Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президент атынан жанқиярлық және жемісті еңбегі үшін Костенко атындағы шахта жерасты учаскесінің электрослесарі Айбар Қосановты ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапаттады.
Жоғары дәрежелі марапатты табыстаған аймақ басшысы Айбардың ерлігін айта өтіп, құттықтауын жеткізді.
– Айбар қырағылық танытты. Ол осы шахтада болуы мүмкін қайғылы оқиғаның алдын алды. Ел Президенті марапаттау туралы шешім қабылдады. Шын жүректен құттықтаймыз! Ерен еңбегіңіз үшін рахмет, ата-анаңызға осындай еңбекқор ұл тәрбиелегені үшін алғыс айтамыз, – деді Е.Қабдулаұлы.
«Qarmet» компаниясының басшылығы да қызметкерлерін мемлекеттік наградамен құттықтап, ақжарма алғысын білдірді.
Өз кезегінде мемлекеттік марапат алып мерейі тасыған Айбар Қосанов ел Президентіне еленген еңбегі үшін және жоғары марапаты үшін ілтипат сөзін жеткізді.
– Мен үшін бұл күтпеген тосын әрі қуанышты жағдай. Бұл біздің бүкіл ұжымның ортақ сыйы деп білемін. Сол күні мен әдеттегідей жұмысымды атқарып жүрген едім. Оқыстан тараған түтін туралы естіген бетте бірден 700 метрге тұра жүгірдім. Қаулаған қара түтінді көргенде екі өрт сөндіргішті алып, ошаққа қарай ұмтылдым. Сол кезде ештеңе ойлап та үлгермедім. Бар ойым тек ондағы адамдарды құтқару еді, – дейді марапат иесі.
Айбар Қосанов – Шет ауданының тумасы. 38 жаста. Костенко шахтасының электрослесарі болып жұмыс істеп келе жатқанына үш жыл болды. Отбасында екі бала тәрбиелеп отыр.
Костенко атындағы шахта директоры Денис Дымовтың айтуынша, мұндай әрекетке кез келген адам бара бермейді. Қауіпсіз жерден 750 метрлік төмендіктегі оқиға ошағына дейін жанұшырып бару – көзсіз ерлік. Ол шапшаң әрекет етіп, конвейер штрегіндегі түтінді жалғыз өзі ауыздықтаған. Бұл, тіпті, оның міндетіне кірмейді екен.
Естеріңізге сала кетейік, 2 мамыр күні кешкілік Костенко атындағы шахтадағы К3 қабатының 4-конвейерлік штрегінің айналасынан түтін шыққан. Жедел әрекет нәтижесінде оқыс жағдай тез арада жойылған. Бұл ретте эвакуациялау жоспарын енгізу әрі кеншілерді жер бетіне шығару туралы шұғыл шешім қабылданды.
Бұл жағдайдың орын алу себебі төменгі кенептің ролигіне бөгде заттың түсуі болып шықты. Роликтің жұмысы бұғатталып, салдарынан конвейер таспасында түтін тараған.
Қарағанды облысы