Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖД баспасөз орталығында болған брифингте жедел штабтың басшысы Кирилл Иванников қуанышты хабар айтты. Оның айтуына қарағанда, бүгінге дейін жұртты алаңдатып отырған Есілдің екінші тасқынының қаупі бірінші толқыннан артық болмайды екен.
«Жағдай жалпы қиын екенін білесіздер, 3 мыңдай тұрғын үйді су басты, 14 мың адамды эвакуацияладық. Әлі де Петропавл қаласының кейбір аудандары мен Қызылжар ауданының 17 аулында су тұр. Бірақ су ептеп тартылып келеді. Петропавлдың су торабындағы деңгей 27 см-ге төмендеді. Екінші толқынның көрсеткіштері біріншіден көп болмайды. Сондықтан ол жағдайды күрделендіре қоймас деп сенеміз», деді К.Иванников.
Кеше сағат 16.00-де Есілдің деңгейі Петропавл су қоймасында 1 198 см болды, бұл сегіз сағат бұрынғыға қарағанда 2 см-ге төмен. Дәл осы уақытта Сергеев су қоймасындағы су деңгейінің биіктігі 1 083 см болды. Бұл – бөгеттен асқан биіктік 283 см деген сөз. Естеріңізге сала кетсек, ол 425 см-ге дейін көтерілген еді. Демек бөгеттен асқан судың биіктігі 142 см-ге төмендеген.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен облыс әкімі Ғауез Нұмұхамбетов әлі де суда тұрған Ойқала шағын ауданын қайықпен жүзіп, аралады. Мұндағы су Есілдің деңгейі төмендесе де кетпейді, өйткені бөгетке салынған дамбалардан су аспай қалып, аудан судан арыла алмайды. Облыс әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына: «Су кеткенде бұл аудан әлі де қазаншұңқырында қала береді. Сондықтан оның суын сорғылар мен помпалармен далаға айдауды қала әкіміне тапсырып отырмын. Осы бастан бұл іске дайын болуды қатаң ескерттім», деп жазған.
Басшылар Петропавлдағы эвакуациялық бекеттерде де болып, онда орналасқан тұрғындармен кездесті. Мұндағы тұрғындардың бәрі бірреттік материалдық көмек пен суға кеткен дүние-мүліктің өтемақысы қалай төленетінін жабыла сұрады. Оған эвакуациялық бекеттерде мобильді топтар жұмыс істейтіні, олар жәрдемақы мен өтемақы төлеу мәселесімен де айналысатыны айтылды.
«Бүгінге дейін тұрғындардан бірреттік жәрдемақы алуға 2 мыңнан аса арыз түсті, олардың ішінде мыңнан астамына 400 млн теңгенің көмегі жіберілді. Ал дүние-мүлікке келтірілген залалдың шығынын арнаулы комиссия су тартылған соң есептейді», деді әкім.
Солтүстік Қазақстан облысынан сайланған сенатор Әсем Рахметова палатаның кезекті отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, тасқын судан зардап шеккендерге келген шығынды өтеу қағидаларын қайта қарауды ұсынды.
«Тасқын судан зардап шеккен өңірлерде қазіргі кезде келген залалды өтеуге және біржолғы көмек төлеуге құжаттар қарқынды түрде қабылданып жатыр. Алайда үйлері су астында қалған көптеген тұрғын мемлекет тарапынан қажетті материалдық қолдау болмай қалуы мүмкін деп алаңдап отыр. Өйткені су басқан елді мекендердегі кейбір жалға тұрып жатқандар мемлекеттен берілетін біржолғы өтемақыға қол жеткізе алмауы мүмкін. Кейбір есепшоттары бұғатталған тұрғындарға берілетін біржолғы өтемақы банктер тарапынан кредиттік қарызды жабуға ұсталып қалады», деді Ә.Рахметова.
Сондай-ақ ол залалды өтеу қағидаларына өзгерістер енгізуді, су тасқыны кезінде толық қирау не жоғалту себебінен бағалау жүргізу мүмкін болмаған тұрғын үй үшін залалды өтеу тетігін әзірлеуді, тұрғын үй емес құрылыстар мен мүлікке келген, оның ішінде су тасқыны кезінде жоғалған заттарды өтеуді енгізуді ұсынды. Сонымен бірге төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келген залалды өтеуге құжаттарды беру мерзімін 30-дан 60 күнге дейін ұзарту, жеке немесе мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға берілетін үйлерде тұратын азаматтардың мүлкіне келген залалды өтеу тәртібін айқындау ұсынылды.
