Дәл қазір «Астана операда» 11-12 сәуір күндері өтетін Г.Доницеттидің «Қоңырау немесе Дәріханашының неке түні» операсының премьерасына қызу дайындық жүріп жатыр. Шымылдықтың ар жағында сөзбен айтып жеткізгісіз шығармашылық толқыныс пен ғажайып атмосфера орнаған.
Айтулы өнер оқиғасы қарсаңында «Астана операға» арнайы барып, театр тынысымен танысып қайтқан едік. Қызу қарбалас ортасында жүрген Astana Opera Халықаралық академиясының тыңдаушылары, қоюшы дирижер, қоюшы режиссер мен суретшілер аталған премьераның дайындық жұмыстары мен ізденістері туралы айтып берді.
Алдымен бас сұққанымыз – тігін цехі болды. Мұнда костюм тігу ісінің шеберлері қоюшы режиссер Николай Куликовтың ойын жүзеге асыру үшін талмай еңбек етіп жатыр. Өткір қайшының дамылсыз қайшылануы мен тігін машинасының мата үстіндегі үздіксіз жүрісінің нәтижесінде әртістердің үстіне әсем киімдер әп сәтте қона қалды: – Костюмдер арқылы көне көше театрларының тыныс-тіршілігін бейнелеуге болады. Ол кезде театрлық киімдер қарама-қарсы түстер мен реңктерде жасалатын, ал әртістердің беттерінде аппақ грим болатын. Костюмдерді тігу кезінде жаккард, зерлі және костюм матасы көбірек қолданылды. Әзіл-сықақ үстеу үшін кейбір кейіпкерлердің бейнелері шамалы әсіреленген. Жалпы, костюм жасау тұжырымдамасы тарихи пішуді заманауи киім элементтерімен біріктіруді мақсат етеді, – деп жұмыс барысын костюмдер бойынша суретші Дариға Тайшықова баяндап берді.
Ал қоюшы дирижер Руслан Баймурзин оркестр әртістері мен академия тыңдаушыларын маңайына ұйыстырып, Г.Доницеттидің музыкасын орындау ерекшеліктері бойынша жұмыс істеп, дайындықтарды мұқият жүргізіп жатыр. Өнер иесін композитордың партитураға салған эмоционалдық мазмұнын жеткізуге тырысып, музыканттарға туынды табиғатын барын салып түсіндіріп жатқан жерінен жолықтырдық. Дирижер труппа ізденісі туралы кеңінен әңгімелеп берді.
– Бұл – Доницеттидің «Астана опера» афишасындағы осымен үшінші операсы. «Қоңырау немесе Дәріханашының неке түнін» біз Piccolo театры жобасы аясында Astana Opera Халықаралық опера академиясының солистерімен бірге орындаймыз. Г.Доницеттидің басқа да шығармаларымен қатар «Қоңырау» да опера театрларының сахнасында жиі қойылады. Музыкасы өте әсем, бірақ сонымен бірге орындаушылар үшін айтарлықтай күрделі, өйткені композитордың стилистикасы мінсіз вокалдық техника мен италия тілін жақсы білуді талап етеді. Себебі операда речитативтер өте көп. Жалпы, Доницетти – тамаша драматург қой, сондықтан айтулы қойылымның оқиға желісі көрерменін бірден еліктіріп әкетеді. Бұл премьера көпшілік қызығушылығын оятқан сәтті жұмыс болады деген ойдамын, – дейді Руслан Баймурзин.
Әртістер де дирижер сөзін қуаттап, спектакльдің үлкен ынтаны талап ететінін баса айтты. Комедиялық опера болғандықтан шығармашылық жұмыс барысы әлбетте қызықты өтіп жатыр. Дайындықта академистер көп әзілдесіп, суырып салу өнерлерін паш етті. Әлбетте, олар сахнада жарқын, қызықты кейіпкерлерді сомдай алатындарына және алғаш рет елордада қарт дәріханашы мен жас жұбайының хикаясын айтатындарына қатты қуанышты.
– «Қоңырау» операсындағы дәріханашының партиясы – ең басты партия. Барлық іс-әрекет бас кейіпкердің айналасында өрбиді. Әрине, музыкалық орындау жағынан да, актерлік ойын тұрғысынан да бұл рөлдің өзіндік қиындықтары да бар. Комедиялық кейіпкер Дон Аннибале қиын жағдайда қалады. Жас қызға үйленгісі келгенімен, қалыңдығының ғашығы бұған көндіге алмай, шым-шытырық оқиға басталып кетеді. Партия опера-буффа дәстүрлеріне сай жазылғандықтан өте қызықты. Бірақ ең қиыны – кейіпкердің барлық комедиялық характерін көрерменге жоғары деңгейде шынайы жеткізу, – деп атап өтті Валерий Селиванов. Әртістің сахнадағы жұбы, Серафинаның бейнесін сомдауға дайындалып жатқан Фируза Рахметова да әріптесімен бір пікірде:
– Менің жаттап жатқан партиям көңілді болуымен қатар, өзінің көп қырлылығымен күрделі және ол актерлік ойынды айтпағанда, эмоциялар мен міндеттердің үлкен шоғырын қамтиды. Онда дуэт, терцет және речитативтер бар. Мен комедиялық операларды қатты жақсы көремін. Бұл рөл – менің опера-буффаны орындаудағы дебютім. Сондықтан да айтулы партияға асқан қызығушылықпен, тебіреніспен және жауапкершілікпен қараймын. Спектакльге дайындық қарқынды жүріп жатыр, оған академияның барлық тыңдаушысы жұмылдырылған. Біз көне көше театры форматын өз пайымдауымызда таныстырғымыз келеді. Көңілді кеш өткізіп, Astana Opera Халықаралық опера академиясы тыңдаушыларының орындауынан ұмытылмас әсер алу үшін көрермендер «Қоңырау» операсына қуана келеді деп ойлаймын, – деп Фируза Рахметова сөзін қорытындылады.
«Қоңырау немесе Дәріханашының неке түні» атты қайталанбас комедиялық операның премьерасы 11-12 сәуір күндері «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы камералық залында көрерменін күтеді.