Петропавл қаласынан шығатын 4 тасжолдың үшеуін тасқын су басып, қатынас үзілді. Алдымен Большая малышка, Соколовка ауылдары арқылы Ресейдің Түмен, Қорған облысына кететін қосалқы жол қарғын судың кесірінен жабылды. Ал 13 сәуірде Мамлют, Жамбыл аудандары арқылы Қостанай және Ресейдің Түмен мен Қорған облыстарына шығаратын негізгі тасжол, ал кеше Қызылжар, Есіл, Шал ақын, Тимирязев және Көкшетау өңіріне шығаратын күре жол да жеңіл көліктер үшін жабылды. Бәрінің де үстінен су жүріп кетті.
Әзірге тек М.Жұмабаев ауданынан келетін тасжол ғана ашық. Бұл жолмен Ресейдің Омбы аймағына да шығуға болады. Петропавлдың әуежайына жолаушылар апаратын Бескөл бағытындағы автобустар тек жол сақшыларының бастауымен ғана жете алады. Қаланың ПД бастығы Марат Жұмалиевтің айтуына қарағанда, қала ішіндегі Ойқала, Заречный, Тері зауыты шағын аудандарына да көлікпен ешкім жете алмайды. «Қатер әлі сақталып тұр, судың деңгейі жылдам болмаса да өсіп жатыр. Қазір қала тек қайырымдылық жүктерін, азық-түлік және жанар-жағармай әкелген жүк машиналарын ғана қабылдап жатыр», деді ол.
Жексенбіде Петропавл қаласының тұрғындары 2 күн бойғы су дүрмегінен арылып, біршама тыныштықта болды. Бірақ көңіл күпті. Ойқала шағын ауданы жағынан және қаланың айналма жолынан асқан су қалаға ентелеп, көтеріліп келеді. Ауызсу мәселесін басшылық шамасы келгенше шешкен болды. Бұған дейін қалаға су айдайтын «Қызылжар су» ЖШС сорғы стансасы істен шыққанын жазған едік. Сол себепті тұрғындар ауызсусыз қалып, көпқабатты үйлерге су автоцистерналармен жеткізіліп, оны халық қаптаған кезекке тұрып алып келген. Сенбіден бастап қалаға су келе бастады. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолланың айтуынша, қалаға беріліп жатқан су екі бірдей баламалы көзден алынып, алдымен тазарту жабдықтарына, одан әрі қала құбырларына айдалып жатыр екен. «Бүгін екінші көз іске қосылды. Енді су қаланың барлық ауданына жетеді. Бұл – таза ауызсу, оның сапасына барлық сарап жасалды», деді Ә.Айтолла.
Алайда бұл сөзге көп адам сене алмай отыр. Өйткені қала әкімі Серік Мұхамедиевтің өзі алдында ғана: «Су Пестрое көлінен алынады. Бұл техникалық су, ішуге болмайды», деп жариялаған еді. Оның үстіне көптеген тұрғын Пестрое көліне су соратын қондырғы орнатылып жатқанын көрген. Әрине, көлдің суы ішуге жарамайды. Сондықтан тұрғындар дүкендердегі қара судың бәрін сыпырып-сиырып сатып алды. Қазір Петропавлдың барлық азық-түлік дүкендерінде, супер-маркеттерінде кәдімгі қара суды таппайсыз. Көкшетау мен Булаев қалаларынан таза ауызсу жүк машиналарына артылған тетрапакеттермен дүкендерге жеткізіліп жатыр. Осы жерде бір күдік бар. Егер ауызсу Есілден алынбаса, оның деңгейінің түсуіне ықпал ете алмайды. Бұл да қосымша проблема болып тұр.
Қалаға таза ауызсу жеткізіп жатқан автоцистерналар суды әзірге «Қызылжар су» ЖШС қосалқы резервуарларынан алып жатыр. Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Галина Шарипованың айтуына қарағанда, мұндағы су тексерілген, ішуге зияны жоқ.
«Қызылжар су» кәсіпорнындағы апатты жоюды ұйымдастыруға сенбі күні қатысқан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр сәуірдің 14-інен қала тұрғындарына тегіс ауызсу жететінін айтқан еді. «Судың резервтегі көзі іске қосылды. Енді қала тұрғындарына су тегіс жетеді» деген еді ол. Әйтеуір бірінші вице-премьердің сөзі шындық болып, су проблемасы азды-көп шешілгендей болды.
