Қарағанды бүгінде мәдениеттің алтын аймағына айналып тұр. Республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі түрлі мәдени іс-шаралар Арқа жерінде абыроймен өтіп жүр. Бірақ біздің айтпағымыз басқа. Жылына жүздеген рухани кеш өткізіп жүрген орталық бар. Олардың таудай еңбегі көбіне көрінбей, тасада қалып жатады. Шындап келгенде, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы үлкен жүк арқалап жүргенін ел-жұрт біле бермейді.
Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарайтын бұл орталық түрлі мәдени кеш өткізгеннен бөлек, ән-күйлерді таспаға басады, ақындардың өлеңдерін жинақтап, қағазға түсіріп, кітап қылып шығарады. Мұның өзі ілкімді ізденісті, қажырлы еңбекті қажет етеді. Бір жылда облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейде 26 фестивальды ұйымдастыру, оның біріне-бірі ұқсамауы үшін іздену, ол осы орталықтың қолынан келеді.
Тіпті орталық ұйымдастыратын мәдени кештер дәстүрге айналып та үлгерді. Үзбей, жылдағыдан ерекше етіп ұйымдастыру – осы ұжымның жауапкершілігінде. Бұл мәдени орталық жауапкершіліктің үдесінен үнемі шығып келеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін тоқтала кетелік, күні кеше өткен облыстық Мартбек Тоқмырза атындағы «Жымиясың сен неге?» атты әзілкештер фестиваль-байқауы үзілмей, өтіп келе жатқалы қашан. Жыл соңында өтетін Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов атындағы жылдың үздіктеріне, ақын-жазушыларына, қоғам белсенділеріне табысталатын бұл сыйлық Арқа мәдениетінің ажырамас бір бөлігіне айналғандай.
«Армысың, әз-Наурыз!» атты облыстық жас ақындар айтысын Қарағанды жұрты күтеді. «Бұқарекең жырлайды» дәстүрлі ақын-жыршылар сайысының да өз орны бар. «Сарыарқаның жаңа есімдері» облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығының байқауы арқылы жаңа таланттарға жол ашып келеді. Дәстүрге айналған «Сарыарқа әуендері» атты тағы бір байқау арқылы қазылар алқасы жер-жерді аралап, көркемөнерпаздар ұжымдарының қатысуымен тақырыптық театрландырылған концерттік бағдарламалардың куәсі болып жүр. Бұл арқылы ұлттық мұраны сақтап қалуды, мәдени ұжымдардың шеберлігін шыңдауды көздейді.
Орталықтың баспа ісіндегі бастамаларын да ауыз толтырып айтуға болады. Былтыр әнші-композитор Амангелді Ахметжановтың «Сарыарқа таланттары» жобасы аясында жарық көрген «Айналайын» атты әндер жинағының тұсауы кесілген еді. Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің домбырашысы, педагог Сәлім Ізтөлеуовтің музыкалық ұжымдарға арналған «Шыңырау» жинағы шығарылды. Міне, осы секілді із боп қалатын, ел кәдесіне жарайтын құндылықтарды дәріптейді орталық ұжымы.
Әрбір өткізетін кештің сценарийі, онда өнер көрсететін өнерпаздар, сахнаның безендірілуі, қонақтардың тізімі, оларды күтіп алып, шығарып салу, жоспарланған нөмірдің жарасымды шығуы, сахналық киімге дейін жауап беретін де – бір өзі орталық. Айрандай ұйыған ұжым бұл міндеттердің бәрін мінсіз атқарып жүр. Әсіресе орталықтың былтырғы ұйымдастырған мәдени кештері елдің аузында әлі жүр.
Балқаш қаласындағы Ақшағыл кентінде (Рембаза) Көкше теңіздің жағалауындағы «Балқаш Tourfest – 2023» фестивалі елдің есінде ерекше сәтімен қалды. Ал «Ортеке» облыстық фестиваліне барлық қала-аудан қатысты. Айтпақшы, орталық былтыр түркі халықтарының этникалық тарихы мен мәдени мұрасы бойынша білімді дәріптеу мақсатында «Ортеке» шеберлері мен орындаушылары қатысқан облыстық семинар-практикум өткен еді. Ұлы мәдениеттің көрінісі ұлықталған мұндай мәдени кешті. Орталықтың басшысы Индира Қанафина биыл халықаралық деңгейде өткіземіз деп отыр.
Балдырғандарды да назардан қалдырмай келеді. Оларға арналған бірнеше фестиваль мен мерекелік кеш ұйымдастырады. Түрлі семинар, тренинг, шеберлік сағаттарын өткізу де орталықтың басты міндетіне кіреді. Орталық ауылдағы мәдениет үйлерін үнемі назарында ұстайды. Музыкалық аспаптардың бар-жоғын, сахналық киім қорын түгендеп отырады. Бұған жауапты ұжым мүшелері табан тоздырып, жер-жерді аралап, жоғарыдағы мәселемен айналысады, яғни ауылдағы клубтардың қамымен де жүгіреді. Ұлы тұлғалардың, өнер және мәдениет қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың мерейтойын, мұнымен қоса аудан-қалалардың атаулы жылдарын атаусыз қалдырмайтын да – осы ұжым.
Осындай үлкен жүк арқалаған орталық сәйкесінше қолдауды да қажет етеді. Бұл мекеме Кеншілер мәдениет сарайы ғимаратының 210 шаршы метр аумағын (үш кабинет пен бір киім бөлмесі) паналап отыр. Сахнасы жарық-дыбыс-бейне жабдықтарымен толық қамтамасыз етілген, дыбыс жазу студиясы мен арнайы костюм бөлмесі бар жеке ғимарат болса дейді. Тіпті қаражатты сыртқа шығармай, өз ішінде шағын баспахана ашып алу ойлары бар.
Таудай еңбек етіп жүрген ұжымның талап-тілегі бүгін-ертең орындала қоймайтынын және білеміз. Біздікі – ұйысқан ұжымның көпшіліктің көзіне көріне бермейтін еңбегіне ел-жұрт қанық болса деген ой.
Қарағанды облысы