Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз музыканы ғылыми түрде терең зерттеп «Музыка туралы үлкен кітап» атты ауқымды трактат жазып қалдырды. Жақсы музыка жанға әсер етіп, оны емдейді әрі жақсартады, ал жаман музыка адамды бұзады деп санаған.
Әлемнің екінші ұстазы атанған бабамыз музыка саласын аса үлкен ғылым ретінде қарастырды. Жалпы, қазақ халқының музыкаға көңіл бөлуі, оның адам жанын тәрбиелеу жолында аса маңызды екенін жете түсінгенін байқауға болады.
Музыка арабша «мусика» деп аталса, өткен ғасырдың отызыншы жылдары қазақ зиялылары музыканы әуез деп аударған. Ал мелодия әуен екені белгілі. Әуездің адамға әсерін қазақ халқы ежелден білген және соған байланысты тұрмыс-салт дәстүрі, фольклоры қалыптасқан. Сәби дүниеге келгеннен анасының әуендеткен әлдиін – бесік жырын тыңдап, үш-төрт жасынан шіңкілдек домбыраны ермек етіп, кейін жыр-дастан естіп, ержетуі дала халқына қалыпты жағдай болған. Тұрмыс-салт жырлары, бесік жыры, сыңсу, беташар, тойбастар, арыздасу (қоштасу) жоқтау халқымыздың «әуездік фольклорына» айналды.
Осы аталған дәстүрлердің бәрінің өзіне тән әуендері бар. Соның барлығы «қоңыр үнмен» есілген. Қоңыр дауыспен орындалған. Бұл тұрмыс-салт жырлары қазақ халқының «әуездік фольклоры» ретінде халықтың жадында қоңыр үнмен мәңгілікке қалып қойды. Тіпті қайғыны азалы күймен жеткізіп, бақилық болғанда жоқтауын айтып, арулап шығарып салу дәстүрі де қоңырқай үнмен ғана қабылданған. Жоқтау айту, азалы күй тарту осы күнге дейін сақталған өңірлер бар.
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы бос қақпай елең-селең...», деп Абай хакім осы өлең жолдарын халықтың көне жырларын жете түсінген соң батыл айтқан. Енді «қоңыр» сөзінің ұғымдық қолданысы турасында ой өрбітуге келсек, қазақта «қоңыр» деген сөз көп қолданылады. Бұл сөзді күнделікті өмірде де еміс-еміс естіп жатамыз. Мысалға: қоңыр жел, қоңыр күз, қоңыр түс, қоңыржай, қоңыр үн, тіпті адамның жағымды дауысын «қоңырқай дауысы бар екен» деп те айтып жатады. Жалпы, «қоңыр» сөзі жұмсақтық пен жайлылықты, салмақтылық пен байыптылықты сипаттайтын ұғым десе де болады.
«Қоңыр» сөзі қандай да бір заттың түсін білдіретіні анық. Ал «қоңыр үн» дегенге терең үңілмесе де, көпшілік жалпылама түсінеді. Негізі бұл ұғым ән-күй тартып жүрген өнерпаздарға таңсық емес. Жете түсінбесе де, қандай мағынада айтылғанын біліп тұрады. «Қоңыр» ұғымының халық музыкасындағы қолданысы аса терең болған. Әсіресе күй тартқанда дыбыстың қоюлығына, жалпақтығына, жұмсақтығына, құлаққа жағымдылығына байланысты айтылған. Халқымыздың музыка аспаптары: домбыра, қобыз, саз сырнай, сыбызғы, жетіген – бәрі қоңыр үнімен самал жел ескендей есілтіп саз төгеді. Көңілдің бір сәтін меңзеген әуенді «күй» деп атаған. Уақыт өте келе «күй» халықтың музыкалық жанрына айналды. Адамның көңіл күйін, тылсым әлемнің күйін, аң мен құстың, табиғаттың сиқырлы дыбыстарын, болмаса естіген аңыз-әңгімелер мен тарихи оқиғаларды суреттеп, халық күйшілері қоңыр үнмен күй тартып жеткізе білген.
Қазіргі таңда күй жанрын аспаптық музыкамыздағы шоқтығы биік жанр ретінде қарастырамыз. Сол күйдің үнімен, күйші ішіндегі шерін, назын, қуанышын жеткізіп тыңдаушыны еміренткен, тіпті қара қобыздың үнімен адам емдеп, бойды тазартқаны жазылып та, айтылып та жүр. Сонымен қатар қобыз бен домбыра күйлерінде «Қоңыр» деген күйлер көп кездеседі. Атап айтсақ, Қорқыттың «Қоңыры» және басқа күйлер де қоңыр үнмен үндеседі. Ал домбыра күйлерінде халық күйлері: «Қоңыр», «Жайма қоңыр», «Майда қоңыр», Сүгірдің «Наз қоңыры», Әбікеннің «Қоңыры», Секен Тұрысбектің «Қоңыр жел» деген әндері бәрі – табиғатына қарай қоңыр үнмен есіліп тұрады. Құлаққа жағымды, жалпақ үнді, салмақты және байыппен, байсалдықпен орындалады.
