Жастар арасында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні дәстүрлі түрде тойланып келеді. Жырдағы қос ғашықтың кіршіксіз сезімі – отау құрар қыз-жігіттерге үлгі. Жетісуда осы мақсатта 15 жігіт өз сүйіктісіне ұсыныс айтып, отбасын құруға бел байлады.
«Баяғыда әжеміз жақсы көрген адамыңмен әңгімең бітпейді», деуші еді. Оны есейе келе бағамдадық қой. Халық ақыны Мұхтар Шаханов «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, Ал махаббат – таусылмайтын әңгіме» деп жырға қосқанда, көңіл бір толқыған еді. Бұдан артық не айтуға болады...
Рас, сәуір айы көктемнің ең мерейлі мезеті, бөртегүл гүлдеп, сезім оянар шақ. Осы ретте облыс әкімдігі сүйген аруына сөз салуға ниетті 15 жігіттің тілегін орындады. Тіпті жүздеген отбасын Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрына шақырып, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күніне арналған «Сезім үшін…» атты концерт ұйымдастырып берді.
Осы іске мұрындық болған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев салтанатты кештің куәсі болып, жастарға лебізін білдірді.
«Біз – дәстүрге бай халықпыз. Қозы мен Баянның тағдыры емес, бір-біріне деген риясыз махаббаты – жастарға насихат. 15 жұпқа қазағымыздың жақсы да үлгілі отбасысына айналсын деп тілек білдіреміз. Олардың енді қателесуге құқылары жоқ. Себебі осылай көпшіліктің алдында бір-біріне сөз салып, бір-біріне махаббатына берік боламыз деп уәде бергеннен кейін, сол уәделерінде тұру керек деп ойлаймыз. Жақсы отбасы болсын. Қазағымыздың тәрбиелі, өнегелі отбасылары көбейе берсін», деді М.Көлбаев.
Салтанатты жиында театр әртістері жырдан шашу шашып, көңілге жылылық ұялатар шағын қойылым қойды. Сондай-ақ 15 жұп сахна төрінде болашақ жарына сезімін білдірді. отау құруға бекінген барлық жас отбасына гүл шоқтары беріліп, «Таптым-ау сені» лирикалық драмасына билет табысталды. Солардың бірі – Б.Сырттанұлы атындағы № 25 орта мектебінің ұстазы Бейімбет Советбек.
«Мен өзім № 25 орта мектепте жұмыс істеймін. Ал мен ұнатқан қыз қаладағы № 9 білім ордасында қызмет етеді. 15-і күнін арнайы белгіледім. Сол мектептің мұғалімдерімен алдын ала келісіп те қойдым. Ғашығым сол күні ашық сабақ өткізіп жатқан сәтте сөз салдым. Ол мені көрген кезде қатты таңғалды. Ұсынысымды осылай жасадым», дейді Б.Советбек.
Ғашықтар күні қарсаңында тұңғыш рет 15 жұптың тілегі орындалған мерекелік кеш Жетісу жұртының ыстық ықыласына ие болды. Жастар іс-шараны ұйымдастырған жандарға алғаусыз ақ тілегін ақтарды.
Жетісу облысы