Қызылжар өңіріне ағылған қайырымдылық керуені толастар емес. Су тартыла бастағанын білсе де, ағайын халықтың жағдайы әлі толықтай орнықпағанын біліп отыр. Міне, Жетісу өңірінен тағы да 40 тонна жүк жетті. Мұның бәрі – азық-түлік қана емес, күнделікті қажет басқа да заттар. Бұған дейін жетісулықтар еліміздің басқа да су басқан өңірлеріне 190 тонна жүк жіберген екен.
«Қайырымдылық көмегін Жетісу жұрты шын жүректен, жанашырлықпен жіберіп отыр. Игілікті іске мүмкіндігі шектеулі жандар да белсене атсалысты. Сондай-ақ «Ажар» тігін фабрикасы, Қазақстан халқы ассамблеясы, қарапайым адамдар да өз үлесін қосты. Біз осылай біріккен кезде ғана барлық қиындықты жеңіп шығамыз», дейді «Amanat» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын.
Ал Алматы облысынан «Damu Logistics» компаниялар тобынан да 45 тонна гуманитарлық көмек келді. Оның ішінде бұқтырылған ет өнімдері, тұрмыстық химия, тамақ, балалар тағамы, су және басқа тауарлар бар. «Біз 50 млн теңгеге керекті заттар әкеліп отырмыз. Оның арасында вентиляторлар, үтіктер мен төсектік-орындар бар. Көмекке мұқтаж жандар ресми түрдегі тарату орындарына келіп, керек заттарын ала алады», дейді «Damu Logistics» компаниялар тобы директорының орынбасары Арман Шәймергенов.
Жалпы, кейінгі екі аптада облысқа 1 300 тоннадан аса гуманитарлық көмек келді. Барлығы «Радуга» ЖШС қабылдау орталығына түсіріліп, сұрыпталған соң ресми тарату орындарына жіберіледі. Мұның үшеуі Петропавлда орналасса, қалғаны Қызылжар ауданында ашылған. Осы орындарда қанша ауданның қанша адамы зардап шеккені туралы тізім бар. Қайырымдылық көмек соған сәйкес таратылады. Әрбір ауданда әкімдік тарапынан жауапты адамдар тағайындалған, олар көмекті нақты зардап шеккендердің өзіне ғана беруді ұйымдастырады.
«Qyzyljar» АЭА көтергіш крандар шығарумен айналысатын ресейлік «КazКran» компаниясы да зардап шеккендерге өзінің азды-көп көмегін берді. Олар медициналық орындардың зардап шеккен қызметкерлеріне 3 млн теңгенің қаражаты мен бірінші кезекте қажетті заттарын әперді. Көпбейінді облыстық аурухананың бас дәрігері Сәкен Әмриннің айтуына қарағанда, тек облыстық аурухананың біраз қызметкері тасқыннан зардап шеккен екен. «Сондай жандарға азық-түлік, тұрмыстық химиялық бұйымдар, төсек жапқыштар, көрпе-жастық сатып әпердік», деді ол.
Зардап шеккен әріптестеріне алдымен аурухананың өз қызметкерлері орталарынан ақша жинап көмек беріпті. Бұл қаражат тұрғын үй жалдауға, дәрі-дәрмек, азық-түлік алуға жұмсалған. «Ойқала» ауданында тұрып, тасқыннан зардап шеккен Рита Мұқанова осы ауруханада қызмет істейді. «Ұжымымыздың басшысына айтар алғысым шексіз. Отбасымыздың қиын жағдайда қалғанын білген соң, ол әріптестерімнің көмегін жедел ұйымдастырды. Егер әріптестерім ақша жинап бермесе, маған тұрғын үй жалдау қиынға түсер еді», дейді ол.
Суда қалған тұрғындарға қаланы ауызсумен қамтамасыз ететін «Қызылжар су» кәсіпорны да қолынан келген көмегін беріп жатыр. Серіктестік тасқын су басқан барлық шағын ауданның тұрғындарын сәуір айының төлемінен босатты. Әрине, олар өздері де ауызсуды осы айдың алдыңғы он күнінде, эвакуацияға кеткенше ғана алған еді. Бірақ сол он күннің ауызсуы қайырымдылық көмек ретінде тұрғындардан алынбайтын болды.
Бүкіл ел болып осылай табиғат апатымен күресіп жатқанда, «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, алаяқтар да жатпайды. Олардың біразы өтірік көмек тілеп, ақша жинаған болса, енді басқа қитұрқылыққа көшуі мүмкін деген әңгіме шықты. Олар эвакуациядағы жандарға жаны ашығансып телефон соғып, сіздің зардап шегуші екеніңізді анықтау үшін СМС нөміріңіз керек дейтін көрінеді. Егер тұрғын оны беріп қалса, бірден оның атына несие ресімдеп үлгеруі мүмкін екен. Сондықтан полиция тұрғындарға жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіздер деп құлақтандырып жүр.
Солтүстік Қазақстан облысы