Өңір өндірісінің тамырына қан жүгірейін деді. Белсенділік пен жаңашылдық лебі әр саладан сезіледі. Соның бірі – тұрмыстық химия өндірісі. Бұл бағыт аймақта енді қолға алынып, жолға қойылып келе жатыр. Солардың қатарындағы «Wectrade» кәсіпорнының тұрмыстық химиясы сұранысқа ие. Өнеркәсіп күнделікті тұрмыста пайдаланатын қажетті өнімнің барлық түрін шығарады.
«Wectrade» кәсіпорнынан кір жуатын гельдің, сұйық сабынның, мата жұмсартқыштың, тазалыққа қажеттілердің түр-түрін табасыз. Қол сүртетін майлықтар, қоқыс салатын пакеттер, батарейкалар, асүйге қажетті жабдықтарды да өндіреді.
Өндіріс жетекшісі Александр Будницкий кәсіпорынды алғаш құрғаннан бастап көздегеніміз нарыққа сапалы өнім шығару еді дейді. Ойлағандары оңынан келген кәсіпорын халықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп келеді. Тауарларын өздерінің интернет-дүкені арқылы саудалайды. Тіпті тиімді етіп үйге дейін жеткізу қызметін қосып қойған. Қарағандымен қанаттас қалалардан бөлек, Астана мен Алматының сұранысын да қанағаттандырады.
– Компаниямыз жеті жылдан бері жұмыс істеп келеді. Автохимия өндірісін аз көлемде бастадық. Тұрмыстық химия өндіре бастағанымызға үш жыл болды. Қазір айына 150 тонна дайын өнім шығарамыз. Жалпы, 50-ден астам өнім түрі бар. Импорттық жабдықты, шикізатты шетелден сатып аламыз. Сапаны бақылауға арналған жеке зертхана бар. Бастапқыда шағын цех едік. Кейін мекенжай ауыстырып, кең аумаққа орналастық. Аумағымыз кең. Өте ыңғайлы. Өндірісті одан әрі дамыту үшін мүмкіндіктер бар, – дейді өндіріс жетекшісі Александр Будницкий.
Өндіріс орны іргелі кәсіпорындармен келісім жасасып жатыр. Алдағы уақытта осы аумақта өндірілетін тұрмыстық химияны «Qarmet», «Kazakhmys» секілді алпауыттар тұрақты түрде сатып алып отырмақ.
Өндіріс ошағы – бұрынғы машина жасау зауытының орнында. Бұл аумақ осы уақытқа дейін бос жатыпты. Бұл күнде кәсіпорынның пайдасына жарап тұр. Шағын өнеркәсіптік аймаққа облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.
Шағын өнеркәсіп аймағының аумағы шамамен 13 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда әртүрлі бейіндегі 10 кәсіпорын орналастырылған. Осы аумақта құбырлар мен жылыту қазандықтары, тұрмыстық химия жасалады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов аймақ басшылығы кәсібін дөңгелетемін дегендерге барлық жағдай жасалғанын айшықтап айтты.
– Біздің басты міндетіміз – отандық тауар өндірушілерді қолдау. Осы бағытта одан әрі жұмыс істейтін боламыз. Тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз ету мақсатында шағын және орта бизнеске жағдай жасауымыз керек. Облыста тоқтап тұрған ғимараттар базасында тағы да бірқатар шағын өнеркәсіптік аймақтар құруды жоспарлап отырмыз. Өтінімдер түсіп жатыр. Биыл облыста жалпы сомасы 250 млрд теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылуда және 3 500 жаңа жұмыс орны құрылып жатыр. Бұл ретте импортты алмастыруға, бәсекеге қабілетті өндірістер құруға баса назар аударылады, – дейді А.Тайжанов.
Қарағанды облысы