Контейнерлік тасымалдау сегментіндегі тәуекелдер мен шешімдер отандық логистика әлеуетін арттыруда аса маңызды болып тұр. Сарапшылардың айтуынша, көптеген көлік компаниялары логистика саласындағы активтерге – терминалдарға, жылжымалы құрамға назар аудара бастады. Соған қарамастан елімізде логистикалық активтер тапшылығы сақталып отыр.
РТС Holding басшысы Тимур Қарабаевтың айтуынша, біз әлі жаһандық контейнерлеудің төмен сатысындамыз.
«Экономиканың дамуы тек технологиялық және басқарушылық дамуды ғана емес, сонымен қатар шетелдік компаниялармен тең жағдайда бәсекеге қабілетті логистиканы жетілдіруді де көздейді. Ішкі нарықтағы тауарлардың 50%-ы – импорттық өнімдер. Бұл қарапайым тұтынушы үшін тиімді, бірақ өнеркәсіптік тұрғыдан ел экономикасына қауіп төндіреді. Мұның себептері негізінен логистиканың жетіспеушілігінде жатыр», деді маман «ЕСЭ ASIA-2024» халықаралық контейнерлік форумында.
2023 жылғы қаңтар-қараша айларында Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдау 2022 жылмен салыстырғанда 21%-ға өсіп, 29 млн тоннаны құрады. 2023 жылы барлығы 980,7 млн тонна жүк тасымалданды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4,4%-ға артық. Салаға құйылған инвестиция көлемі бір жарым еседен астам өсіп, 1,8 триллион теңге болды. Олардың басым бөлігі тасымалдау көлемі мен сапасын арттыру үшін инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады.
Баяндамашы назар аударған екінші мәселе – мультимодальды тасымалдауды дамыту қажеттігі. Мұнда транзиттік тарифтер бірнеше көлік түрлерімен тасымалданатын жүктерге қолданылады, олар айтарлықтай жоғары.
«Логистикалық сегменттің негізгі активі – терминалдар мен жылжымалы құрамдар. Онсыз жұмыс алға жүрмейді. Қазір логистикалық активтер ғана емес, жылжымалы құрам, құрал-жабдықтар мен қоймалар жетіспейді. Бұл жекелеген елдерде емес, дамыған елдерде де жиі байқала бастады. Бірақ контейнерлік терминалдар әлі де салынуы керек, біз қазір осылай істеп жатырмыз. Менің ойымша, терминалдар бүкіл көлік жүйесінің ең маңызды элементі болып саналады», дейді Т. Қарабаев.
РТС Holding басшысы осы ретте вагондарды сатып алу мен жөндеудегі қиындықтарға да назар аударды. Оның пікірінше, бұл мәселені ұлттық оператор (ҚТЖ), мемлекет және мамандандырылған бірлестіктер деңгейінде шешу керек. Сонымен қатар терминалдарды ғана емес, қоймаларды да белсенді түрде салу, технологияға назар аудару қажет.
«Жылдам шешімдер – бұл технология. Қосымша қаражат салмай-ақ инфрақұрылым тапшылығы мәселесін жылдам шешуге мүмкіндік беретін жартылай вагонды пайдалану – осы технологиялардың бірі», дейді.
«Исткомтранс» компаниясының коммерция және даму жөніндегі бас директорының орынбасары Виктор Иванов геосаяси турбуленттілік Орталық Азиядағы көлік ағындарының инфрақұрылымын өзгертіп жіберді деген ой айтады.
«Тасымалдау жылдамдығы бойынша дамыған елдердің көрсеткіштеріне қолжеткізуге мүмкіндік беретін тетіктер де, кедергілер де жеткілікті. Осы сегменттегі инфрақұрылым әбден тозған. Тасымалдау жағынан дамыған елдердің көрсеткішіне жеткізетін жалғыз мүмкіндік – инфрақұрылымды, локомотивтерді жаңарту», дейді ол.
Сарапшы сөзінше, Алматы айналасындағы елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту арқылы шаһар мен облыстың жүгін жеңілдетуге болады. «Біздің болжамымыз бойынша, 2024 жылы Қазақстанда барлық бағыт бойынша шамамен 2,3 миллион жиырма фут эквивалентті бірлік (TEU) контейнерлер тасымалданады» дейді Виктор Иванов.
«РЖД Бизнес Актив» АҚ бас директоры Вячеслав Сараев Ресейде де, Қазақстанда да контейнерлеу деңгейі айтарлықтай төмен дейді.
«Екі ел де дамудың бастапқы сатысында тұр. Бұл бағытқа салынған кез келген қаржы өз жемісін береді. Бірақ уақыт мәселесі әлі де қалады. Ол пысықталып жатыр және қазірдің өзінде келіссөздер белсенді жүргізілуде. 2022 жылы Ресейден Қазақстанға бар болғаны 0,1 мың контейнер жөнелтілсе, 2023 жылы оның саны 3 мыңға жетті. Жүктерді контейнерлеу деңгейі Ресейде де, Қазақстанда да жоғары деңгейде дамымаған, сондықтан контейнерлік ағынды ұлғайту мүмкіндігі бар. Былтыр елдер арасындағы тауар айналымы тағы бір рекорд орнатты, ал компания өз тарапынан контейнерлік қызметтердің санын көбейтуге және бизнес қажеттіліктері үшін жаңа логистикалық шешімдер табуға дайын», дейді В. Сараев.
Сарапшы айтып өткендей, Қазақстан мен Ресей арасындағы контейнерлік тасымалдау байланыстарында Оңтүстік Кореяның орны бөлек. Пусан портынан Қиыр Шығыс порттары арқылы өтетін транзиттік маршруттардың бір бөлігі ретінде автокөліктерден басқа, құрал-жабдықтар мен басқа да халық тұтынатын тауарлар жеткізіледі. Былтыр Кореядан Қазақстанға барлығы 3,7 мың контейнер жіберілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4,7 есе көп. 2024 жылдың бірінші тоқсанында оң динамика сақталды – осы бағыт бойынша 1,2 мың тонна жүк тасымалданды, бұл 2023 жылдың осы кезеңінің деңгейінен 1,5 есе көп.
«Біз Шығыс полигонындағы кептелістерді жеңілдету үшін балама бағыт ретінде Қазақстан арқылы Ресей мен Қытай арасындағы транзиттік тасымалдауды дамытуға мүдделіміз. «Достық» және «Алтынкөл» шекара өткелдеріндегі жүк ағындарын жоспарлауда «Қазақстан темір жолы» мен оның еншілес кәсіпорны «KTZ-Express» компаниясының ерен еңбегін атап өткен жөн. Біз өзара іс-қимылымыздың тиімділігін жоғары бағалаймыз және осы салалардағы стратегиялық серіктестіктің одан әрі нығаюына үміт артамыз», деп атап өтті Вячеслав Сараев.
Контейнерлік тасымал саласындағы ірі бизнес іс-шара 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Оған Ресей, Қытай, Қазақстан, Түркия, Тәжікстан мен Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияның өзге де елдерінен 150-ден астам компания қатысты. Форум шеңберінде «Жаһандық контейнерлендіру: сын-қатерлер мен перспективалар» тақырыбында панельдік және «Көліктік-логистика және кедендік декларация. Өзекті міндеттер мен практикалық шешімдер» тақырыбында практикалық сессиялар өтті.
Екінші күні Алтынкөл – Қорғас шекаралық өткеліне таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылып, форум қатысушылары «Алтынкөл» стансасын, «Нұрлы жол» өткізу пунктін, «KTZE-Khorgos Gateway» құрғақ портын аралады.
АЛМАТЫ