Мектеп жасында алғаш оқыған кітабымның бірі – батыр Бауыржан Момышұлы туралы жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогі еді. Қазір Бәукең жөнінде қаншама зерттеу бар, ал біз өмір сүрген кеңес кезінде ол кісі хақында халық айтпаса, ресми орындар көп насихаттамайтын.
«Ақиқат пен аңыздан» соң батырдың өз кітаптарын және қазақ қаһарманы туралы жазылған Александр Бектің кітабын оқып, Екінші дүниежүзілік соғыс шындығын там-тұмдап білдік. Біз «Азаттық» («Освобождение») атты көркем фильмді көргенді ұнататынбыз. Осы қан майдандағы аталарымыздың (ішінде Әлия мен Мәншүктей апаларымыз да бар) бәрі біз үшін халық батыры еді.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін өз еркіммен әскерге сұранып, Жамбыл қаласынан кеңес әскері қатарына алындым. Облыс орталығынан ұшақпен сол кездегі одақ астанасы Мәскеу қаласына жеттік. Содан бізді Латвияның орталығына пойызбен алып келді. Ригаға жеткен соң сапаржайдан ауыр әскери машиналармен Адажидегі (Гауя өзенінің сол жағалауы) сержант даярлайтын әскери гарнизонға апарды. Мен сол жерде кеңес одағының түкпір-түкпірінен келген жоғары білімді азаматтармен 9-ротаға түстім. Ротада 104 сарбаз болдық. Арада төрт ай өткеннен кейін Рига қаласындағы Жоғары әскери оқу орнынан дәріс оқуға бір топ офицер келді.
1985 жыл. Желтоқсан айы. Гарнизонның оқу залы. Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Әскери дәріс басталды. Дәрісші – майор шеніндегі офицер. Сабаққа кірісер алдында даусын кенеп қойып: «Араларыңда Қазақстаннан келген азаматтар бар ма?» деп сұрады. Біз үш жігіт орнымыздан атып тұрдық. Біреуміз Арқалықтан, екіншіміз Шымкенттен дегендей, алдында танысып үлгергенбіз... Бұдан кейін әлгі офицер: «Іштеріңде Жамбыл облысының азаматы бар ма?» деп сұрады. Мен әскери тәртіппен «Дәл солай!» деп саңқ ете қалдым.
Сонда дәрісші майор: «Сіз даңқты атаңызды лайықты мақтан ете аласыз! Бүгінгі дәрісіміздің тақырыбы – «Бауыржан Момышұлының тактикасы» деп, сабағын бастап кетті. Мен ғана емес, сол кезде жанымдағы екі жерлесім де қуаныштан төбеміз көкке екі елі жетпей тұрды. Елімізден 4,5 мың шақырым жердегі Балтық бойы жұртында тегі, есім-сойы бөлек кәсіби сардар біздің Бәукең – халық батыры Бауыржан Момышұлы туралы және оның қолбасшылық шеберлігі жөнінде дәріс оқығалы тұр. Түсімізде емес, өңімізде!
«Бауыржан Момышұлының тактикасы – Жеңісті жақындатқан, қан майданда тәжірибе мен шеберліктен туған соғыс тәсілі...» деп бастады сөзін майор. Содан кейін Мәскеуді қорғаудағы жауапты кезеңді, қолда бар әскери техника мен сарбаздардың санын, сондай-ақ сол шешуші шайқасқа дейінгі соғыс амалдарын айта келіп, «Момышұлы тактикасы бұрын болмаған тәсілді жүзеге асырды. Бұл – әскери теорияны тәжірибемен жаңғыртқан тың, тосын қадам еді» деді.
Баяндамашы сол дәрісті тыңдап отырған бүкіл ротаның алдында тактиканың жоспарын, жүзеге асуын, нәтижесін тақтаға сызып көрсетті. Осы дәріс үстінде қан майданда қазақ жауынгерлерінің абыройын көтеріп, даңқын асырған Б.Момышұлы ерлігін естіп, құйқамыз шымырлап, жүрегіміз дүрсілдеді.
Орыс офицері Бауыржан атамыздың шешуші соғыстағы сара жолын білгірлікпен, біліктілікпен, тіпті адами-ұстаздық сүйіспеншілікпен түсіндірді. Бұл жағдай роталас жолдастарымыздың алдында беделімізді одан сайын асқақтатып жіберді. Біз, Қазақстанның үш сарбазы, отаншылдық сезіміміз оянып, көпке дейін марқайып жүрдік.
Әскерден келген соң, газет-журналдан Бәукеңнің азаматтық ерлігі бейбіт заманда да жалғасқанын оқып-біліп, батырдың сан ғасырда бір туатын тұлға екеніне әбден көзіміз жетті.
Әуез БӘЙДІБЕКОВ,
техника ғылымдарының докторы, профессор