Әр адамның азық-түлік, баспана, денсаулық, білім секілді негізгі өмірлік қажеттіліктерге материалдық ресурсы жеткілікті болуы шарт. Тұрмысы төмен, тиісті білімнен, сапалы медициналық көмектен тыс қалған азаматтарын есіркемейінше ешбір ел қоғамды дамыта алмасы анық. Жаһанның жанды жері болып отырған кедейлік проблемасы – еліміз үшін де өткір сын-қатердің бірі. Оны ойдағыдай еңсеруге тек дұрыс стратегия, мүдделі тараптардың бірлескен күш-жігері керек.
Қарапайым игіліктерге үнемі мұқтаждық кедейді қамкөңіл етіп, өз өміріне әсер ететін күнделікті шешімдерді басқара алмайтын дәрменсіз халге түсіреді. Ішер ас, киер киім, қолайлы баспана секілді базалық қажеттіліктерге қолжетімділік шектеулі болған жерде қалыпты тыныс-тіршілікті елестету қиын. Жұмыссыздық, әлеуметтік қызметтерге қолжетімсіздік адамды өнімді өмір сүру мүмкіндігінен айырады.
Кедейлік тек тұрақты түрде күнкөрісті қамтамасыз ету үшін кірістің жетіспеушілігінен ғана емес, халықтың осал тобының жалпыға бірдей әлеуметтік-экономикалық өмірге толыққанды араласа алмай, қоғам үдерісінен оқшау қалуынан да көрінеді. Бұл құбылыс кез келген ел үшін әлеуметтік құндылықтардың таяздауымен, ортақ мүдделердің ыдырауымен қауіпті. Теңсіздіктің белең алуы экономикалық өсуге, қоғамның біртұтастығына нұқсан келтіреді. Демек әрбір мемлекеттің күн тәртібінен түспейтін кедейлікпен күрес мәселесі халықтың әлеуметтік осал топтарын атаулы қолдау, ұзақмерзімді әлеуметтік міндеттемелерді қамтамасыз ету, кедейліктен туындаған жағымсыз әсерлерді азайту, кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру тұрғысындағы ауқымды да дәйекті іс-шараларды қамтуы керек. Мұның аясында орнықты және инклюзивті экономика, қоғам белсенділігі мен халықаралық ынтымақтастық шешуші рөл атқарады.
2000 жылдан бері әлемде кедейліктің таралуы екі есеге азайғанымен, дамушы елдердегі он адамның бірі халықаралық кедейлік шегінен төмен деңгейде (күніне 1,90 доллар) жан бағып жатыр. Сондай-ақ миллиондаған адамның табысы осы мөлшерден сәл асады. 700 миллионнан аса адам тақыр кедей күйінде әлі де денсаулық, білім, су ресурстары мен санитарлық сияқты ең маңызды қажеттіліктерді қанағаттандыруда қиындықтарға тап болып отыр. Кедейліктің етек жаюы адам құқықтарының толық, тиімді жүзеге асырылуына да кедергі келтіреді. БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу жолындағы іс-қимылы кедейлікті түпкілікті жою халықаралық қауымдастықтың басты басымдықтарының бірі болып қала беретінін білдіреді. Кедейлікпен күрес елдер, үкіметтер, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам арасындағы кешенді тәсіл мен ынтымақтастықты талап етеді. Кедейлік деңгейін төмендетуден бастап азық-түлік қауіпсіздігіне дейін көптеген өзекті бағыт түрлі дағдарыс салдарынан күрделене түскен қазіргі жағдайда әлем үкіметтері ОДМ, соның ішінде ешкімді қиын жағдайда қалдырмау жөніндегі негізгі міндеттемелерге бейілділігін шұғыл растауы қажет. Бұл ретте кедейлікке қарсы мемлекеттік бағдарламалар 2021 жылы күрт жанданған. Бірақ мүлдем артта қалғандарды қамту үшін мұндай тұжырымдамаларда адамдарды кедейлік тұзағына түсіретін өзара байланысты шектеулердің бүкіл желісі терең зерделеніп, ескерілуге тиіс.
Ауқатты елдердің өзін айналып өтпеген кедейлік пен теңсіздік дамушы аймақтарға екібастан тән. Бұл құбылыс аясында әлеуметтік әлсіз топтардың қарқынды өсуімен бетпе-бет келіп отырған еліміз де бірқатар жетістікті қайта саралаумен қатар жаңа сынақтарға да дайындалуға мәжбүр. Мәселен, өткен жылдың қорытындысында ресми дерек бойынша елімізде кедейшілік шегінен төмен деңгейде өмір сүріп жатқандар саны 500 мыңнан (111 мыңға жуық отбасы) асқан. Ресми түрде елімізде табысы биылғы қаңтардан бастап 43 407 теңге көлемінде белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен адамдар кедей саналады. Жарты миллионнан аса адамның айлық табысы 28 мың теңгеге жетер-жетпес, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аз болған. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі былтырғы 3-тоқсанда 5,6 пайызды құрады. Сөйтіп, айлық табысы жан басына шаққанда 51 750 теңгеден аспайтындар саны 1,1 млн адамға жеткен. Сол мерзімде осы қатардағылардың күрт көбеюі Түркістан облысында (9,6 пайыз) тіркелді. Кедейлік деңгейі Жетісуда 1,6 пайыздық тармаққа едәуір өсіп, 9,3 пайызға барды.
