• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Сенат 03 Мамыр, 2024

Көктемгі қарекет кешіге ме?

40 рет
көрсетілді

Сенаттың жалпы отырысында сенатор Арман Өтеғұлов бастаған бір топ депутат Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Мұндағы негізгі мәселе – өңірлердегі су тасқынының салдарынан кешіккен көктемгі егіс жайы. Рас, қазір Үкімет төтенше жағдайлардан болған шығынның орнын толтыру үшін бар мүмкіндікті қарастырып жатыр. Дегенмен де көктемгі егіс науқанының кешігуі күзгі жиын-теріннің сапалы болуына кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан су шайған өңірлердегі жердің геоботаникалық жағдайының төмендегені, оған құнарландыру жұмысы қоса жүруі шарт.

Депутаттардың ойынша, ке­ше­гі су басқан жердің көбі астық егетін өңірлер болғандықтан, көктемгі егіс уақтылы бас­тала ма деген сұрақ туып отыр. Ал бау-бақша, көкөніс өсірушілер мен сая­жай серіктестіктерінің жағдайы өте нашар. Олардың техникалары, суару жүйелері, трансформаторлары бүлінген, жылыжайлары бұзылған, егіс алқаптары су астында қалған. Қала маңындағы халықтың табыс көзі бау-бақша мен көкөніс егу екенін ескерсек, төтенше жағдайдың әсері тапшылыққа, одан соң бағаның күрт өсуіне де әкелуі мүмкін.

«Деректер бойынша Ақтөбе, Қостанай мен Солтүстік Қазақ­стан облыстарында 200 тоннаға жуық тұқым қоймаларын су бас­­қан. Өкінішке қарай, Ауыл шар­уа­шылығы министрлігінде бүгінге дейін еліміздегі су астында қалған егістік жер туралы нақ­ты мәлімет жоқ. Батыс Қазақ­стан облысында жалпы 4 мың гек­­тарға жуық күздік және 1 гек­­тар жылыжай су астын­да қал­ғаны анықталды. Сонымен қатар ТМД елдерінде теңдесі жоқ сирек кездесетін ағаш, өсімдіктері бар бақты су басқан. Осы бақты сақтап қалу үшін мемлекет тарапынан тиісті қолдау қажет. Су тасқыны топыраққа жақсы ылғал бергенімен, құнарлы қабатының эрозияға, басқа да келеңсіз жағдайларға әкелетіндігін ұмыт­па­ғанымыз жөн. Осыған байланысты топырақты өңдеу мәселесіне баса назар аудару қажет», дейді Арман Өтеғұлов.

Сарапшылардың пікірінше, біздегі топырақтың сіңіргіштігі өте зор. Бір гектар дұрыс өңделген топырақ 1000-нан 2000 текше метрге дейін суды қабылдай алады. Елдің солтүстік облыстарында егістік алқабы 15 миллион гектар болса, бұл аймақ кем дегенде 15 текше шақырым ылғалды сіңіре алады.

Отырыста тасқын кезінде шы­ғын болған төрт түлік саны да айтылды. Сондай-ақ уақтылы жүргізілген шаралар нәтижесінде 133 730 бас ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз аймақтарға көшірілген.

«Республиканың 6 облысын­да­ғы шығынға ұшыраған мал саны қазіргі таңда 8 372 басты құрап, комиссия жұмысының нәтижесінде бүгінге 8 058 бас расталды. Республикалық штаб­тың хаттамасымен жануар­лар­дың шығынын өтеу алгоритмі бекітіліп, соған сәйкес барлық мал иелеріне өтемақы төлене бастады. Дегенмен тұрғындар тарапынан шығынға ұшыраған малдың өлексесі табылмай қалғанда, тір­кел­мей, ен са­лын­ба­ған жағ­дайда тиісті өтемақыны қалай аламыз деген са­­уал туындауда. Осыған орай мемлекет қандай да бір табиғи апат кезінде өз мүлкін, ауыл шаруашылығы жан­уар­ларын жоғалтқан азаматтардың құ­қық­тарын қорғап, өтемақы төлеу мәсе­ле­сі бойынша нақты құ­­қықтық база қалыптастыруы қажет», дейді сенатор.

Мал шығыны демекші, осы жерде қырылған малдың өлек­се­сінен бөлек, аса қауіпті инфекциялар бойынша мәселе бар. Мысалы, су басқан аймақтар – Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 10 сібір жарасы көмілген мал қорымын су шайған. Алынған сынамалар теріс нәтиже көрсетіпті. Бірақ қауіпті инфекция көрші мем­лекеттерден келген ағын су арқылы таралуы мүмкін екенін де естен шығармау керек сияқты. Сон­дық­тан бұл мәселені үнемі бақы­лау­да ұстаған дұрыс.

Арман Өтеғұловтың сөзінше, жауапты министрлік суды сақтау, жинау тетігін қарастыру керек. Шаруалар тасыған суды жинау үшін өздерінің шағын су қоймаларын құруға дайын. «Сондықтан мамандандырылған жобалық институт сапалы, тиімді жобалар жасап, мемлекеттік құрылымдармен тез арада келісім жүргізулері қажет», дейді ол.

Отырыста Үкіметке су басқан өңір­лер­дегі бүлінген егістік көлемі және қанша егістік жер айналымнан шық­­қа­ны, қанша ауыл шаруашылығы техникасы суға кетті, оларды қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізілуде деген сұрақтар жолданды. Сондай-ақ егіске үлгермеген шаруаларға алмаған пайдасының қалай өте­ле­тіні, лизингтік кредиттерін кейінге қалдыру, тасқыннан зардап шеккен агроқұрылымдарға қандай мемлекеттік қолдау болатыны туралы мәселе де айтылды. Бұған қосымша Үкімет тарапынан су тас­қы­ны салдарынан зардап шеккен ай­мақ­тардағы азық-түлік тауарлары баға­сы­ның өсуін қадағалау шараларын кү­шейту туралы да сөз болды.