• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Мамыр, 2024

Экзотикалық жеміс өсіруді қолға алмақ

63 рет
көрсетілді

Қазір кәсіп бастаймын деген адамға ешқандай кедергі жоқ. Қайта қайтарымсыз грант алған азаматтар кәсібінің аясын кеңейтіп, табыс табудың түрлі жолын қарастырып жүр. Тірліктің көзін тапқан Жамбыл ауданына қарасты Ерназар аулының тұрғыны Ермұхан Әжіғат әуелі жылыжайда құлпынай өсіруді қолға алған екен. Арада аз уақыт өткенде экзотикалық жеміс өсірудің жолдарын қарастыра бастаған.

Ұзақ жыл бойы Алматы қаласында еңбек еткен ол біршама уақыт бұрын алтын бесік ауылына оралуға бекініпті. Кәсіп бастап, табысқа кенелуді мақсат тұтқан азамат өткен жылы 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз грант алып, бір сотық жерге құлпынай еккен. Алайда жылыжайда жайқал­ған құлпынайы ауылдастарынан артылмаған. Бір сөзбен айтқанда, нарыққа шығару үшін қазіргі жылыжайының аумағы айтарлықтай аз болып тұр.

«Қандайда бір кәсіпті иге­ремін деген азаматқа мемлекет тарапынан қолдау көп қой. Қазіргі кезде билік ауыл адамдарына айрықша назар аударып жатқаны мәлім. Сол үшін де туған ауылыма қайта оралдым. Алысқа кетіп нәпақа іздегенше, ауылға келіп тірлік бастауды мақсат тұттым. Ізденістің ізіне түсу арқылы жаңа бір істі бастаған жайымыз бар. Құлпынайды өсіру мен үшін еш қиындық тудырған жоқ. Италияның «клэри» тұқымын көрші өңірден әкеліп өсірдік.

Шынын айтсам, құлпынайды нарыққа шығару үшін бір сотық жерге орналасқан жылыжай аздық етеді екен. Іс барысында осыған анық көзім жетті. Сарыағаштық азаматтар кем дегенде 4-5 сотық жерге орналастырған жөн екенін бекер тұспалдамапты. Алайда мен бұл жұмыстың басы болғандықтан,  ақырын жүріп анық басқанды жөн санадым. Нәтижесінде, біз өсірген құлпынай ауылдағы ағайыннан артылмады. Жергілікті жұрт едел-жедел сатып алып жатты. Осыған қарап-ақ құлпынай өсіру жақсы бизнес екенін түсінуге болады», дейді Ермұхан Әжіғат.

Е.Әжіғаттың айтуынша, кәсіпті өркендету үшін қосымша қаражат керек. Ол үшін әрине, несие алуға тура келеді. Алайда жаңа­дан кәсіп бастаған азаматтар жеңілдетілген көмекке қол жет­кізгісі келетіні анық. Сол арқылы бастаған ісінің аясын кеңейтуге, жергілікті азаматтарды жұмысқа тартуға мүмкіндік тумақ.

«Бірер жыл бұрын біздің облыста басталған қанатқақты жоба қазір еліміздің көптеген өңірінде іске асырылып жатыр. «Ауыл аманаты» деген атауымен ауылдықтарды жарылқай бастаған сол жоба біздің ауылға жетпей тұрған жайы бар...

Шынын айтқанда, біз де екі жарым пайыздық мөлшерле­ме­мен несие алып, кәсібімізді одан әрмен дамытқымыз, ісіміз­ді өркендеткіміз келеді. Жергі­лікті атқарушы билік осы мәсе­леге назар аударса деген тілек көк­ейде атой салып тұр. Кәсібі­міз неғұрлым іріленсе, соғұр­лым адамдар да жұмыспен қамтылады. Қазір жобаға енген өзге ауылдарға қызыға қарап отырмыз», дейді ол.

Бағбан азамат банан мен мандарин секілді экзотикалық жемісті қалай өсіру керектігін көршілес Түркістан облысының шаруаларынан үйреніп қайтыпты. Білікті мамандар өткізген тренингке қатысып, жаңа істің қыр-сырын жақсылап меңгерген ол банан мен мандарин өсірудің маңызы зор деп есептейді.

«Бір жарым сотық жерде банан мен мандарин көшеті өсіп тұр. Бұйыртса бұл жұмысымыз да оң нәтиже береді деген үмітіміз зор. Сол үшін тынбай тер төгіп жатырмыз. Бананды өзімізде өсіріп, қолымыздан келгенше бәсекеге қабілетті орта қалыптастырсақ деген ниетіміз бар. Бұл өз кезегінде халық үшін тиімді болмақ. Көршілес елдерден әкелген жеміс жол-жөнекей тым қатты қымбаттап кетеді. Ал өзімізде өсірсек, баға бақылауда болады. Сол үшін де қамданып жатырмыз. Жергілікті жұрт сырттан келетін тауарға тәуелді болмаса екен.

«Жалпы алғанда жылыжай салу – оңай жұмыс емес. Бұған анық көзім жетіп отыр. Ең бастысы жылыжай ішіндегі ылғал мен температураны қалыпты деңгейде ұстап тұру керек. Әуелі жерді тереңдетіп қазып, арнайы жылу мен жарық желілерін жүргізуге тура келді. Тамшылатып суарудың да өз мехнаты аз емес. Оны шаруа азаматтар жақсы біледі. Барлық істі сәтімен атқарған соң ғана құлпынай өсіріп, бағымызды сынап көрдік. Ал бананның тұқымын Сарыағаштағы жігіт­терден сатып алдық. Енді бұл жұмысты да мықтап қолға алсақ деген ниетіміз бар. Қысқасы, кәсіпті кеңейтуді жоспарлап отырмыз», дейді ол.

Қалай десек те, Алматыдағы цехтардың бірінде дәнекерлеуші болып еңбек еткен азаматтың жаңа кәсіпті бастауға тәуекел еткені көңіл қуантады. Бұл қадам талайға үлгі болса керек. Оның айтуынша, құлпынай бизнесі қаңтар айында қатты қызады екен. Нарыққа шыға­ру үшін жылыжай аумағын кеңейтудің маңызы зор. Әйтпесе тағы да ол өсірген құлпынай ауыл тұрғындарынан артылмайтын секілді. Әзірге негізгі тұтынушылары – ауылдастары. Дерекке сенсек, жергілікті тұрғындар ауыл азаматынан құлпынай сатып алып, «шоколад ішіндегі құлпынай» атанып кеткен жеңсік ас даярлап, саудалап жүр екен.

 

Жамбыл облысы,

Жамбыл ауданы