Алғаш ғылымға қадам басқан кезім есімде магистратураның, аспирантураның стипендиясы пәтерақының жартысына да жетпейтін.
Жанымыз ғылымды қалағандықтан, жұмыс істей жүріп оқыдық, зерттеу жасадық. Ал қазір 22 жыл бұрынғы біздің кезімізбен салыстырғанда ғылымға, ғалымдарға жасалған жағдай әлдеқайда жақсарды. Кейінгі уақытта ғылымды дамытуға елеулі, серпінді өзгерістер енгізіліп, тиімді шешімдер қабылданып жатыр. Осы уақытқа дейін мемлекеттің ғылымға көрсеткен қолдауы нәтижесінде бірқатар жобамызды жүргізуге, өндіріске енгізуге қаржы бөлінді. Бірінші рет мұнай қалдықтарын өңдеуге қатысты диссертациямды әрі қарай өндіріске енгізу үшін «тәуекелді зерттеулер» деген конкурсқа қатысып, 5 млн 600 мың теңге алғанбыз. Кейін қабылданған «Ғылым туралы» заң аясында ғылымды қаржыландырудың жаңа түрлері пайда болды. Соның бірі гранттық қаржыландыру конкурсына алғаш 2012 жылы қатыстық. 2020 жылға дейін өңірдегі ауыл шаруашылығын, мұнай қалдықтарын өңдеу саласын дамытуға, түрлі өзекті мәселені шешуге бағытталған кіші жобаларымызға үздіксіз грант алып жүрдік. Гранттық, коммерцияландыру жобаларымен ғана шектелмей, көлемді бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобаларының конкурсында да бақ сынауды жөн көрдік. Сөйтіп, өсімдіктердің түрлі ауруына қарсы белсенді қосылыстар туралы ғылыми жобамызды конкурсқа өткізіп, үш жылға қаржыландыру алдық. Нәтижесінде, алған белсенді қосылыстарымыз күріш, бидай, арпа, соя, жоңышқа, түйежоңышқа секілді өсімдіктерді аурудан аман сақтап қана қоймай, өнімділігін де арттырды. Өткен жылы күріш қалдығын өңдеу арқылы одан белсендірілген көмір алып, Қызылордадағы кәріз суын тазартып, оны өсімдіктерді суару бойынша жобамызға 750 млн теңге грант иелендік. Осы жобаның аясында Қызылордада цех ашылды, арнайы қондырғы жасалды, жақында қаланың кәріз суы тазаланып, суды, ағаштарды және малға азық ретінде өсірілген өсімдіктерді суаруға пайдалану жұмыстарын бастап кеттік. Міне, осының бәрі – мемлекеттің ғылымға жасаған қолдауының нәтижесі.
Нұрбол АППАЗОВ,
Химия ғылымдарының кандидаты, профессор