• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Сәуір, 2024

Қалтадағы фольклор

129 рет
көрсетілді

Біраз жыл бұрын Әйгерім Исатаева мен Әлия Сәрсенова бал­­дыр­ғандарына қазақ тіліндегі сапалы балалар әдебие­тін таба алмады. Ал балалар ертегіні оқу үшін кітап­ха­на­ға барғысы келмеді. Содан кішкентай балаларды қызық­ты­­ратын форматтағы әңгімелер мен ертегілер жобасын жа­сады.

2021 жылы балаларға ұлттық фольклорды дәріп­тейтін «Qon­zhyq» мобильді қосым­ша­сы іске қосылды. Жас ұрпақтың ұлт­тық му­зы­каға, əдебиетке, мəде­ниетке, салт-дəстүрге жəне ана тілін үйренуге деген қы­зығушылығын оятуға ба­ғыт­талған қосымшада 150 мың­нан аса қолданушы бар. Бұған халық фольклорының клас­сикалық жəне заманауи алтын қорын енгізген. Онда 1 200-ден астам ертегі, зама­науи­ жəне халық əндері, түрлі аспап­тағы күйлер, бесік жырлары, классикалық жəне заманауи ақындардың поэзиясы, со­ны­мен қатар Абайдың қара сөз­­дерінің жеңілдетілген нұс­қа­сы да қоса жүктелген. Ойын фор­ма­тындағы оқу бөлімі де бар.

– Негізі бастамасы балаларды дамытатын «Қонжық Марио» атты ертегіден келді. Өзім ана болғандықтан ана тілінде контент шығаруды ойластырғанмын, бірақ уақыт өте келе қазір кітаптар үлкен сұранысқа ие болмайтынын түсіндім. Сол себепті жаңа заманға сай, барлығының ұялы телефонында болатын мобильді қосымша ре­тінде шығаруды жөн көрдік. Ерекшелігі – пайда­ланушыға ыңғайлы әрі қол­жетімді. Ата-ана «Google» мен «YouTube-ті» шарлап, қажет дүниені іздеп отырмайды. Бүкіл әлем цифрлық форматқа көшуде, біз де соған ілестік, – дейді Әйгерім.

Команданың негізгі бө­лімі өнім менеджері, екі әзірлеуші және маркетологтен тұрады. Аутсорсим «UX/UI» қызметтері, менеджер трафигі, графикалық дизай­нерлер, мазмұн менед­жер­лері де бар.

– Қосымшамызда көп­ші­ліктің құлағында жатталған ертегілер мен күйлер де, көне, көбі ести бермеген туындылар да бар. 250-ге жуық ертегі, 1 700 ән-күй және түрлі бесік жырын қосу – үлкен еңбекті талап етті. Ең жиі тыңдайтындарына келсек, Алдар көсе мен Қожа­на­сыр туралы ертегілер, «Адай», «Ақсақ құлан», «Көңіл тол­қыны» күйлері. Кейінгі ұрпаққа көп пайда алып келер мұра болуы үшін түрлі ұлттық контентпен толықтыру ойда бар. Мысалы, салт-дәстүр, жөн-жоралғылар, ұмытылып бара жатқан кәделеріміз тура­лы айтқымыз келеді. Мақал-мәтелдер, жұмбақтар – осының барлығы қосымшамызда болуы үшін жұмыс істеп жатырмыз, – деді жоба авторы.