Еліміз зайырлы мемлекет ретінде қазақ жеріндегі түрлі этностардың еркін өмір сүріп, дәстүрі мен мәдениетін, тілі мен ділін сақтауға еш шектеу қойған емес. Алматыдағы Достық үйінің дәнекер болуымен олар ұдайы бас қосып, түрлі іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Миллиондар тоғысқан мегаполис – қаншама ұлт пен ұлысты бөле-жармай бауырына басқан киелі тұрақ.
Рухани байланыстардың ортақ алаңына айналған Достық үйінде 19 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар мұнда тіл үйреніп, түрлі іс-шара ұйымдастырады. Арнаулы үйірмелер арқылы өнерлерін шыңдап, этностарды өзара ынтымаққа ұйыстыратын маңызды жобалар қолға алынған. Биылдың өзінде бірнеше бастама қанат қағып отыр. Атап айтар болсақ, қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты танымдық іс-шара Жазушылар одағымен бірлесе ұйымдастырылған. Мазмұнды кеште түрлі этнос өкілдері арасында жазушы шығармалары насихатталып, қатысушылар қаламгердің өміріне қатысты қызықты деректерге қаныққан.
«Татулық бесігіне айналған Қазақстанымыз – ынтымақ пен ырыс мекені. Еркін елдің ертеңіне баланатын жасөспірімдеріміз қазақ халқының дәстүрін, тілін меңгеруге ынта танытатыны байқалады. ҚХА бастамасымен қазақ тілін үйренуде нәтижелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бейбітшілік, бірлік, этностардың өзара сыйластығы мен достығы – тұрақты дамып келе жатқан Қазақстанның негізгі тіректерінің бірі. Оны сақтауға бар күш-жігерімізді біріктіру – бәрімізге ортақ міндет», дейді «Үйде сөйле» жобасының негізін қалаушы, ҚХА мүшесі Александра Мыскина.
Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты этномәдени бірлестіктер мемлекет өміріндегі кез келген іргелі істе бой көрсетіп жүр. Айталық, елдегі су тасқыны кезеңінде қиындықта қалған өңірлерге олар да өз әлінше қолұшын созды. Алматыдағы этномәдени бірлестіктер апат аймағына 30 тоннадан аса гуманитарлық көмек жолдады. Әлі де құрылыс материалдары мен аса қажетті заттар тиелген бірнеше жүк көлігін жөнелтпек.
«Елдігіміз қиын кезеңде сыналады. Батыстағы, солтүстіктегі отандастарымыз баспанасынан айырылып, тосын апатқа тап болғанда қарап отыра алмадық. Ауқатты азаматтарымыз бастап, ел ағалары қостап, көмек көрсетуге асықты. Ақсақалдарымыз, зиялыларымыз осы іске бастамашы болды. Бірлігімізді осындай қысылтаяң сәтте көрсетпесек, қашан көрсетеміз. Президентіміз алға қойып отырған «Бір ел, бір халық», «Адал азамат» тұжырымдамасындағы бастамалар – бізді бір арнаға тоғыстыратын, бірлігімізді арттыра түсетін ұстанымдар. Жастарымызды еңбексүйгіштікке, отансүйгіштікке баулуға, олардың рухани тәрбиесін өрістетуге бағытталған жұмыстарға маңыз беріп отырмыз», дейді Қазақстан ұйғырлары этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдулхалил Долкунтай.
Этномәдени бірлестіктер еліміздегі этностардың азаматтық және мәдени ортақтығын, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлігін нығайтудың маңызды институтына айналып келеді. Олардың қабырғасынан қанат қаққан жобалар тиімділігін көрсетіп отыр.
– Этномәдени бірлестіктер қызметінің бірегей мақсаты – Қазақстан халқының бірлігін нығайту, азаматтардың саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға қатысу, Қазақстан халқының дәстүрін, тілі мен мәдениетін ілгерілету және дамыту. Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында, Ұлттық құрылтай отырыстарында және Қазақстан халқына Жолдауында айтылған идеялары – Достық үйлері жұмысының мақсат-міндеттерін қалыптастыру кезінде негізгі тірек әрі бағдар. Этномәдени бірлестіктердің қызметі мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, қазақ тілінің рөлін біріктіретін заңдар мен саяси институттарды құрметтеу, «Әділетті Қазақстан – Адал Азамат» идеясын ұстану, ортақ мәдениет, ортақ тарихи сана қалыптастыру сияқты маңызды қағидаттардан құралған. Бүгінгі таңда ЭМБ өз қызметінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың жаңа тетіктерін дамыту, этносаралық өзара іс-қимыл арналары мен алаңдарын кеңейту, қазақ халқының Қазақстан халқы бірлігінің тарихи, саяси және мәдени өзегі ретіндегі интеграциялық рөлін нығайту сияқты аса маңызды мақсаттар мен міндеттерді іске асырады, – дейді МАМ ЭҚДК республикалық Достық үйінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Нұрсәуле Альтекова.
Этномәдени бірлестіктерге қарасты жастар ұйымдары волонтерлік бастамаларда ұдайы бой көрсетеді. «Таза Қазақстан» акциясында олар мыңнан аса көшет отырғызып, саябақтар мен алаңдарда тазалық жұмыстарын жүргізген. Жастар арасында дәстүрлі түрде өтетін мәдени байқаулар кең өріс ала бастаған. Мәселен, биыл мұндай ондаған іс-шара өткізіліпті.
«Қазақ пен қырғыз – тарихы теңіз, тамыры егіз халықтар. Бауырлас елдердің бірлігін насихаттайтын мәдени іс-шаралар бірлестікте ай сайын өтіп тұрады. Жамбыл мен Тоқтағұл, Сүйінбай мен Қатаған секілді жыр алыптарының мұрасын жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында жыр сайысы өтті. Одан бөлек, биыл Алматыда өткен «Адамзаттың Айтматовы» атты әдеби кешке еліміздегі барша этномәдени бірлестік белсене қатысты. Сондай-ақ «Әуезов және Айтматов: қырғыз-қазақ руханиятының алтын діңгектері» атты халықаралық конференция бірнеше елдің ғалымдарын тоғыстырған игі басқосу болып, әдебиет пен мәдениеттің маңызды мәселелері сараланды», дейді «Мұрас» қырғыз этномәдени бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Манас Ташыбеков.
«Барбанг» күрдтер қауымдастығының мүшесі Мурад Смайлов Қазақстан халықтарының ынтымақ күні барша этнос өкілдері асыға күтетін, өздерінің дәстүрі мен мәдениетін, өнерін паш ететін айрықша мереке екенін айтады. Қазақстанның «Вайнах» шешен және ингуштар қауымдастығы, «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестігінің өкілдері де бұл күнге қызу дайындалған. Биылғы мерекеде олар су тасқыны болған аймақтарға қолдау көрсету мақсатындағы іс-шараларға басымдық берілетінін айтады.
Алматы