Мемлекет басшысы сәуір айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.
Шымкент қаласының кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Болат Қарабаев осы заңдардағы өзгерістер мен кәмелеттік жасқа толмағандардың істері бойынша статистикалық мәліметтерді баяндай келіп: «Президент Жолдауында әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды тапсырған болатын. Бұл заңдар Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар, Президент жанындағы әйелдер істері мен отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдері, балалар құқықтары жөніндегі уәкілдердің, Парламент палаталары отырыстарының қызу талқылауларынан кейін қабылданды. Жаңа өзгерістерге сәйкес әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылып, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді», деді. Сонымен қатар судья Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің денсаулыққа қасақана зиян келтіру және ұрып-соғу баптары алынып, қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылғанын түсіндіріп өтті. «Денсаулыққа орташа және ауыр зиян келтіру жауапкершіліктері қатаңдатылды. Неке және отбасы, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу, балалардың рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған», дейді ол.
Судьяның мәлімдеуінше, отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша 111 байланыс орталығы іске қосылған. Онда ақпараттық-анықтамалық, психологиялық қызмет түрлері көрсетіледі. Осы байланыс орталығына әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаумен шұғылданатын мемлекеттік органдар қабылданған өтініштер бойынша атқарылған жұмыстар туралы мәлімет беруге тиіс. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсететін отбасын қолдау орталықтарын құру заңнама тұрғысынан бекітілді. Жаңа өзгертулерге сәйкес өзін-өзі өлтіруге итермелегендер, ықпал еткендер, оны насихаттағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағандарға, бас бостандығынан айырғандарға енді жаза қатаң. Балаларға қысым көрсеткендерді, яғни буллинг, кибербуллинг жасағандарды әкімшілік жауапкершілік күтіп тұр. Кәмелеттік жасқа толмағандар қылмыс жасап қойса немесе оларға қатысты жасалса, білім беру ұйымдары тез арада оны құқық қорғау органдарына хабарлауға міндетті. Жаңа заң бойынша 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды. Бұл әрекетке 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Судья Б.Қарабаев кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа 2024 жылдың 3 айында 2 025 арыз келіп түскенін мәлімдеді. Былтырғы есеппен салыстырғанда, арыздар 90%-ға көбейген. Арыздардың дені неке және отбасы дауларына қатысты мәселелерді қамтиды. Олардың дені – неке бұзу, мүлік бөлу, балалардың тұрғылықты жерін анықтау, әкелік құқықтан айыру, шектеу, алимент өндіру сынды мәселелер. Арыздардың 90 пайызға көбею себебі бұрын кейбір санаттағы істер жалпы сотта қаралатын. Былтыр қыркүйек айынан бастап аудандық соттар біріктіріліп, неке және отбасыға қатысты арыздарды қарау кәмелеттік жасқа толмағандар істері жөніндегі сотқа жүктелді.
Маманның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықта бұрын әйел жеңіл дәрежедегі соққы алса, әкімшілік жауапкершілікте қаралып, іс көбіне қысқарып кететін. Енді мұндай қылмыстық іске тікелей сот құқықтық бағасын береді. Ал балалар құқығы мен жауапкершілігіне байланысты айтсақ, 2024 жылдың І тоқсанында 43 адамға қатысты 27 қылмыстық іс келіп түскен. Осылардың ішінде балалар қолымен жасалған ұрлық, тонау, кәмелет жасына толмағандардың бір-бірімен жыныстық қатынасқа түсуі немесе балаларды зорлау, оларды азғындық жолға итермелеу секілді қылмыстар бар. Сонымен қатар сот түнгі уақытта көше кезіп жүрген балалардың жауапкершілігіне байланысты әкімшілік істі қарап, сол бойынша ата-анасына тиісті шара қолданылды. 2024 жылдың 3 айында кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі сотқа 56 әкімшілік іс келіп түскен. 50 іске сот айыппұл салу шарасын қолданған.
Судья 16 жасқа дейінгі балалар арасында жыныстық сипаттағы қылмыстардың кейінгі жылдары көбейіп бара жатқаны алаңдатарлық жағдай екенін айтты. Оның негізгі себептерінің бірі ретінде маман балаларды бұзып жатқан әлеуметтік желі екенін атап өтті. «Виртуалды әлем балалардың санасын улап, жастайынан қылмысқа итермелеп жатыр. Лудомания – ойынқұмарлық та оқушыларды өзіне тәуелді ететін жаман әдеттің бірі. Балаларды осы теріс қылықтан сақтау мақсатында сот мамандары Әділет департаментімен бірлесіп, мектептерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Тіпті ажырасу деректерінің артуына, суицидтің орын алуына осы ойынқұмарлық кесірін тигізіп отыр», дейді Б.Қарабаев.
Кәмелеттік жасқа толмағандардың істерін қарайтын сот органындағы басты проблеманың бірі – судьяларға жүктелетін қызметтік жүктеменің көптігі. Мәселен, қалалық сотта штат бойынша төрағамен қосқанда 7 судья болуы керек. Алайда төраға орны қазір бос тұр. Бос қызмет орнына конкурс жарияланған. Алты судьяның бесеуі азаматтық іс қараса, бір судьяның жауапкершілігіне қылмыстық, әкімшілік істер жүктелген. Бүгінге дейін сотқа 3262 іс келіп түссе, 1003 іс өндірісте. Судья Б.Қарабаевтың айтуынша, Астана қаласында 1,5 млн халыққа кәмелеттік жасқа толмағандар ісін қарайтын 15 судья қызмет көрсетсе, 1 млн 250 мың тұрғыны бар үшінші мегаполисте олардың саны 5-6 ғана. Мұндайда жүктеменің көптігі судьялардың еңбек өнімділігі мен жұмыс сапасына кері әсерін тигізері анық
ШЫМКЕНТ