Бес жылдан кейін елде бірнеше мамандық иелеріне сұраныс күрт артуы мүмкін. Сарапшылар 2024-2030 жылдарға арналған ортамерзімді болжам жасап, мемлекетке аса қажет болатын 25 мамандық тобын түзген.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) сарапшы мамандары білікті кадрларға деген сұранысты екшей келе, бесжылдықта зәрулігі айқын білінетін 25 мамандықты атады. Есепшілер (93 мың адам), күзетші, инкассатор (77 мың), дүкен сатушылары (77 мың), көлік жүргізушілері (44 мың), әлеуметтік ғылымдар мектеп мұғалімдері (35 мың), күтім бойынша орташа медициналық персонал (33 мың), балабақша тәрбиешілері (32 мың), жаратылыстану ғылымдары бойынша орта мектеп мұғалімдері (31 мың), жалпы бейінді кеңсе қызметкерлері (30 мың), бастауыш сынып мұғалімдері (26 мың) алдыңғы ондықта тұр. Бұған қоса мекеме, ұйым, кәсіпорындардың басшысы лауазымына да жетекші жетіспеушілігі сезілуі мүмкін. Жылжымайтын мүлік агенттері, жүк көлігін және автобус жүргізушілері, такси қызметін ұсынушылар, аспаз, құрылыс саласындағы әрлеуші, сантехник те таптырмайтын маман иесі атанбақ.
Базалық сценарий бойынша жалдамалы жұмыс күшіне зәрулік те күшейеді. Мамандар 7 жылдың ішінде оптимистік өлшеммен алғанда кадрларға деген қоғамның сұранысы күрт артып, 2,2 миллион адамға жетуі мүмкін деген байлам жасайды. Ал пессимистік сценарий бойынша 1,2 миллион адам болуы мүмкін. Урбанизация үш мегаполис – Алматы, Астана, Шымкент қалаларында қарқынды жүретіндіктен де жалдамалы жұмыскерлердің қажеттілігі еселеп артып, республикалық көрсеткіштің 26%-ына жетеді деп болжанып отыр. Орталық пен шығыс және солтүстік өңірлерде жұмыс күшіне сұраныс басқа облыстармен салыстырғанда айтарлықтай төмен болмақ. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының директоры Дмитрий Шумеков жалдамалы жұмыскерлерге деген сұраныс 2027 жылы күрт артып, болжамды қажеттілік 285 мың адамға жетеді деген пікір айтады. Ал 2030 жылы сұранысқа ие кадрлар 288 мың адамға көбеймек. Қоғамдық қызмет секторында жалдамалы жұмыскерлерге сұраныс білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару саласында еселеп артып, 248 мың адамнан 641 мың адамға жетуі мүмкін. Сондай-ақ тауарларды тасымалдау, тарату өрісінде жұмысшыларға сұраныс жоғары болады. Ақпарат және байланыс, қаржы секторы, сақтандыру, жылжымайтын мүлік операциялары, кәсіптік және ғылыми қызмет, әкімшілік мамандарына да сұраныс ұлғаяды. Өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы сынды бағыттарда да жұмыс күшінің қажеттілігі айқын аңғарылады.