Кедейлік қаупіне үй шаруашылықтарының көлемі қатты әсер етеді. Осылайша, адам саны бесеуден асатын отбасылар арасында кедейлік деңгейі былтырғы 3-тоқсанда 10 пайызды құраған, бұл жалпы кедейлік деңгейінен екі есе артық. Кейінгі бірер жылда елімізде қажетінше пайдалы және сіңімді азық-түлік сатып ала алмайтындар саны ұлғайды. Халықтың аз қамтылған санаттары арасында тойып тамақтанбаудың таралуы бірден бірнеше пайыздық тармаққа 6,7 пайыздан 8,4-ке өзгерді. Отбасы айына қандай өнім түрлерін және қанша мөлшерде тұтынатынын егжей-тегжейлі зерттеу халықтың ең осал бөлігі етті – 5,5 пайыз, сүт өнімдерін – 8,2 пайыз, сары майды – 6,8 пайыз, тәттіні 9,2 пайыз аз жей бастағанын байқатқан. Ресми түрде кедейлік деңгейі былтырғы 2-тоқсанда 5,1 пайызға дейін төмендеді. Егер абсолютті көрсеткіштерді қарастыратын болсақ, 2018 жылдан бастап күнкөріс деңгейінен төмен табыспен өмір сүретін үй шаруашылықтарының саны азайған жоқ.
Экономикалық жағдайдың айтарлықтай нашарлауы мен тұтыну бағалары индексінің жоғарылауы ең төменгі жалақы деңгейін өсіруге түрткі болатыны түсінікті. Бұл ретте елімізде ең төменгі жалақының 21,3 пайызға өсуі инфляциялық үрдістің әсерін біршама жеңілдетті. Ең төменгі төлем мөлшері осы жылға қарай 85 мың теңгеге дейін өсті. Дегенмен айтарлықтай жақсарғанына қарамастан, бұл өлшем неғұрлым дамыған мемлекеттердің, сондай-ақ жан басына шаққандағы ІЖӨ бізге қарағанда экономикасы төмен дамушы кейбір елдердің көрсеткіштерінен әлі де болса кенже қалып отыр. Елдегі экономикалық ахуал тұрғысынан келгенде бірқатар зерттеу ең төменгі жалақыны халық арасындағы кедейлік деңгейін төмендету құралы ретінде пайдаланудың тиімсіздігін топшылайды. Яғни ең төменгі жалақы 2023 жылдың соңында 5,1 пайызға өссе де, бұл кедейліктің төмендеуіне әкелмеген. Кедейлік шегі халықаралық стандарттар бойынша қабылданғаннан әлдеқайда төмен деңгейде белгіленген. Нәтижесінде, кедейлікте өмір сүретін адамдардың нақты саны ресми танылғандардан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін. Әсіресе бұл табысы ең төменгі жалақымен реттелмейтін және әдетте жалдамалы қарым-қатынастағылардың табысынан едәуір төмен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты. Осыны қаперге алғанда, дұрысы – әлеуметтік қорғауға және өмір сүрудің жалпыға ортақ деңгейін қамтамасыз етуге тікелей ықпал ететін халықтың неғұрлым осал топтарына бағдарланған қолдау жүйесін іске қосу.
