі. Ұлы тұл­ға­ның жүріп өткен жолы, атқарған игі іс­тері, бойындағы адами болмыс-бітімі, бек­­заттығы, азаматтығы, адамгершілігі, әділ­дігі мен адалдығы, парасат-пайымы мен қайраткерлігі тәуелсіз еліміздің жас ұр­па­ғына мәңгілік үлгі-өнеге болып қала бер­мек.

 

Мейрам Байғазин,

Қазақстанның құрметті журналисі