«Qarmet» компаниясының барлық көмір шахтасында өндіріс үдерістерін нақты уақыт режімінде бақылауға мүмкіндік беретін DMMS цифрлық платформасы орнатылады. Бұл Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру бағытында барлық жүйені цифрландыру керек деген тапсырмасымен үйлеседі.
Жаңа цифрлық платформа арқылы шахталарда қызметкерлер мен техниканың қозғалысына мониторинг жүргізіледі, қауіпті аймақтардағы кеншілердің орналасқан жерін қадағалайды, адамдардың құлау немесе қозғалмау жағдайларын анықтайды, газ датчиктерін бақылайды. Сонымен бірге сейсмомониторинг жүргізу және барлық шахтаның орталық диспетчерлік жүйесін басқару, оның ішінде диспетчермен жедел байланысу қарастырылады.
Компания 15 сәуірден барлық шахтада жаңа цифрлық платформаны, сондай-ақ тау-кен басқармасында бірегей орталық диспетчерлік пунктті енгізуді бастайды. Жұмыстарды «Qarmet» компаниясы өнеркәсіптік қауіпсіздікті ұйымдастыру жөніндегі инвестициялық міндеттемелер шеңберінде жоспарлап отыр. Жұмыстар биыл аяқталады деп күтіледі.
Цифрлық платформаны жеткізуші – отандық «AG TЕСН» компаниясы. Жүйе қазірдің өзінде әлем бойынша 800 шахтада қолданылады. Еліміз бойынша 30 шахтада қолданыста. DMMS еліміздің өнеркәсіптік қауіпсіздік тұжырымдамасына енгізілген және жүйені Төтенше жағдайлар министрлігі мақұлдаған.
Бүгінде позициялау жүйесі Qarmet көмір департаментінің сегіз шахтасының екеуінде орнатылған.
Қарағанды облысы