Еліміз халықтың әл-ауқатын тұрақты арттыруға негізделген әлеуметтік саясатты үздіксіз жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы белсенді шаралардың нәтижесінде 2001-2021 жылдар аралығында кедейлік деңгейі, яғни табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 46,7 пайыздан 5,2 пайызға дейін төмендеді. Бұл үдерісте «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңның қабылдануы ерекше рөл атқарды. Осы құжат арқылы белгілі бір объективті себептерге (жасына, еңбекке уақытша жарамсыздығына, денсаулық жағдайына, жұмыстың болмауына және т.б.) байланысты өз өмірінің жағдайын қамтамасыз етуде қиындықтарға тап болған аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету көзделді. АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлемдер түріндегі қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
Индустриялық дамудың жаңа кезеңіне өту барысында қолданыстағы ең төменгі әлеуметтік стандарттарды қайта қарау, АӘК-ті күшейту, пассивті көмектен белсенді саясатқа көшу, еңбек белсенділігін және қиын өмірлік жағдайды еңсеру үшін отбасылардың күш-жігерін ынталандыру қажеттілігі қалыптасты. Осыған байланысты 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы жүйесі түзетілді. Негізгі бағдар еңбекке ынталандыру, аз қамтылған азаматтардың табыстары мен мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге арналды.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, былтыр және осы жылдың 1-тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алған 58 445 отбасы мемлекеттік қолдау шаралары арқылы кедейлік жағдайынан шығып отыр. 2023 жылы жалпы сомасы 59,4 млрд теңгеге – 114,1 мың отбасы (598,4 мың адам), 2024 жылдың үш айында 7,8 млрд теңгеге 58,8 мың отбасы (312 мың адам) АӘК алды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірлік бөліністе АӘК алушылардың ең көбі Түркістан облысында – 27 мың отбасы (23,7%), Шымкент қаласында – 12,7 мың отбасы (11,2%), Алматыда – 9,5 мың отбасы (8,3%), Қызылорда облыстарында – 9,4 мың отбасы (8,2%). АӘК алушылардың ең аз саны Ұлытау – 538 отбасы (0,5%), Атырау – 1,1 мың отбасы (0,9%), Солтүстік Қазақстан облыстарында 1,6 мың отбасы (1,4%) байқалды. АӘК алушылардың құрылымында басым көпшілігі балалардың үлесіне келеді – 65,4% немесе 391,2 мың адам, жұмыс істейтін азаматтар – 15,1% немесе 90,6 мың адам; балаларды, қарттарды және мүгедектігі бар адамдарды күтетін адамдар – 12,4% немесе 74,2 мың адам; қалған 7,1%-ы азаматтардың басқа санаттарына жатады.
Сала басшысы Светлана Жақыпованың айтуынша, кедейшілік шегінен төмен деңгейде өмір сүріп жатқан 91 мыңнан аса азамат жұмыс істеуге қабілетті. Мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алу үшін отбасының жұмыс істей алатын мүшесі жұмысқа орналасу немесе басқа мамандықты меңгеруге уағдаласуы керек. Осымен мемлекет мұндай азаматтарды тек жәрдемақы төлеумен қолдап қана қоймай, олармен міндетті жұмысқа орналастыру бойынша әлеуметтік келісімшарт жасайды.
Мысалы, Ақтөбе облысында көпбалалы отбасы мемлекеттік қолдау шаралары аясында былтыр 400 АЕК немесе 1 млн 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, шағын наубайхана ашқан. «Біз жұбайым екеуміз 6 бала тәрбиелеп отырмыз, жолдасым «Қазпоштада» жұмыс істейді. 2018-2019, сондай-ақ 2022-2023 жылдары АӘК алушы болдық. Былтыр қайтарымсыз грант алғаннан кейін мен жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. Қазір екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз», дейді Шалқар қаласының тұрғыны Жанаргүл Нағиметова.
Қостанай облысының тұрғыны Кристина Рогожникова да қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастады. Ол отбасымен бірге 2021 жылдан 2023 жылға дейін АӘК алып келген. «Мен маникюр саласына келуді көптен бері ойластырып жүрдім, себебі өзімді дәл осы бағытта сынап көргім келді. Мансап орталығының кеңес беруімен «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқудан өттім. Әрі қарай мен 1 млн 380 теңге көлемінде грант алып, кабинет ашып, жұмысымды бастап кеттім», дейді кәсіпкер келіншек.
Бүгінде көптеген ел азаматтардың денсаулық сақтау, білім беру қызметтеріне, жеке тұрғын үй мен тұрақты табысқа қолжетімділігін назарға алып, кедейлік деңгейін анықтаудың көп өлшемді үлгісін қолдана бастаған. Осының негізінде елімізде атаулы әлеуметтік көмекті жетілдірудің маңызы зор. Жуырда ең төменгі айлық жалақы мөлшерін айқындауға инновациялық тәсілдің енгізілуі де – әлеуметтік үдерістердің бір орында тоқтап қалмай, үнемі ілгері жылжып, дамып отыратынының көрінісі. Мемлекеттік саясат деңгейінде бекітілген жаңашылдық халықтың орташа табысы мен олардың еңбек өнімділігін бағалау туралы өзекті деректерді пайдалана отырып, ең төменгі жалақы мөлшерін дәл анықтауға мүмкіндік туғызды. Кедейлікті азайтуға ұмтылу елдегі экономикалық және әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған ықпалды да ұзақмерзімді шараларды қамтиды. Оның аясында Үкімет пен қоғамдастық халықты әлеуметтік қорғауды нығайту, кедейлік деңгейі жоғары аймақтардың экономикалық дамуын ынталандыру, сапалы жұмыс орындарын құруға жәрдемдесу, шағын және орта бизнесті қолдау, білім беруді дамыту бағытында неғұрлым белсенді тәсілдерді игеруі керек.