Елде не көп, дәріхана көп. Көп болғаны әуелі тұтынушыларға, одан соң кәсіпкерлерге тиімді. Бас ауырып, балтыр сыздаса, күн-түн демей, тәулік бойы жұмыс істейтін дәріханалар ашық. Осыған қарап дәрі-дәрмектің тапшылығы жоқ, бәсекелестік бағаны тұрақты ұстап тұрады десек, қателеседі екенбіз.
Сәуір айындағы дерек бойынша, елімізде дәрі-дәрмектің, емдік құрал-жабдықтың құны 11%-ға өсті. Мәселен, Ақмола облысында – 17,8%, Астана қаласында – 15,8%, Шымкент қаласында 14,8%-ға қымбаттады. Ал Маңғыстау облысында баға тұрақты. Препараттардың ішінде парацетамол – 63,3%, ацетилсалицил қышқылы – 60,1%, белсендірілген көмір қышқылының 32,3%-ға өскенін байқауға болады. Алайда маскалар 11,4%-ға арзандаса, стерильді таңғыштар 7,1%-ға қымбаттаған. «Хилак форте» бағасы бір жылда – 24,4%-ға, йод ерітіндісі – 22,9%, Фенистил Нью тамшылары – 21,8%, Флемоксин Солютаб 21,2%-ға қымбаттап тұр.
Осыған байланысты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне хабарласып, бағаның өсуі жөнінде сұраған едік. Комитет мәліметінше, бұл маусымдық жағдай көрінеді.
«Бір апта бұрын кейбір дәрі-дәрмектерге бағаның өсуі туралы EnergyProm порталының талдамалы мақаласы жарияланды. Расында, өткен жылмен салыстырғанда жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған, микробқа қарсы, вирусқа қарсы препараттардың бағасы өскені байқалады. Бұл – маусымдық өсу. Алайда антикоагулянттар, стероидты емес қабынуға қарсы препараттар, витаминдер сияқты препараттардың бағасы төмендегенін де айтқан жөн», дейді комитеттің баспасөз хатшысы Фархат Оразалы.
Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған мағлұматқа зер салсақ, қазір фармацевтикалық компаниялармен, сондай-ақ келісімшарт негізіндегі өндіріс жобалары бойынша Оңтүстік Корея, Түркия, Германия, Жапония инвесторларымен қарым-қатынас бар. Мұндай жобалар үйлесімді іске асып жатса, отандық фармацевтиканың өрісі кеңейеді деген үміт басым. Осыған орай биыл фармацевтика өнеркәсібін дамытуға арналған 5 жылдық жаңа бағдарлама әзірленіп жатқан көрінеді.
«Кез келген өнім сияқты дәрі-дәрмектің экономикалық және әлеуметтік әсері бар екенін түсіну керек. Препараттардың құны нарықтық қатынасқа, өндірушінің бағасына, шетел валюталарының бағамына, өндіруші мен сатып алушы елдің баға саясатына, логистикаға, шикізат құнына, басқа да факторларға байланысты. Қымбаттаған дәрі-дәрмектің тізімін сараптап көрдік. Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 тамыздағы бұйрығымен бекітілген дәрілік заттардың белгіленген шекті бағасымен салыстырдық. Біріншіден, мақалада көрсетілген дәрілік заттарының мемлекеттік тізілімінде тіркелмеген», дейді Ф.Оразалы.
Құзырлы мекеме қызметкерлерінің айтуынша, дәрілік заттар ішінара ғана қымбаттаған.
«Денсаулық сақтау саласындағы бәсекелестікті дамыту жөніндегі Жол картасына сәйкес бірінші кезеңде 2023 жылдың басынан бастап 3 аналогі және 3 өндірушісі бар рецептсіз сатылатын дәрілік заттардың 302 атауы бәсекелестік ортаға жіберілді. 27 наурызда Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бағаны реттеуге жіберілген дәрілік заттардың 302-сіне талдау жүргізді. Нәтижесінде, «Фенистил Нью, 1 мг/мл 20 мл № 1», «GSK Consumer Healthcare S. A.» өндірген дәрілік затқа бөлшек сауда нарығындағы орташа баға – 2 137 теңге, бұл 2022 жылы тіркелген бағадан 6%-ға жоғары екені анықталды», дейді ол.
Заңда көрсетілгендей, дәрілік заттардың шекті бағалары бекітілген. Республиканың бөлшек сауда желісінде белгіленген шекті бағадан жоғары сатылмайды. «Damumed» ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне сәйкес өңірлерде «Меркле ГмбХ» өндірісінің «Хилак форте капли», 30 мл, №1» бағасы 2 615 теңгеден 3 280 теңгеге дейін (шекті бағасы – 3 489,59 теңге) ауытқығаны байқалады.
«Дәріханада дәрі-дәрмектер Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген шекті бағадан жоғары сатылуы мүмкін. Егер ондай жағдай кездессе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 426-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Шекті бағадан қымбат сату фактісі анықталған жағдайда Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне дәлелді құжаттармен (сатып алу туралы чек) немесе DARIKZ мобильді қосымшасы арқылы жүгіну қажет», дейді Ф. Оразалы.
Еліміз – дәрілік заттардың бағасын реттейтін санаулы мемлекеттің бірі. Жылына екі рет Денсаулық сақтау министрлігі монополияға қарсы органмен келісім бойынша бөлшек және көтерме саудада өткізуге арналған дәрілік заттардың шекті бағасын бекітеді.
Қазір елімізде бас-аяғы 158 фармацевтикалық компания жұмыс істейді. Оның 42-сі дәрілік заттарды, 116-сы медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіруге маманданған. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің дерегіне сүйенсек, 2022 жылы елде фармацевтика саласының айналымы 162,6 млрд теңгені құраған. Былтырғы бірінші жартыжылдықта өндіріс көлемі – 79,4 млрд теңге шамасында. Ал фармацевтика өнеркәсібінің экспорты мен импортының көрсеткішіне қарап отырсақ, отандық фармацевтикалық өнімнің үлесі төмендегенін байқаймыз. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінен сұрап білген ресми жауапқа қарағанда, бағаның көптеген факторға байланысты құбылатыны, яғни бұл түйткіл түбегейлі шешім таппағаны анық көрініп тұр. Бұл фармацевтика саласындағы қыруар шаруаны әлі де ширата түсу керек екенін ұқтырады. Өйткені 2029 жылға қарай фармацевтика нарығында отандық өндірістің үлесін 50%-ға жеткізу қажет. Ал импортқа тәуелділік азайса, дәрі-дәрмек бағасы да тұрақтамақ.