• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 23 Сәуір, 2024

МӘМС: Жүйеге тіркелу көрсеткіші төмен

109 рет
көрсетілді

Кейінгі бірнеше жыл беде­рін­де билік әлеуметтік сала­ға баса назар аударғаны мә­лім. Алайда бес жылдан аса уақыт бұрын қолға алынған міндетті әлеу­меттік медициналық сақтан­дыру (МӘМС) мәсе­лесі әлі де жетілдіруді қажет ететінін халық қалау­лы­лары талай рет айтты.

МӘМС мәселесі Мемле­кет бас­шысының қатаң бақы­лауында. Біршама уақыт бұ­рын ол Үкімет­тің кеңейтілген оты­ры­сында ме­дициналық сақ­тандыру жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтке­ні мәлім.

Расында, қазір МӘМС жүйе­­сіне қатысты мәселе аз емес. «Әлеуметтік медици­налық сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Ләззат Әлімова келтірген дерекке жүгінсек, өткен жылдың соңындағы көр­сет­кішпен салыстыра қа­рағанда міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тіркел­меген тұрғындардың саны осы жылдың наурыз айында біршама азайған. Әйтсе де жүйеге тіркелмегендердің қара­сы 200 мыңнан асып жығы­лады. Бұл республика бойынша төмен көрсеткіштердің санатына жатады екен.

«29 наурыздағы мәлімет­ке зер салсақ, бес ай көле­мінде ақпарат­тық-түсіндіру жұ­мыстарын жүргі­зудің нәтижесінде 38 234 адам сақ­тан­дыру төлемін өтеген. Жалпы өңір бойынша сақ­тандырылмаған тұлғалардың саны 212 453 тұлғаға азайған», дейді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова.

Басқарма басшысы келтір­ген дерекке сүйенсек, халық саны көп болғандықтан, мін­детті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосыл­маған азаматтардың саны Тараз қаласында айтарлықтай көп. Өткен жыл соңындағы көрсет­кішпен салыстырғанда 13 160 адамға азайғанымен, жалпы көрсеткіш бойынша 69 мыңнан аса азамат жүйе бойынша сақтандырылмапты. Өңірдің қай ауданында болсын, міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйе­сіне қосылмаған азаматтар саны жеткілікті. Олардың қата­рында білім беру, ішкі істер бөлімдері, балабақшалардың қызметкерлері де баршылық.

«Тәуелсіз МӘМС төлемін жасайтын тұлғаларға тоқталар болсақ, ақпараттандыру жұ­мыс­тары кезін­де олардың са­ны аз екені байқалды. Төлем жасау­дан бас тартқандардың ортақ мәселесі – жұмыссыздық. Тағы бір азаматтардың МӘМС төлемдерін жасай алмауына себеп – халық тұрмысының төмендігі. Орта есеппен алар болсақ, бір отбасының асырау­шысының тапқан табысы коммуналдық төлемдерді есепке алмағанда отбасының азық-түлік, дәрі-дәрмек, басқа да қа­жеттіліктерінен артылмайтынын айтып отыр. Сақтандыру мәрте­бесі шығу үшін МӘМС төлем­дерін 12 айға төлеуге болаты­нын ескерсек, бірқатар азамат медициналық ұйымға медициналық көмекке жүгін­генде ғана төлем жасауды жөн көреді. Тұрақты жұмыспен қам­тылған, алайда сақтандыру төлем­дері жасалмаған тұлға­лар саны – 4 161. Бұл топта­ғы азаматтардың басым бөлі­гі мектептерде еңбек етсе, ба­­ла­-бақша мен ішкі істер бө­лі­м­дерінде жұмыс істей­тін­­дер де баршылық. Атал­ған мекемелердің есеп бөлім­­дері дұрыс аударым жаса­ма­ған­дықтан, қазіргі таң­да бұл тұлғаларда «сақтан­дырыл­маған» мәр­тебесі шығып тұр», дейді Ж.Оспанова.

Міндетті әлеуметтік ме­дици­на­лық сақтандыру жүйе­сіне жоғарыда айтқа­ны­мыздай, Мемлекет басшы­сы­ның өзі айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Алайда өңірдегі жұмыс деңгейі көңіл көншітпей тұр. Статистикалық дерекке көз жүгіртсек, Жамбыл облысы көш соңындағы өңір­лердің қатарында екен. Әри­не, статистика апта са­йын жаңар­­тылып тұратыны анық. Бәлкім көрсеткіш те әр жеті күн сайын аздап түзе­ле жатар. Алайда кейінгі мәлі­мет­терге қарап отырып, өңір хал­қы­ның міндетті әлеуметтік медициналық жарна төлеуге, жүйеге тіркелуге деген құлшы­нысы жақын күндері қатты артып кетеді дегенге сену қиын. Соған қарағанда Жамбыл облысы алдағы бірнеше айда ондықтың да қатарына енбей­тін секілді.

Жергілікті атқарушы би­­лік аудан­дар мен Тараз қала­­сында халық­ты міндетті әлеу­меттік меди­ци­налық сақ­­тан­дыру жүйесіне тарту бойын­ша атқарылатын жұ­мыс қарқынын арттыруға ниет­теніп отыр. Тіпті өңір басшысы Е.Қарашөкеев жұ­мысқа орналасса да меди­ци­на­лық сақтандыру жүйе­сінде сақтандырылмаған азамат­тарға түсіндіру жұмыстарын күшейту, сол арқылы «Цифр­лық отбасы картасы» ақпа­ратына мониторинг жүргізу, жұмысы жоқтарды жұмысқа орналастыру шараларын жандандыру арқылы көрсеткішті реттеуге ден қоюды жауапты ма­мандарға тапсырған. Нәти­жесі қандай болатынын уақыт көрсетер. Әзірге жағдай мәз емес.

 

Жамбыл облысы