Қазіргі таңда бізге мәлім үш мыңнан астам домбыра күйлері бар. Тіпті қобыз, сыбызғы күйлерін қосқанда бес мыңға жуық күйлер бар деп Ақселеу Сейдімбек өзінің «Күй тарихы» кітабында жазып кетті. Негізінде әр нәрсенің өзіндік дамуы және құлдырайтын кезеңі болады. Мысалға домбыра аспабы бүгінгі күнге дейін өзіндік даму үрдісімен жетті. Алғашқыда тоғыз пернелі домбыра, он төрт пернелі домбыра, кейін ХХ ғасырдың басында домбыра аспабы 19 пернелі болып бекіді. Оны қалыптастырған академик Ахмет Жұбанов болды. Сол он тоғыз пернелі домбыраны пайдаланғалы бір ғасыр болып қалды. Сонымен қатар А.Жұбанов домбыраның құлақ күйін қалыптастырды, яғни астыңғы ішегі соль нотасы, үстіңгі ішегі ре болып құлақ күйін келтіріп, еліміздегі барлық ансамбль, оркестрлердің домбыра тобы осы бұраумен шығармалар орындайтын болды. Бүгінге дейін сол үрдіс жалғасын тауып келеді. Жалпы, домбыра, қобыз транспорттық аспап болып саналады, бұл дегеніміз нотаға жазылуынан бір октава төмен естіледі. Сол себепті де оркестр немесе ансамбльде домбыра, қобыз қоңыр үнімен ерекшеленіп тұрады.
Жоғарыда айтылғандай, даму мен құлдыраудың болуы заңдылық демекші, қазіргі құлдырауымыз қоңыр үнді қабылдай алмауымыз болып тұр. Сезімталдық пен нәзіктіктің жоғалып бара жатқаны да – осы қоңыр үннен ажырап бара жатқанымыздың әсері. Осы тұрғыда қазақ халқы қоңыр дыбыстың әсері адам баласына аса тиімді екенін жақсы түсінген. Енді соны бағалап, қайта қалпына келтіруге әрекет жасауымыз керек. Егер тереңірек қан жүгіртіп қарастырсақ, төмен (жуан) дыбыстың тербелісі бәсең қозғалыста адамның құлағына жетеді. Дыбыс жоғарылаған сайын, яғни жіңішкерген сайын тербеліс жиілей түседі. Егер кез келген дыбыс бір октава жоғары орындалса, дыбыс тербелісі екі есе жиілейді. Сонда дыбыс жоғарылаған сайын, яғни жіңішкерген сайын дыбыс күші айқын және қатты естіледі. Ал төменгі дыбыстар, яғни жуан дыбыстар бәсеңдеу және жалпақтау естіледі де, құлаққа салмақ салмай, еркін және байсалды қабылданады.
Данышпан халқымыз сол төмен дыбыс пен жоғарғы дыбыстың, яғни жіңішке мен жуан дыбыстың ортасын «қоңыр» дыбыс деп атаған. Аса төмен де емес, аса жоғары да емес, екеуінің алтын ортасын «қоңыр» деп атаған деуге болады. Міне, ұлтымыздың ұлылығы да осында. Сол қоңыр үнмен тәрбиеленген, таңға дейін тоқтаусыз жыр жырлап, том-том дастанды жатқа соғып, ән мен күйді жанының ләззаты үшін пайдаланған бірден-бір халық – қазақ.
Сол себепті қазіргі таңда ұрпағымызды жаһандану заманына жұтылдырмайық десек, қоңыр үнмен тәрбиелеу керек. Қоңыр үн – құлаққа жағымды үн, миға салмақ салмай, жүректі тыныштандырып, 62 тамырды идіріп, сезімнің селтегіне жеткізіп, түрлі ойға салып, ойдан ой тудырып, әртүрлі қиял әлеміне ендіріп, еріксіз емірентеді. Ми қабыршықтарын жұмсартып, барлық ақпаратты қабылдауға жол ашады. Әрдайым қатты және шулы дыбыс тыңдап үйренген адам қоңыр үнге еміренбейтін халге жетеді. Тіпті ешқандай әсер ала алмай тыңдаудан жериді. Соның нәтижесінде ашушаң мінез қалыптасады. Оған да дағдылану керек. Баланы жасынан қоңыр үнмен тәрбиелесек, мейірім де, инабаттылық та, нәзіктік те сіңеді. Сол себепті ұрпағымызды домбыра мен қобыз үнін тыңдауға үйреткен абзал. Міне, қара қобыз бен домбыраның құдіреті де осында.
Нұрлан БЕКЕНОВ,
Мәдениет қайраткері
АСТАНА