Бұдан бұрын Петропавл қаласының су басатын барлық шағын ауданындағы тұрғындардың эвакуацияланғанын жазғанбыз. 12 мектеп пен колледждердің спорт залдарында эвакуациялық орталықтар ашылған. Қазір онда 388 адам орналасқан. Оның ішіндегі 39 адам тасқын су кірген ауылдардан жеткізілген. Заречный кентіндегі бас бостандығынан айырылған адамдардың ішінен бір мыңдай адам қалалық мәдениет үйіне қоныстандырылды.
14 сәуірдегі мәліметке қарағанда, облыс бойынша барлығы 7 477 адам эвакуацияланған. Соның ішінде 1 308 тұрғын барлық эвакуациялық орталықтарға орналастырылған. Осы уақытта 1 751 тұрғын үйге су кірген. Қазір ТЖД мен ПД қызметкерлері Есілдің Петропавлдан төменгі жағалауына орналасқан ауыл-селолардың тұрғындарын эвакуациялап жатыр. Атап айтқанда, Қызылжар ауданына қарайтын Якорь, Большая малышка, Соколовка ауылдарының тұрғындары қауіпсіз жерлерге көшіріліп жатыр.
Бұдан бұрын, 13 сәуірде Ойқала шағын ауданына су кіргенде бір ер адамның жоғалып кеткенін жазған едік. Облыстық ТЖД жедел штабының бастығы Кирилл Иванниковтың айтуынша, ол әлі табылмаған. Ағайынды екі жігіт судың тез келеріне сенбей, эвакуацияға барудан бас тартып, өз үйінде ішімдікке бас қойып, мас күйінде ұйықтап қалған. Бөлмені мұздай су алып кеткенде ғана шошып оянған інісі ағасын оятқанымен ол тұрмайды, ал өзі үйдің төбесіне шығып кетеді. ТЖД қызметкерлері оны Чернышевский көшесіндегі өз үйінің төбесінде көмек сұрап тұрған жерінен құтқарады. Ағасының жоғалып кеткенін де сол айтқан. Әлі күнге одан хабар жоқ.
ТЖД-ның соңғы мәліметке қарағанда, Петропавл су қоймасының деңгейі бір күнде 25 см көтеріліп, 1 180 см-ге жеткен. Сергеев су қоймасындағы Есілдің деңгейі 7 см-ге түсіп, су деңгейі 1 213 см-ге азайған. Покровка ауылының түбіндегі Есілдің деңгейі – 1 455 см, Новоникольск ауылында – 1 759 см.
Тасқын басталғаннан бері облыстың аумағындағы тасжолдарды су 67 рет шайды. Соның ішінде Петропавлды айналып өтетін «Челябинск – Новосибирск» жолының бір километрін 25-30 см тереңдікпен су басып жатыр. Республикалық маңызы бар «Жезқазған – Петропавл» жолының 952-954 шақырым аралығын ұзындығы 400 метр, тереңдігі 35-40 см тасқын суы алып кеткен. Сол сияқты «Волошинка – Сергеевка – Тимирязев» автожолы, «Петропавлдың айналма жолы» және т.б. су астында.
Бүгінде Қызылжарға еліміздің түкпір-түкпірінен қайырымдылық көмектер ағылып жатыр. Астанадан, Абай, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Алматыдан және басқа да облыстардан көмек жеткізілді. Жұма күні Шығыс Қазақстан облысынан келген қайырымдылық көмекті облыстағы «Зекет және қайырымдылық қоры» қарсы алып, жапа шеккендерге тарату міндетін мойнына алды. Қайырымдылық көшін Шығыс Қазақстандағы зекет қорының өкілі Берік Қадірұлы бастап келген екен. Келген жүктің арасында жылы киім, азық-түлік, дәрі-дәрмек, т.б. заттар бар. Сонымен бірге шығыстық қарапайым азаматтар мен іскер жігіттердің жинап берген 1,5 млн теңгесі де тапсырылды.
Тағы бір үлкен фура Астанадан жетті. Оны жерлесіміз, блогер Әлібек Ермағанбетов ұйымдастырып, елордадан жеткізді. 20 тоннадай жүктің арасында құрал-жабдықтар, су сорғыштар, генератор, мотопомпа, тіпті айыр-күректерге дейін бар. Сонымен бірге азық-түлік, жылы киім, төсек-орын, жеке гигиенаның жабдықтары және 3,8 млн теңге ақшалай көмек бар.
«Ассамблея жастары» республикалық бірлестігінің белсенділері де өткен жұмада Астанадан Петропавлға жеті бірдей «Газель» машинасымен тасқын судан зардап шеккендерге жылы киімдер, тұрмыстық химия заттарын, гигиеналық бұйымдарын, азық-түліктер жеткізді.
Солтүстік Қазақстан облысы