Тасқын басталғаннан бері патрульдік полицейлер тәулік бойы су басқан автожол учаскелерін бақылап отыр. Есілдің бұрын-соңды болмаған тасқынында полицияның бұл бөлімшесі де күндіз-түні жұмыста болды.
«Полиция қызметкерлері екі ауысымда жұмыс істеп, су тасқыны байқалатын автожол учаскелерінде кезекшілік етті. Біздің міндетіміз – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жазатайым оқиғалардың алдын алу, құтқарушыларға жәрдемдесу және жолаушыларға жан-жақты көмек көрсету», дейді ПД ППБ командирі, полиция майоры Уәлихан Оразалин.
«ҚазАвтоЖол» кәсіпорны ПД-мен бірлесе отырып, тасқын басталғаннан бері жабық болған республикалық маңызы бар «Жезқазған – Петропавл» жолының 952-954 шақырымындағы учаскесін ашты. Сондай-ақ Петропавлды айналып кететін айналма жолдың жабылып қалған 11-14 шақырымдық аралығын да аштық деп жариялады. Қазір бұл жолдармен ауыр жүк машиналары ғана емес жеңіл көліктер де жүре бастады.
Петропавл тұрғындары қала іргесіндегі Бескөл аулына да жете алмай қалған еді. Қазір 13 шақырымдық бұл жол да ашылды. Қызылжардан Бескөлге баратын 101 автобус маршруты да жүре бастады. Осы күндері Қызылжарға 320 тоннадан аса қайырымдылық көмек жүктері жеткізілді. Соңғы 70 тоннадай жүк Павлодар мен Көкшетау қалаларынан жетті. Олардың бәрін волонтерлер қағаз қораптарға бөліп, күндіз-түні таратуға дайындап жатыр.
«Суда қалған жерлестеріміздің тағдыры мені бейжай қалдыра алмады. Сондықтан қолымнан келген көмекті жасауға тырысып, осында келдім. Мұндағы жұмыстардың ұшы-қиыры жоқ. Мен өзімнің басқа да жолдастарымды, таныстарымды шақырып жатырмын», дейді еріктілердің бірі Диас Есжанов.
Ол еңбек етіп жатқан «Радуга» ЖШС алаңына түсірілген жүк шынында көп екен. Осында «Аmanat» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Болат Данияров та жүр.
«Түсірілген жүктер бүлініп қалмасын деген де уайым бар. Ұн, қант сияқты қаптағы азық-түлік жауынның астында қалса, бәрі бүлініп қалады ғой. Соны ескеріп бәрін целлофанмен жапқызып, су кірместей етіп жатырмыз. Менің білуімше, өзіміздің тұрғындардікімен қосқанда бүгінге дейін 329 тоннаның жүгі қабылданды», деді Б.Данияров.
Орталық «Қызылжар» мешітінің аумағында көкшетаулық бауырлар иісін бұрқыратып, палау пісіріп жатыр.
«Біз қазір 300 адамды дәмді ыстық аспен тамақтандырмақпыз. Осыған дейін ауызсу жөнелткенбіз. Біздің тамақтарымыз Большая малышка аулы тұрғындарына жеткізіледі», дейді көкшетаулықтардың өкілі Ойрат Болатов.
Адал жанның бәрі осылай, жерлестерімізге жанашырлық білдіріп, жұмыс істеп жатқанда арада арамзалар да жүргенін жасыра алмадық. 47 жастағы бір әйел волонтерлердің жүктерді «Газельге» артып жатқанын көріп, дереу бейнекамераға түсіріп алыпты. Оның ойынша, волонтерлер келген жүктерді өзара талап жатқан көрінеді. Адал қырағылық болса, мұндайды полицияға көрсетуі керек қой. Жоқ, әйелдің іздегені арзан сенсация, дәлірек айтқанда арамдық екен. Өзінің түсірген жазбаларын ол WhatsApp-тағы тобына, одан әрі TikTok-ке салып үлгеріпті. Сөйтіп, жастардың жалындап көмек жасап жатқан істері ұрлық болып көрсетіліпті. Шын мәнінде, бұл «Газельге» фуралармен келген жүктердің бір бөлігін артып, «Большая малышка» тұрғындарына жіберуге дайындалып жатыр екен. Өздерін TikTok-та суыққолды біреулер деп көрсеткенге намыстанған жастар дереу полицияға хабарлап, жалақор әйел ұсталып, айыпқа тартылды. Көптің арасында осындайлар да болады, әрине.
Солтүстік Қазақстан облысы